Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Мақалалар

Қысқа қайырымдар


Эссе-этюдтер топтамасы

- І -

Қытайдың дәнішпан ойшылы Күңзы (Конфуций) осыдан аттай 25 ғасыр бұрын: «Бір адамды екі қайтара сынаудың қажеті жоқ. Себебі, адам табиғаты өзгермейді. Адамды неше қайта сынауға уақыт жоқ, өмір қысқа» деген екен. Сол сөздің көңіліме қонғаны сонша, соңғы жылдары мен осы қағиданы ұстанумен келемін. Жас ұлғая келе менің өз тәжірибем де Күңзы өсиетінің ақиқаттығын сан рет растады. Кейде адамды бағалау үшін, оның бір ауыз сөзі де жетіп жатыр. Турашыл ма, жалтақ па, өзімшіл ме, көпшіл ме, айлакер ме, адал ма, айтқан сөзінен-ақ байқалып тұрады. Күңзы сыншылдығының жақсы жағы – талғамыңды өсіреді екен. Жаман жағы – таныс-біліс, дос-жарандар қатарын күрт азайтып жібере ме, қалай?

Соған бір мысал: менімен көптен араласып, сыйласып жүрген бір әдебиетші ғалым бар-тұғын. Ғылым докторы, профессор. Оқта-текте менің шығармаларым жайында мақалалар жазып, ұнамды пікір айтып жүретін сол ғалыммен осы бертінге дейін аман-сәлеміміз түзу еді. Әсілі, адамдарды алыстататын да, жақындастыратын да – сөз ғой. Ақыры, әлгі ғалымның бір ресми газетке басылған жарамсақ мақаласы арамыздағы сыйластықтың тас-талқанын шығарды... Мақала бастан-аяқ жағымпаздық рухта жазылған. Жәй жарамсақтық болса бір сәрі, ондайға етіміз өліп кетті ғой. Мына мақала бүкіл тарихты жоққа шығарады. «Сталинге тең таппай, қиналған Жамбыл жер осы» дегендей, профессор бүгінгі мемлекет басшысын жеті қат көкке неше рет шығарып, оның гимін мәтініне қосқан үш жол өлеңін мақтауға сөз таппай келеді де: «Соңғы сегіз ғасырда қазақ елін қазақтан шыққан үш-ақ адам биледі. Олар – Шаяхметов, Қонаев, Назарбаев» депті.

Осы жолдарды оқығанда, қаным бірден басыма шапты. «Ау, ағайын, о заманда, бұ заман, мұндай да сорақылық болады екен!». Бәлкім, менен басқа сабырлы, көнтерілі біреу болса, «Е, мейлі, бұл күнде жұрт не айтпай жатыр? Ол да күн көріс үшін өзінше бірдеңе айтқан шығар» деп қоя салар ма еді, қайтер еді. Ал мен, Күңзының шәкірті, төзіп отыра алмадым. Бірден телефон құлағына жармастым.

- Шәке, бүгінгі мақалаңызды оқыдым, – дедім қысқаша аман-саулықтан кейін. – Ау, ағасы-ау, пайғамбар жасынан асқанда осыншама өтірікке қалай жол бердіңіз?

- Иә, не боп қалды? Не бүлдіріппін? – деді ол да бірден белін бере қоймай.

- «Соңғы сегіз ғасырда қазақ елін қазақтан шыққан үш-ақ адам биледі» депсіз. Сонда қалай болғаны? Сіздіңше, қазақ жеке шаңырақ көтерген XV-ғасырдан бері бұл елді ешкім билемеген бе? Қазақ руларын одан-бұдан құрап, ел қылған хандарымыз қайда қалады? – дедім ызадан жарыла жаздап.

- Сенің айтып тұрғаның – қазақ емес, Шыңғысхан әулеті – монғолдар ғой! – деді профессор алған бетінен қайтпай.

Қап, мынаған не десем екен? Мынаның бітеусанасына сәуле түсетіндей, жеріне жеткізе бірдеңе айтуым керек шығар.

- Ал, Шыңғысханды монғол деп кім айтты сізге? Оның тегі – қыпшақпен туыс қият қой! – дедім мен бойдағы ашу-ызаны барынша тежеуге тырысып. – Сіздің ойыңызша, тұңғыш рет қазақ туын көтеріп, қазақ мемлекетін өз қолдарымен құрған Әз Жәнібек пен Керей хандар қазақ емес, қазақ қонысын төрт тараптан бірдей кеңейтіп, түтін санын миллионға жеткізген Қасым хан мен Қақназар хан қазақ емес, шығыстағы иеліктеріміз үшін Ақсу ханы Әбдірашитпен теңсіз соғыста тоғыз ұлымен бірге шейіт болған Тоғым хан қазақ емес, қазақ жерін қызғыштай қорғап, түстікте Бұхар мен Хиуаға қарсы, шығыста жоңғар қалмақтарына қарсы жан-жақты майдан берген Тәуекел баһадүр хан мен ер Есім хан, Салқам Жәңгір хандар қазақ емес, одан бергі қазақтың «Жеті жарғысын» жасаған Әз-Тәуке мен XVIII-ғасырда қазақ жерін жоңғардан тазартқан, Ресей мен Қытай империяларын ақыл-парасатымен ұстап тұрған Абылай хан қазақ емес, ең соңында бақайшығына дейін қаруланған басқыншы орыс әскерімен ұдайы он жыл соғысып, ел азаттығы жолында басын берген Кенесары хан қазақ емес... Ендеше, айтыңызшы: біз сонда кімді қазақ дейміз? Орыс авторларының шатты-бұтты жазғандарын жаттап алып, тоты құсша қайталап тұрған – мына сіз бе нағыз қазақ? Олай болғанда, қазақтың күні біржола батты демейсіз бе?!

- Саған өзі не керек? Сонда маған не айтпақсың? – деді профессор тұтыға тіл қатып. Менен жеті-сегіз жас үлкен, сонысын пайдаланып, өктемсіп тұр. Шекесі шытадай жұқа, аққұбалау кісі еді, ашуға булығып, өрттей қызарып кеткенін қиял көзімен көріп тұрмын.

- Айтайын дегенім: Бүгінгі газетте басылған өрескел қатеңізді түзетіп, баспасөз бетінде халықтан кешірім сұраңыз! Әйтпесе...

- Иә, әйтпесе не болады екен?

- Әйтпесе халықтың қарғысына ұшырайсыз. Тасқа басылған мына сөзіңізді оқып, кейінгі ұрпақ бетіңізге... Кешіріңіз, жерге түкіреді...

- Плюрализм деген бар емес пе? Менің өз пікірімді айтуға хақым жоқ па? – деді профессор ышқына айғайлап.

- Хақыңыз жоқ! Ұлы аруақтарды қорлаған, ұлтқа опасыздық жасаған адамға плюрализм жүрмейді, – дедім мен әңгімені аяқтағым келіп. – Егер қателігіңізді мойындап, райыңыздан қайтпасаңыз, бұдан былай менен сәлем күтпеңіз! Бір адамға жағыну үшін, аруақты қорлап, ұлтын сатқан адамға сәлем бергім келмейді!

Профессор сол райынан қайтпаған күйі қалды. Сорлы, ол да – пенде ғой. Артынан тексеріп көрсем, өзінше жоғарыға жағынып, тәуір қызметте жүрген баласын қорғаштаған түрі екен. Көрдіңіз бе, бір баласы үшін бүкіл аруақты сатып отыр... Ал, біздің арамыз сол күйі суып кетті. Жасы сексенге таяған қартты қайталап сынауға уақыт жоқ. Кездескен жерде, бейне танымайтын адамдай, үн-түнсіз өте шығамыз.

- ІІ -

Осы бір оқиғаның өткеніне де отыз жылдан асып кеткен болар. Ол кезде мен республикалық «Жазушы» баспасында қызмет істейтінмін. Майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықовтың даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлы өмірін өзек еткен «Ақиқат пен аңыз» романы баспа төңірегінде үлкен дау тудырып, біразымызды әуіреге салып жатқан кез. Мен сол даудың жуан ортасындамын. Өйткені даулы кітаптың жауапты редакторымын. Қолжазбаны мұқият қарап, қолымды қойып, өндіріске жолдағаныма біраз уақыт болды. Бірақ ол ары қарай жылжымай, бас редактор Есет Әукебаевтың алдында жатыр.

Өздеріне салса, баспаның басшылары (директор – Ә. Жұмабаев, бас редактор – Е. Әукебаев) бұл романды шығарғысы жоқ. Олардың артында Момышұлының «достары», Нұршайықовтың «достары», менің «достарым» топтанып тұрғаны анық. Кітапты тоқтатса, бір оқпен бірнеше қоянды атып алуға болады. Айтатын желеуі жеткілікті. Өйткені кітапта бұрын еш жерде айтылмаған Бәукең туралы ақиқаттар бар. Мәселен, Бәукеңді соғыс жылдарының өзінде үш мәрте батыр атағына ұсынғаны, олардың фото-копиялары, Момышұлының орыс генералдарынан көрген қорлығы, және өзінің қалайша генерал шенін ала алмағаны, т.б... Осы фактілер халыққа там-тұмдап жете берсін деп, мен кітапқа әдейі жібергенмін. Ал, баспаның басшылары сол шындықтарды сүзіп алып қалмақ.

Әзекең, Әзілхан Нұршайықов бұрын бір рет жүрек талмасына ұшыраған екен. Біреумен сәл дауласса жүрегі сыр береді де, тілінің астына валидолын салып, үйіне қайтып кетеді. Мен ақыры баспаның редакторы емес, Әзекеңнің адвокатына айналдым... Сонымен, не керек, қолында билігі барлар жеңді. Баспаның басшылары «Ақиқат пен аңызды» қалағанынша түзеп, кей жерлерін аямай күзеп, кейін баспаханада кітап теріліп, түптеліп жатқанда да, неше рет «выдерка» жасатып, 1976-жылы ақыры кітап етіп шығарды ғой. Кітаптың қайта терілген, жыртылған шығындарын менің мойныма жазды. Мен жарты жылға жуық толық жалақы ала алмай жүрдім. Мұның бәрі менің ғұмырнамалық романында қамтылғандықтан, оны қайталамай, тақырыпқа қатысты бір мәселеге ғана тоқтала кетейін.

Көзқарас алшақтығынан туған осындай тартысты жағдайлар үшін, бұрын да алған ескертулерім бар-тұғын (ол кезде түбі жұмыстан кетіретін адамды осылайша ескертулер жасап, жардың жиегіне апарып қоятын-ды). Мына жағдайдан кейін, өз міндетіне жауапсыз қараған қызметкер ретінде, мені жұмыстан қуатын болды. Бұрын біреуге шағымдану әдетімде жоқ еді. Мына жағдай шымбайыма батып кетті де, шиеттей бала-шағаның қамы үшін, сол кезде баспа саласын басқаратын министрге арыз айта бардым.

Ол кезде мен жоғарыда отырған шенеуніктер түгел дерлік мансап дертіне шалдыққан зағип жандар екенін білмейтінмін. Халықтың қамын ойлайтын, шетінен ұлтжанды, білікті адамдар деп санайтынмын... Сол оймен министрге баспа басшыларынан көрген зәбір-жапамды тізбелеп айтып жатырмын ғой, бағы. «Ақиқат пен аңыздың» жақсы кітап екенін, Бауыржандай ұлт қаһарманын қанша насихаттасақ та артық болмайтынын айта бастағаным сол еді:

- Жә, жетер! – деп министр менің сөзімді бөліп жіберді. – Осы сендер «Бауыржан-Бауыржан» дейсіңдер. Кім ол соншама көкке көтеретіндей? Ол бір «Совет одағының батыры» болса екен-ау! Бес жыл соғыста жүріп алғаны – «Қызыл жұлдыз» ордені ғана... Менің орынбасарым Бегимовтың алған ордендері одан әлдеқайда көп... Осы сендер қолдан құдай жасағанды қашан қоясыңдар?

Сол тұста жалғыздық көріп, сәл басылып жүргенім болмаса, менде де біраз кеуде бар болатын. Қорлыққа шыдап тұра алмайтын аруағым, ұстайтын арқам бар-ды. Қазір де сол арқам қозып, тұлабойымды әлдене құрыштай бастады.

- Сіз мені кешіріңіз! – дедім министрдің бетіне қаймықпай тура қарап. – Сіздің орынбасарыңыз Бегимовты өзіңізден басқа кім біледі? Ал, Момышұлы иісі қазақтың мақтан етер Бауыржаны емес пе?! Аты аңызға айналған ұлт қаһарманы мен қатардағы майдангерді салыстыруға бол ма? Мен Бәукең үшін жұмыстан кету тұрыпты ғой, жанымды қиюға әзірмін!

- Қарай гөр!.. Өзіңде біраз мінез бар көрінеді, жігітім. Осы қылығың ғой – баспаға сидырмай жүрген! – деді министр маған біртүрлі зілдене қарап. – Мен алғашында саған жаным ашып, қызметте қалдырсам ба деп едім, ол ойымнан қайттым. Есіңде болсын, сендейлерге араша түсер жайым жоқ.

- Онда, қош болыңыз, министр жолдас! Мен сізге ел басқарған әділ азамат па деп, көмек сұрай келіп ем. Алданыппын. Сіз де – осындағы көп тоғышардың бірі екенсіз! – дедім де орнымнан тұрып жүре бердім.

Сол беті баспаға келіп: «Шығармашылық жұмысқа ауысуыма байланысты мені қызметтен босатуыңызды сұраймын» деп, директордың атына арыз жаздым да, менен құтыла алмай жүрген басшылармен біржола қоштастым...

«Ақиқат пен аңыз» баспадан шыға салысымен қалың көпшіліктің сүйіп оқитын шығармасына айналды. Арада екі жыл өткенде, жұртшылықтың сұрауы бойынша 100 мың тиражбен қайта басылып, романға 1978-жылы Мемлекеттік сыйлық берілді. Қайта басылғанда, Ә.Нұршайықов бұрынғы түзелген, күзелген беттерді қайта қосуға мүмкіндік алды.

Сол қайран Бәукең де, асыл аға Әзекең де жоқ қазір ортамызда. Ал сол кезде романға тосқындық жасаған, автор мен редакторды аяқтан шалған мысық тілеулі, күншіл ағайындардың кейбіреуі әлі күнге дейін арамызда жүріп жатыр. Жандары қандай сірі десейші?!

- ІІІ -

Қытайдағы қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының алты кітаптан тұратын «Қылмыс» романын біздің елде басып шығару оңай болған жоқ. Романның алғашқы екі кітабы бостандықта жүргенде жазылса, соңғы төрт кітабын түрмеде отырып жазған. Жазушының ұзақ жылдық түрме азабын тартып (бас-аяғын жинаса – 40 жыл) қазір Шәуешекте «мырза қамақта» отырғанын естіген соң, барған-келген ағайыннан: «Қажекең бұдан былай жаңа шығарма жазар-жазбас, ал «Қылмыс» романын үстінен тағы бір рет қарап, түзелген, күзелген жерлерін қалпына келтіріп, көшірмесін біз жаққа бір-бірлеп өткізе берсін. Мүмкіндік туса, біз ол кітаптарды басып шығаруға тырысамыз» деп авторға сәлем жолдағанбыз. Сонымен, «Қылмыс» романы әртүрлі «контрабандалық» жолмен біз жаққа келе бастады. Мұндағы адрес біреу: әр пакеттің сыртына «Алматы қаласы, Қабдеш Жұмаділовқа тисін» деп қана жазылған. Не керек, «Қылмыстың» алты томы өліп-талып жүріп, зорға дегенде қолға тиді ғой, әйтеуір.

«Қылмысты» баспаға дайындауға екі жылға жуық уақытым кетті. Ең алдымен, төте жазумен араб әрпінде жазылған қолжазбаны біздің әріпке (кирилицаға) көшіру керек болды. Сонан соң мәтінді компьютерден өткізу, оның қатесін түзеу, ол жақтағы кейбір атауларды біздің нормаға түсіру... Жұмыс дегенің бастан асады. Әрине, компьютер тегін баспайды. Әр беті 150 теңгеден болғанда, алты кітапқа (әр кітап 750 беттен) қанша қаржы кететінін өзіңіз есептей беріңіз.

Сонымен, алты томдық роман баспаға дайын. Ендігі мәселе, оны басып шығаратын кім бар? Алғаш көңілге келген ой – Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының «Ата жұрт» баспасы болды. Солар жыл сайын шетелдегі қазақ жазушыларының 10-15 кітабын шығарып жүргенін білетінмін. Ендеше оларға Шабданұлынан артық қандай жазушы керек? Сол оймен «Қылмыстың» алғашқы үш томы мен олардың электрондық нұсқасын қауымдастық жетекшісі Талғат Мамашевқа алып бардым.

- Сендерге «Қылмыстың» алты томын бірден тұтас басып шығар деп айтпаймын. Жылына бірден-екіден шығарып отырсаңдар үш-төрт жылда жарыққа шығып болады. Мынау – үш кітабы, қалған үшеуі менде. Толық редакцияланған, электрондық нұсқасы жасалған. Бір сөзіне тиіспей қолжазбаны осы күйінде өндіріске жібере берсеңдер болады, – деп апарған үш қолжазбаны сейфтеріне салдырып кеттім.

Алайда қолжазбаның қозғалатын түрі жоқ. Жылына бірнеше дүркін барып,  қузастырып қоям. Бірақ одан ештеңе өзгермейді. Жылмаң сөз, құрғақ уәде. Осылайша арада үш жыл өтті. Шыдам таусылды. Соңғы рет барғанымда, Т.Мамашев не айтты дейсіз ғой? Сұмдық-ай, мұндайда топастық болады екен:

- Қабеке, алты том дегеніңіз тым көп қой. Осы романды қысқартып, үш томға түсіріп берсеңіз қайтеді? – дейді беті бүлк етпестен.

Есім шығып, таңданғаным сонша, бір сәт не айтарымды білмей мәңгіріп қалыппын.

- Әй, Талғат, осы сенің мамандығың не? Агроном емессің бе? – деппін ғой аузыма басқа сөз түспей.

- Жоқ, тарихшымын...

- Ендеше, жаңағың – тарихшы айтатын сөз бе... Мынауың – тарихшының да, ұлтқа қызмет ететін жәй азаматтың да, шетелдегі қазақтарға, әсіресе, абақтыда 40 жыл отырған Қажығұмарға жаны ашитын адамның да сөзі емес. Әдебиеттің иісі танауына бармайтын нағыз миғұланың сөзі... Өзің ойлап көрші: қазақ әдебиетінің бір классигі түрмеде көз майын тауысып кітап жазады. Тілдей қағаздарды әртүрлі жолдармен сыртқа шығарып, кейін бостандыққа шыққан соң белгіленген номір бойынша қайта құрастырады. Сол қолжазбалар әртүрлі жасырын жолдармен шекара асып, маған келеді. Мен оларды жыл бойы отырып, баспаға дайындаймын... Енді келіп, сен айтты екен деп, қайтадан отырам да, ұлы жазушының қолынан шыққан эпопеяның қақ жарымын қысқартып, үш томға түсіремін. Осындай сұмдықты бұрын-соңды өзің естіп пе едің? Мынадай өреңмен дүниежүзі қазақтары қауымдастығын қалай басқарып жүрсің, бауырым-ау?! Сенен басқа сауаттырақ біреуді таппағаны ма? – дедім де, «Қылмыстың» сейфте жатқан томдарын үйіме алып қайттым.

Бұл – менің Күңзы ілімі бойыма әбден сіңіп, адамды екі қайтара сынауды тоқтатқан кезім болатын. Артыма қарайламадым. Бәлкім, күткені сол болар, ол да соңымнан жүгіре қоймады.

Алла-тағала Қ. Шабданұлын да несібесіз жаратпаған болар. Арада тағы бірер жыл өткенде Мұхтар Құл-Мұхаммет ініміз мәдениет және ақпарат министрі болып келе қалды да, мен оның қабылдауына арнайы барып, «Қылмыстың» алты томына бюджеттен ақша бөлдіріп қайттым.

Ал енді тендер кезінде баспалардың «Қылмысты» шығаруға таласқанын көрсең! Алдымен бел шешіп кіріскен – қауымдастық бастығы Т.Мамашев болыпты. «Шетелдегі қазақ жазушысы – біздікі. Біз «Қылмысты» шығаруға баяғыдан дайындалып жүрміз» деп отырып алыпты. Ақыры сол жеңген көрінеді. Менің «Қылмысты» Мамашевқа беретін ойым жоқ еді. Алайда, Мұхтар Абырарұлы «Қайтесіз, Қауымдастық деген аты бар ғой, шетелдегі қазақтарды солар-ақ шығара берсін» деп басу айтып көндірді. Не істейсің, адамшылықты аяққа басып, ақшаға жүгірген заман...

Біздің қазақтың да маңдайының соры бес елі ғой. «Оралманыңды ұрғаным бар» дейтін сол шенеунік әлі күнге дейін жағынып, қазақтар қауымдастығын басқарған болып жүр.

- ІV -

Қажығұмар Шабданұлының тағдыры Қазақстандағы азаматтарды сынақтан өткізетін лакмус қағазы секілді болды бұл күнде. Қажекең өлердегісін айтып, Қазақстан президентіне екі дүркін хат жазды: «Жасым сексенге келді. Оның қақ жартысы түрмеде өтті. Енді маған ие болыңдар. Атажұртыма барайын. Туған жерден топырақ бұйырсын дегеннен басқа тілегім жоқ» деп қанша өтінсе де, орнынан қозғалған ешкім болмады. Сөйтіп, есіл азамат туған жеріне жете алмай, 2010-жылы, қараша айында 86 жасында, Шәуешек шаһарында дүниеден өтті. Жұбаныш етерің: өлерінің алдында біз шығарған «Қылмыс» романын көріп кетіпті. Әр кітабына тәуе етіп, көкірегіне басып, еңкілдеп жылапты.

Қазақстан Жазушылар одағы Шабданұлы кітаптарын шығаруға қол ұшын бермек түгілі, тұяғын да қимылдатқан жоқ. Әйтсе де, «Қылмыс» жарыққа шыққан соң, ортамыздағы қара шаңырақ қой, бір жинағы сонда тұрсын деп, әрі шығарманы бұдан ары насихаттауға ықпалы болар деген оймен, алты томдықты көтеріп, Жазушылар Одағына бардым. Шүкір, әншейінде таптырмайтын төраға бүгін орнында екен. Қысқаша аман-сәлемнен кейін алты томдықты пакеттен шығарып, үстелінің үстіне тізіп қойдым да, осы кітапты шығаруда тартқан бейнетімді тәптіштеп айта бастадым.

Мен де – пендемін ғой. Қазір одақ басшысы мына томдарды қуана қолына алып, сүйсіне ақтарар. Бір өзім осынша қызмет атқарған менің еңбегімді де бағалап, жылы сөздер айтып, құттықтайтын шығар деп отырғам. Таң қалғаным ондай, мезіреті байқалмады. Ең үстінде жатқан бірінші томды қолына алып, жәй парақтап қарады да, тақ бір қазақ әдебиетінде алты томдық роман күнде туып жатқандай, орнына қайта қоя салды. Аз да болса жылы сөз айтуға, қуанған түр байқатуға шіркіннің ішкі мәдениеті жетіспей отыр. Маған сол сәтте «осы қасқа Қажығұмарды басқа рудың адамы деп отыр-ау, дәу де болса» деген ой келді. Осылар – Мамашев екеуі бір ұядан емес пе екен? Бірақ көрінеу салқындықты елемей, бастаған әңгімемді жалғастыра бердім:

- Ал, Нұрлан, бұл томдардың қалай жазылғанынан хабардар шығарсың. Бұл – кіндігі түрмеде кесілген шығарма. Оның үстіне, жай бір томдық емес, аттай алты том. Қазақ әдебиетінде алты кітаптан тұратын роман бұрын-соңды жазылмаған. Рас, төрт томдық, үш томдық, қос томдық романдар болды, бірақ алты томдықтың дүниеге келуі осы ғана. Сондықтан бұл шығарманы тым елеусіз, ескерусіз қалдыруға болмас. Мұны әлдебір сыйлықпен атап өткен жөн болар. Алдағы жылы мемлекеттік сыйлықтың да кезегі келе жатыр. Әлде сол сыйлыққа ұсынғандай боламыз ба? – дей бастап едім, төраға ұнатпай сөзімді бөліп жіберді.

- Сіз не, Қабеке, мемлекеттік сыйлықты кім көрінген ала береді деп ойлайсыз ба? – деді маған біртүрлі сыздана қарап. – Әлде, көршілес дос елдің түрмесінде жатқан басы даулы, күманды адамға дайындап қойған сыйлығыңыз бар ма еді?

- Ау, жігітім, байқап сөйле! Біріншіден, Қажығұмар Шабданұлы – «кім көрінген» емес. Екіншіден, абақтыда жатып алты том роман жазған жазушыға сыйлық қана емес, «Еңбек ері» атағын қоса беру керек! – дедім кернеген ашу-ызадан өзімді зорға тежеп.

Әттең, дүние! Осы төрағаның осыдан бес-алты жыл бұрын мемлекеттік сыйлықты қалай алғанын білуші едім. Оны білетінім, мен онда мемсыйлық беретін комиссияның мүшесі болатынмын. Сол комиссияның соңғы отырысында осы Оразалинге екі дауыс жетпей, сыйлықтан қағыс қалған. Әйткенмен, жер жыртығын жамаған пысық адамға тоқтау жоқ қой. Сол күні бұл жігіт не істеген дейсіз ғой? Дереу партизан жазушы Қасым Қайсеновке барып, сол кісінің атынан президентке жеделхат жолдаған: «Комиссия әділетсіз болды. Сіздің саясатыңызды жан-тәнімен қолдап жүрген жазушылар одағының бастығын құлатып, сыйлықты қайдағы бір оппозициялық бағыттағы ақындарға берді» деген ғой. Оппозиция десе жүйкесі құрыса қалатын елбасы Оразалинді тізімге дереу қосқысы келіп, бірақ жалғыз жіберуге тағы ыңғайсызданып:

- Оған таяу тұрған тағы кім бар екен? – деп сұрапты.

- Оның қатарында Марфуға Айтхожина тұр. Оған үш дауыс жетпеген, – дейді көмекшілері.

- Ендеше сол екеуін де указға қосып жіберіңдер! – дейді ер көңілді елбасы.

Ертеңінде газетке шыққан указды оқып, бәріміз таң қалдық. Лауреаттардың тізімі тағы екі адамға ұлғайыпты... Сол Оразалин ғой – қазір ауыздыға сөз бермей отырған. Қажығұмарды менсінбей отырған бастыққа сол оқиғаны айтып салайын деп бір оқталдым да, мәселені ушықтыра бермейін деп, өзімді ұстап қалдым.

Ол кезде жазушылардың «лидері» үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке «штаттан тыс кеңесші» болдым деп, танауынан есек құрты түсіп, адам баласын менсінбей, әбден шелиіп алған шағы болатын. Мн манағы әңгімемді жалғап, «Қылмыс» романы бір адамның ғана өмірбаяны емес, Шыңжаң қазағының жарты ғасырлық азапты тарихын бейнелейтін эпопея» деп бастай беріп едім, бастық мені сөйлетпей, сөзімді тағы бөліп жіберді. Кімнен жұқты екен, нағыз диктатордың өзі.

- Әй, Нұрлан, біз сені тыңдап жүрміз ғой. Сен мені де бір тыңдасайшы! Басқасын былай қойғанда, мен сенен он көйлек бұрын тоздырған кісімін! – дедім күйінгеннен.

Сонда, ол жігіт не айтты дейсіз ғой? Бейне, үкімет басшысы Мәсімовтың қасында отырғандай кеудесін шалқақ ұстап:

- Зато, мен сізден он есе терең ойлаймын! – деді, кенет аса ойлы адамның позасына еніп.

- Онда, әңгіме бітті – дедім мен – өзіңнен он есе терең ойлайтын адаммен қалай сөйлесесің?! – дедім де, орнымнан тұрып жүре бердім.

Әдетім бойынша, мен оны қайта бір сынап әуіре болғам жоқ. Адамның кім екенін білу үшін, оның аузынан шыққан бір ауыз сасық сөзі жеткілікті. Міне, бес жыл болды – Оразалинмен бетпе-бет сөйлеспегеніме. Сөйлескенді қойып, ол басқарған жиналысқа барғым келмейді. Күңзыға рахмет! Ол мені бір лас дүниеден осылай құтқарды.

- V -

Ойымда ештеңе жоқ, кешкі хабарлар кезінде теледидардың тетігін басып қалсам, әлдебір төбенің басында бір топ адам тұр екен. Орталарында – микрофон. Алма-кезек сөз сөйлеп жатқан секілді. Арт жақтарында қызыл қыштан өрілген шағын күмбездің сұлбасы көрінеді. Кенет оператор сол маңайды жарқ еткізіп, бір көрсетіп еді, күмбездің маңдайшасына «Қаракерей Қабанбай батыр» деп жазып қойыпты. Мына адамдар сол кесененің ашылуына жиналған сияқты.

Мына көрініске аң-таң қалып мен отырмын. Таңқалатын себебім, біреулер қолбасы Қабанбайдың бұрын белгісіз боп келген қабірін тауып, басына кесене орнатып жатыр. Ал, өмір бойы Қабанбайды зерттеп, «Дарабоз» атты екі том кітап жазған мен ол туралы ештеңе білмеймін. Айтпаған, хабарламаған. «Ұрлап та көмдің Бөжейді» дегендей, бір сөзбен айтқанда, менен «жаңалықтарын» жасырған. Өйткені, Қабанбайдың сүйегі мұнда жатпағанын қу іштері сезеді. Ондай өтірікке менің қарсы шабатыным тағы белгілі. Содан көп адамға хабарламай, дабырасыз, құпия түрде жасап жатқан тірліктері...

Әсілі, қолбасы Қабанбайдың асыл сүйегі мыналар кесене тұрғызып жатқан Ақмола жерінде емес, өзінің туған топырағында, Жоңғар қақпасының оң жақ босағасындағы шекара бойында жатыр. Өз өсиеті бойынша, Тоқта тауының шығыс қапталындағы Сарыбелге қойылған. Бірақ қабірі белгісіз. Қабанбайдың көзі тірісінде шайқасқан жаулары (қытай, ойрат, қоқан, қырғыз) тым көп болған ғой. Солар қабірімді таппасын, сүйегімді қорламасын деп, қойған жерін шыммен шегендеп, тегістеп тастауды тапсырған. Ал, әке сүйегін Түркістандағы Әзірет сұлтан кесенесіне апармақ болған балаларына батырдың өзі: «Жоқ, менің орным – қалада емес, далада! Өлсем де шығыс шекараны күзетіп жатам» деп көнбеген екен. Оның үстіне, Сарыбел – Қабанбай үшін қасиетті жер. Он алты жасында ағасы Есенбайдың кегі үшін жорыққа аттанып, қалмақ нояны Өлже Жырғалды дәл осы жұртта жер жастандырған...

Ал, мына Астанадан келген депутаттар, шенеуніктер, жарамсақ жазушылар ондай фактілерге қарайтын емес, тарихи шындықты белінен басып, жоғарының тапсырмасын мүлтіксіз орындап жатыр. Мансапты жазушылардан Шерхан мен Әбішті көріп қалдым. Жаңылмасам, Әбіш Кекілбаев ол кезде мемлекеттік хатшы ма еді, әйтеуір, өзі басып өткен көп мансаптың бірінде болатын. Аңғары, бас баяндамашы сол Әбіш көрінеді. Тарихи фактілерді қуыршақтай ойнатып, көсіле сөйлеп тұр сабазың: «Қолбасы Қабанбайдың Астанадан небәрі отыз шақырым жерге, Есілдің бойына келіп жатуы – қандай көрегендік. Ұлы қолбасы болашақта қазақ елінің астанасы дәл осы маңға келіп орнайтынын қалай болжаған десейші... Қабанбайдың, біреулер айтып жүргендей, Тоқта-Барлықта жерленуі мүмкін емес. Өйткені ол кезде шығыс аймақтарды Қытай басып жатқан» деп өтірікті шындай қып соғып тұр.

Тарихты білмей, зерттемей тұрып, бүйтіп қалай жауапсыз сөйлеуге болады? Әбіш, бәлкім, батыс аймақтарды біршама білсе білетін шығар, ал шығыс шекара – оның өмірі аттап баспаған жерлері ғой. Егер Абылай, Қабанбайлар өлгенде шығыс өлкені қытай басып жатса, кейін ол жерлерді кім азат етті екен? Соны сұрайтын кісі жоқ-ау аналардың ішінде? 1756-жылы Жоңғар ханы Әмірсананы қуа келген қытай әскері 1757-жылғы «Мамырсу келісімінен» кейін өз жерлеріне қайтып кеткен. Абылай мен Қабанбайдың алдында тұрған ендігі міндет – Жоңғардан босаған Алтай, Тарбағатай, Іле өлкесін басып қалу еді. Абылайдың шебер дипломатиясының арқасында, ол арман да жүзеге асты. Қытай императоры Сянь-Лунның жарлығы бойынша, 1765-жылдан бастап, қазақтар Жоңғария жеріне емін-еркін қоныстана бастады. Бұл оқиға Қабанбай өлерден бес жыл бұрын, Абылай өлерден 15 жыл бұрын жүзеге асқан болатын. Ендеше, Әбіштің «Қабанбай қайтыс болғанда шығыс аймақтарды Қытай басып жатқан» дегені қай сандырақ?! Әбіш өзі ештеңе білмейтін Қабанбай қабіріне төрелік айтқанша, әлі күнге дейін белгісіз Әбілқайыр ханның сүйегін тауып алмай ма? Сонан соң, Әбіштен көңілімнің қалғаны, өзі де жазатын адам бола тұрып: «Осы Қабанбай батырды ұзақ жыл зерттеп, қос томды роман жазған Жұмаділов деген жазушы бар еді. Ол кісі бүгін ортамызда неге жоқ» деп бір рет еске алса, аузына күйдіргі шыға ма?! Бұлардікі – көтен зорлық. Ұлық айтса бәрі біте қалатын сияқты. Әлгі анекдотта айтылатын «сен білесің бе, селсебет біле ме» дегеннің кері.

Әбіштен кейін тағы бір шенеуніктер сөйлеп жатты.

- Батыр бабамыздың кесенесі жаңа астананың дәл түбінде тұруы саяси жақтан үлкен маңызға ие...

- Көкшетауда Қарасай бабамыз жатыр, Ақмолада – Қабанбай... Енді бұдан кейін терістік облыстарды қазақ жері емес деп айтып көрсін!

- Осы кесенелерді салу – елбасының тікелей нұсқауы. Осының бәрі – сол кісінің арқасы! – деседі, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай.

Міне, мәселе қайда жатыр? Бұл жалған кесенелер айрықша саяси міндет атқарады екен ғой. «Цель оправдает средство» дегендей, саяси мақсаттар үшін өтірік айта беруге де болады екен. Мыналар асқына келе: «Қабанбай батыр өлерінде, мен өлген соң 250 жылдан кейін Есіл өзені бойында қазақтың жаңа астанасы салынады. Мені тура сонда апарып қойыңдар» деп өсиет қалдырыпты деуден де тайынбас.

Өзін Қабанбайдың тікелей ұрпағы санайтын, арғы бет, бергі бетті бірдей бүлдіріп жүрген бір оралман жазушысымақ бар еді. Өз ойларының шындығын дәлелдеу үшін, белсенділер енді соны сөйлетіп жатыр:

- Біздің аталарымыз бен әжелеріміз «Қабанбай бабаларыңның сүйегі Арқада, Есіл бойында жатыр» деп бізге қадағалап айтып кеткен! – дейді әлгі суайт. Қай жерден алғанын кім білсін, шүберекке түйген бір уыс топырағы бар екен. Жаңа кесене іргесіне сонысын сеуіп жатты.

Мен оған титтей таңданғам жоқ. Өйткені, ол – арғы бетте де, бергі бетте де биліктің қолды-аяқты құлы боп жүрген адам. Оның Қытайдағы «Мәдениет төңкерісі» кезінде, «Стиль дұрыстау» науқаны тұсында не істегенін бұл жақта ел білсе ғой, шіркін.

Ал, осы төбенің басындағы «Қабанбай зиратын» тапқан кім десеңіз, ол – Кәмал Әбдірахманов деген суайт. Бұрын Талдықорған облыстық мәдениет басқармасында қызмет істеген ол, кейін облыс жабылған соң жұмыс іздеп, Астанаға келеді ғой. Мұнда да тұмсық сұғу оңай емес. Ай жүреді, апта жүреді... Содан бір күні Астанаға таяу жерде «Қабанбай зираты» деген ескі мола бар екенін құлағы шалады. Құдай берді деген осы, дереу әлгі жерге ұшып жетеді ғой. Құлап жатқан бейіттің кімдікі екенін маңайындағы елден сұраса, анығын ешкім білмейді. Білетіндері – «Қабанбай зираты» деген аты ғана. Былай сұрастырып көрсе, молаға иелік ететін туыстары да жоқ көрінеді. Тіпті жақсы... Демек, иесіз моланы «Қолбасы Қабанбайдың зираты» деп жариялауға болады деген сөз...

Сонымен Кәмал Әбдірахманов желдей есіп, Астанаға қайтады ғой. «Мен бүгінге дейін белгісіз боп келген қолбасы Қабанбайдың моласын таптым» дейді тарихтан сауаты шамалы шенеуніктерге. Біреулердің жол сілтеуімен президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлына кіреді. Қайраттың анасы талдықорғандық найман қызы екенін біреулерден естіп алған: «Қайрат, сен болашақта президент болатын адамсың. Сол кезде өзіңе қажетті дауыс жинау үшін нағашы жұртың – қалың найманды осы бастан өзіңе тартуың керек. Оның ең оңай жолы – құлап жатқан Қабанбай моласының басына кесене тұрғызу» деп төндіреді... Жиен ерледі: нағашы жұртының құрметіне бірден 200 мың доллар атапты. Манадан бері сөз болып отырған кесене сол ақшаға салынған... Алайда, қолбасы Қабанбай неге айдалада жалғыз қалған? Егер ол шын Қабанбай болса, оның басында миллион найманнан он шақты үй шырақшы неге қалмаған? Амал не, мұндай сұрақтар ешкімнің ойына келмепті.

Бұл күнде Кәмал Әбдірахмановтан бай кісі жоқ. Ол – қазір Қабанбай зиратының шырақшысы. Кесененің ішіне және кіреберісіне ұрналар қойылған. Қолбасыға тауап ете келушілерден, туристерден ақша дегенің құйылып жатыр. Кәмалдың өзі ғана байып қоймай, Талдықорғанда кәсіпсіз қалған бес-алты үй туыстарын көшіріп алған. Бәріне үй салып берген, қазір өзінше бір ауыл. Келген-кеткенге өзін «Қабанбайдың тікелей ұрпағымын» деп соғады екен, онысы жалған. Батырдың ұрпағы болатындай, Кәмалдың руы – Мәмбет те, Қожақұл да емес, Қаракерейдің көп тармағының бірі Тоқпақтан тарайды. Халықты алдап ақша табудың аса ауыр күнә екенін Кәмалдың өзі де сезетін болса керек. Соңғы жылдары екі мәрте қажыға барып келіпті. Бірақ, халықты алдағаны өз алдына, еңбексіз табылған арам ақша, көз бояған қажылық сапар Кәмалды бес батпан күнадан тазарта қояр ма екен?!

Ал, Қабанбай қабірі деп жұрттың шұбырып жүргені – қолбасы Қабанбай емес, Арғын Қанжығалы руының Досқана тармағынан шыққан, қолбасыдан кемі елу жыл кейін өмір сүрген Қабанбай бидің зираты көрінеді. Ұрпақтары Алматыда тұрады. Енді біреулер «мұнда жатқан – әйгілі Батыраштың әкесі Қабанбай би» дегенді айтады. Бабаларының кесенесін қайтарып алуға Арғындар заманның түзелуін күтіп жүр.

Тәйірі, Кәмал сияқты су жұқпас жолбикелерді қойшы, менің өкпем – Әбіш Кекілбаевта. Ештемеге көзі жетпей тұрып, миллиондардың алдында ол да – өтірік айтқан кісі ғой. Мәнсаптың соңына түсем деп, онсыз да абыройдан айрылып болды емес пе? Бойында табиғат берген жап-жақсы таланты бар. Халық алдында қасқайып тұрып, шындықты жарып айтпаған күйі өтер ме екен есіл азамат?! «Шенқұмар шенеуніктер адамгершілік ар-ұяттан, иманнан жартылай қол үзеді» деуші еді. Демек, сол сөздің рас болғаны ғой.

- VІ -

Біраз адам жол үстінде келе жатқанбыз. Бір жас әдебиетші аузының суы құрып, ағынан жарыла таңданып келеді:

- Сіздердің кездеріңіз қандай ғажап болған, Қабеке?! Пендешілік, күншілдік, қызғаныш деген атымен ұшыраспапты. Бір-бірлеріңізге үнемі қол ұшын беріп, шамаларыңыз келгенше қызмет көрсетіпсіздер... Мәселен Қалихан ағамыздың сізге мемлекеттік сыйлықты әперу үшін, өзінің шаппай бәйге алып тұрған романын комиссиядан қайтып алуы – бүгінгі жастарға үлгі болатын-ақ қасиет...

- Ау, інішек, саған мұндай ертегіні кім айтып жүр? – дедім жігіттің бетіне таңдана қарап.

- Қалихан Ысқақовтың мемуарынан оқыдым.

- Кітап болып шығып па еді онысы?

- Кітабы шыққан жоқ-ау деймін. «Жұлдыз» журналына тараулары басылып жүр.

- Солай де... Жаңағы оқығаның қай нөмірде?

Жас жігіт сәл ойланды да, журналдың қажетті нөмірін айнытпай айтып берді. «Жұлдыз» біздің үйге де келіп тұрады. Әр нөмірін парақтап, тұшымды дүние болса көз жүгіртіп, қалғанын қоя салатынбыз. Қалиханның ғұмырнамасын да үзіп-жұлып қарағаным бар. Қалихан – үлкен өзгерісті бастан кешпеген, тағдыры талқыға түспеген жігіт қой. Соған орай, оның мемуарынан да шөмішке ілінер ештеңе таппағам. Студенттік шақ, бірге оқыған достары, ауылдағы ферма бастығы, ет жақын туыстары... Автордың өзіне қымбат көрінгенімен, оқырманға қажетсіз, ұсақ адамдар...

Әйткенмен, жоғарыда жас жігіт айтқан нөмірді үйге келген соң тауып алып, ақтара бастадым. Жаңағы тарауды парақтап қарасам, жігіттің айтқаны ып-рас. Қалихан өзінің қаламдас достары туралы айта келіп: «Біздің Қабдешке көмегіміз көп тиді. Мәселен, мен «Ақсу – жер жәннаты» деген романым мемлекеттік сыйлық алғалы тұрғанда комиссиядан қайтып алып, сыйлыққа ілінер-ілінбесі екі талай Қабдешке жол бердім» депті... Тоба, кісінің көзі тірі тұрғанда, бүйтіп те өтірік айтуға болады екен! Сол арқылы өзін аса қайырымды, адамгершіліктің шыңына шыққан адам етіп көрсетпек пе сонда? Онысына кейінгі жастар сенеді әрине. Сөйтіп, өтірік айтып та абырой жинауға болады екен-ау.

Мәселенің анығы былай: 1990-жылы көктемде Мемлекеттік сыйлықтың кезекті науқаны басталып, соған лайық шығармаларды іріктегенде, бұл бәйгеге менің «Тағдыр» романымды да қосыпты. Жазушылар Одағына рахмет, әзірше маған сыйлық алып бермесе де, шығармаларымды қара жарыстан қалдырмайды. 1982-жылы қос томды «Соңғы көш» романын ұсынған, 1986-жылы «Сәйгүліктер» атты повестер топтамасын қосқан. Бірақ екеуіне де сыйлық бермеген. Ал «Соңғы көш» көпшілік талқысында үздік шығып, сыйлықты алғалы тұрғанда, соңғы отырыста дауысқа салмай, тізімнен алып тастаған. Біреулер:

- Жұмаділовтың қос томды романы басқалардан озып тұр ғой. Көмбеге таяғанда жарыстан шығарып тастағанымыз қалай? Обал емес пе?! – деген екен. Сол кездегі Жазушылар Одағының бастығы Жұбан Молдағалиев:

- Жұмаділов әлі жас. Әзірше одақтың әдеби сыйлығын ала тұрса да тақиясына тар болмайды, – деген уәж айтыпты...

Ал, бұл жолы ат шаба ма, бап шаба ма, жоқ, әлде бақ шаба ма, ол жағы Алланың қолында. Биыл Одақтың проза бөлімінен ұсынылғандар: мен, Қалихан, Сейдахмет Бердіқұлов, поэзиядан Сағи Жиенбаев және Мироглов деген орыс жазушысы... Енді ұсынылған шығармалардың үш данасын қажетті құжаттармен қоса комиссияға апарып тапсыруымыз керек.

Ол кезде Мемлекеттік сыйлық комиссиясы қазіргі ескі алаңдағы үкімет үйінде. Жазушылар Одағына жақын, тиіп тұр. Одақтың жоғарыға жолдаған құжаттары мен кітаптарымызды көтеріп, комиссияға Қалихан екеуіміз бірге бардық. Комиссияның кеңсе басшысы мен хатшылары менің құжаттарым мен кітабымды мұқият тексеріп, қабылдап алды да, Қалиханның кітабын қабылдамай, өзіне қайтарып берді. Ол кезде тәртіп қатаң. Көрсетілген ережені бұзуға болмайды. Сөйтсек, Қалиханның кітабы белгіленген мерзімнен үш ай кеш шыққан екен.

- Кешіріңіз, Ысқақов жолдас, кітабыңыздың шыққан мерзімі бізге қажетті уақытқа сай келмей тұр. Оның есесіне, келесі кезекте шауып өтеді, – деп жұбатты кеңсе бастығы.

Сөйтіп, Қалихан романын алып қайтты. Жоғарыда айтылғандай, оның «Ақсу – жер жаннаты» деген кітабы келесі жолы сыйлық алды. Ал, осы аралықта Қалиханның бүйректен сирақ шығарып, маған қалай қамқор болып жүргенін түсінбедім. Сол жылдары Қалихан Одақта кәсіподақ төрағасы болып жүргенде, менің балама бөлінген екі бөлмелі үйден бізді сызып тастағанын білетінмін. Ал, өзіне бұйырып тұрған Мемлекеттік сыйлықтан мен үшін бас тартып, жол бергенін естімеген екенмін.

Олай дейтінім, «Тағдыр» романы Қалиханның көмегінсіз-ақ сол жылы бәйгеден жалғыз қара боп келді. Әдебиет пен өнерге бөлінген бес орынның төртеуі қаңырап бос қалды-ау! Сол кездегі тәртіптің қаталдығына таң қалам. Орын бола тұрып, небәрі екі дауыс кем алған жақсы ақын Сағиды тізімге қоспады-ау! Ал, «Тағдыр» романына комиссияның қырық мүшесі түгел қолдап дауыс беріпті.

Сол Қалихан бұл күнде жә деген «ақсақал». «Би жоқта құл жүреді жораға» деп бұрынғылар тегін айтқан ба. Нағыз ақсақалдар кеткен соң, күніміз осы Қалихандарға қарап қалған жоқ па? Ол жас кезінде «тарысы піскен үйдің тауығы» еді, қазір де содан ұзап кеткен жоқ. Жазушы одағының қолды-аяқты құлы, майлығы мен сулығы. Одақтың төрағасы жаны қысылғанда шығыстың алжыған шалдарын қалқан қып ұстайтын әдеті (сыйлық алып берген Қайсеновты еске алыңыз. Енді міне «көзірдің тұзы» Қалихан болып тұр). Қалихан өткен жолғы жазушылар құрылтайында «ақсақалмын» деп төрге шығып алып, бұрын осы орында он алты жыл отырған Оразалинді тағы бес жылға төраға қып сайлатып жіберді.

Қалихан осы бертінге дейін «Жұлдыз» журналының проза бөлімін басқарды-ау деймін. Басқарғаны бар болсын, Қалиханыңыз қылышынан қан тамған нағыз цензура болып шықты. Саясаттан қия бастырмайды. Қоғамға сәл-пәл сын айтсаң, дабыл қағып, байбалам салады... Осыдан төрт-бес жыл бұрын «Жұлдызға» «Мәңгілік майдан» атты повесть ұсынғам. Қалихан әлгі повестен көптеген саяси ақаулар тауып, қайтарып жіберіпті. Жазған хаты менде әлі сақтаулы. Тапқан міні: – «Автор қоғамға разы емес... Айтпақ ойы оппозициямен үндесіп жатыр» депті. Маған шығарманы қалай жазу керектігі жөнінде ақыл айтқанын қайтерсіз?

- Ау, мына Қалиханға не болған? – деймін ғой, сондағы жігіттерге таңдана қарап.

- Қалекең жалғыз сіз емес, бәрімізге қиын болып тұр. Одан редактордың өзі қорқады, – дейді жігіттер күле тіл қатып.

- Қалиханға ондай күшті қайдан алып жүр? Тірегі кім сонда? – деймін мен таң-тамаша болып. Жігіттердің бірі менің құлағыма тақау келіп сыбырлады.

- Ойбай, Қабеке, білмейтін бе едіңіз? Қалекеңнің күйеу баласы КНБ-да дөкей бастық екен ғой... Абайлаңыз, қазір Ысқақовтың тасы өрге домалап тұр!

Бәсе, сондай бір желік бар Қалиханда. Оның аяқ астынан «Құрметті ақсақал» атануы тегін болмады.

- VІІ -

Бұған да он бес жылдай уақыт өтіп кетіпті-ау. Менің алпыс жасқа толған мүшел тойымды Алматы және Семей жұртшылығы алма-кезек тойлағалы жатқан кез. Президент аппаратының (онда астананың Ақмолаға көшпеген кезі) шешімі бойынша, 2006-жылдың 21-маусымында Алматыдағы М.Әуезов театрында салтанатты жиын өтпек. Ол жиынды сол кездегі «Атамұра» корпорациясының президенті, қазіргі мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммет басқармақ.

Көңілімде түк күдік жоқ. Тойға шақыру билеттерін әлдеқашан таратып жібергенбіз. Әйткенмен, салтанатты жиналысқа біраз әншілер шақырылған, драмтеатр әртістері менің әңгімемнен шағын көрініс қоймақ болған, солардың дайындығы қалай екен деп, жиналыс болардан бір күн бұрын М.Әуезов театрына ат басын бұрмаймын ба. Барсам, ешқандай дайындық байқалмайды. Осы шаруа тапсырылған көмекші режиссорға жолығып едім. Ол байқұс:

- Келгеніңіз қандай жақсы болды! Әзірлене бастап едік, кеше бас режиссорымыз келіп, тоқтатып тастады. Барып сөйлескеніңіз жөн шығар, – деп зыр-зыр қағады.

Бас режиссор орнында екен. Есігінің сыртына «бас режиссор, әрі театрдың көркемдік жетекшісі, директор» деп бүкіл лауазымын түгел тізіпті. Ішке кірсем елге танымал азамат отыр алдымда. Театр мен кинода Абылайдың да, Әбілқайыр ханның да ролін ойнай беретін, Абайды да, оның әкесі Құнанбайдың да бейнесін жасай беретін, бет пішіні қазаққа онша келіңкіремейтін бір актер бар ғой. Сол екен – жаңағы қалың лауазым иесі. Бір кезде өнер ұжымын басқаруға таланттар емес, алыс-берістің тілін білетін пысықтар керек деген ұран көтерілмеді ме. Мынау да сол үрдіспен келіп қалса керек.

- Ал, інішек, жоғарғы жақ менң мүшел тойыма арналған салтанатты жиналыс осы театрда өтеді деген соң, шақыру билеттерін таратып қойып едік. Бүгін келсем, жиын өткізуге сіз рұқсат бермей жатыр дейді. Бұл қалай болғаны? – дедім лауазым иесінің бетіне тура қарап.

- Оның не «қалайы» бар? Онсыз да түсінікті емес пе? – деді ол да менің бетіме ажырая қарап. – Өмірі бір пьеса жазбағансыз, театрда бірде-бір спектакліңіз қойылмаған... Сөйте тұра театрда той өткізбексіз. Дәмеңіз зор екен!

Мына сөзден кейін менің де арқам қозып, «ақ сайтаным» ұстай бастады.

- Ау, бауырым-ау, жазушы біткеннің бәрі пьеса жазу шарт па екен? Мен таза прозашымын. Өмірімде он роман, он бес повесть, елудей әңгіме жазған адаммын. Сол аз ба сізге? Оның үстіне, осы театрға есімі берілген ұлы Мұхаңнан дәріс тыңдаған шәкіртімін... Шартыңызға әлі де толмай тұрмын ба? – дедім райынан қайтар деген оймен.

- Жоқ, болмайды... Жаңа айтылды ғой сізге! – деді ол бұрынғыдан да сыздана түсіп. – Егер билетіңізді таратып қойсаңыз, былай болсын: театрдың бір кеші пәленбай мың (сол кезде менің қалтам көтермейтін қомақты соманы атады) теңге. Алдымен кассаға барып, сол ақшаны төлеп келіңіз!

Мен сол сәт алдымда режиссор да емес, актер де емес, өнерге ешқандай қатысы жоқ, кәдімгі саудагер отырғанын сездім. Бәлкім, бірдеме дәметіп отыр ма, құдай білсін. Оны да екі қайта сынауға дәл қазір уақытым жоқ-тұғын. Бұдан ары ауыз ауыртқым келмей, орнымнан тұрдым да жүре бердім. Үйге келдім де Президент аппараты, ішкі саясат бөлімінің бастығы Күлша Тәңірбергеноваға телефон соқтым: осылай да осылай деп, директормен арадағы әңгімені түгел айтып бердім.

- Онысы несі? Мыналар жынданатын шығар! – дейді Күлша да таң-тамаша болып. – Алаңдамаңыз, аға! Салтанатты тойыңыз, міндетті түрде, М.Әуезов театрында өтеді.

Расында да, солай болды. Президент аппаратынан Мәдениет министрлігіне телефон соққан болар, ондағылар театр директорының құйрығын бұраған болар. Сол күні кешке таман әлгі актер-директордың өзі біздің үйге телефон шалды.

- Кешіріңіз, Қабеке! Мана сәскеде біз тарапынан бір білместік өткен екен. Елбасының сізді құттықтаған хаты бар екен ғой, соны байқамай қалыппыз... Тойыңыз жақсы өтеді, Қабеке! Алаңдамаңыз! – дейді арамызда ештеңе болмағандай.

Салтанатты кеш ойдағыдай жақсы өтті. Театрға кісі сыймай, көп адам есік көздерінде түрегеліп тұрды. Бірақ бәрібір көңілде бір жағымсыз дық қалды. Оны жуып кетіру де, кім екені мәлім боп қалған актер-директорды қайталап сынақтан өткізу де енді мүмкін емес еді.

- VІІІ -

Авиацияда ұшқыштардың әлденеше категориясы болады. Кеңістікте жаңа ауа жолдарын, жаңа маршруттар ашып, жаңа самолеттерді басықтырып, сынақтан өткізетін сынаушы ұшқыштар (біздің Тоқтар Әубәкіров сияқты), солар салып берген ізбен халықаралық алыс рейстерге ұшатын тәжірибелі аламан ұшқыштар, ең соңында ауыл арасында ұшып-қонатын қолды-аяқты, қосалқы ұшқыштар.

Біздің жазушылар да сол сияқты. Жазушылардың да әдебиетте жаңа тақырыптарды игеретін, жаңа идеялар көтеретін, жаңа типтер мен характерлер, образдар ашып отыратын көшбасшы серкелері болады. Сандары онша көп емес, бірақ ұлттық әдебиетті жасайтын – осылар. Ал, қалғандары – солардың соңынан ілесушілер. Олар жаңағы көшбасшылар ашқан жаңалықты қайталап, қосалқы шығармалар жазады, сөйтіп, серкелер салған соқпақты енді олар сүрлеуге айналдырады. Көшбасшы тыңнан жол салып, бір үлкен шығарма тудырса, еліктеушілер де сол орбитамен айналатын «спутник» – серіктер ұшырады... Авиациядағы ұшқыштардың дәрежеге бөлінуі табиғи іріктеуден туған заңды құбылыс болса, әдебиеттегі еліктеушілік кейде ұрлыққа, плагиатқа ұрындырады. Өйткені әрбір шығарма – автордың жеке мүлкі ғой. Сондықтан әдебиетте оқиға ұрлау, образ ұрлау, ой ұрлау – қорадан қой ұрлағанмен бірдей. Менің соңғы жылдары кейбір қаламгерлермен суысып кетуіме, міне, осы жағдай себеп болды. Менен кімнің не қымқырып жатқанын түгендеп айту қиын. Әйтеуір, кейінгі кезде менің қорама түсушілердің көбейіп кеткені анық.

Бірнеше мысал. Мәселен, менімен бірталайдан бері жиі араласып, сыйласып жүрген бір қаламгер бар-тұғын. Басында сын жанрында бақ сынап, одан драмаға ауысып, ақыры прозаға келіп тұрақтаған «бесаспап» жазушы. Менен төрт-бес жас кішілігін танытып, оқта-текте телефон соғып, хал-жағдай сұрасып тұратын-ды. Тіпті, бір жолы көп адаммен бірге қонаққа шақырып, үйінен дәм татырған кезі де болды-ау деймін.

Амал не, көп ұзамай сол «шәкіртімнің» менің қорама түсіп жүргені мәлім болды. Бұрын нелерді қымқырғанын кім білсін, ал мына жолы көршеңгелді аямай салыпты. Менің 1999-жылы жазылып, 2002-жылы «Прометей алауы» атты жинағына кірген «Құзғынның өлімі» атты әңгімем бар-тұғын. Бұл әңгімеде табиғат құпиясы мен қоғамдағы жағдай астасып көрінеді. Қазақта «Құзғын мың жасайды» деген ертеден келе жатқан ұғым бар. Әрине, құзғынның жасын санаған ешкім жоқ. Әйтеуір, біздің халық солай түсінеді. Мені қызықтырған – құзғынның осы ұзақ жасайтындығы. Сол арқылы тарихқа шолу жасау қажет болды. Менің құзғыным мың жасамаса да, бес жүз жылдан бері осы өлкеде жүрген құс. Ол осыдан үш ғасыр бұрынғы «Ақтабан шұбырындыны» көрген... 1932-жылғы ашаршылықта қазақ даласы өлікке толып, құзғындар «той» жасағанда, менің «кейіпкерім» соның жуан ортасында болған.

Осы құзғын Арқадағы дүмпуден қашып, Шыңжаң өлкесіне өтеді. Сөйтіп, екі жақты кезек жайлап жүреді. Соңғы көрген құқайы – Лобнордағы атом сынағы. Сонда қырылған аңның етін жеймін деп, өзі өлімнен қалады. Сонда, сірә, миына зақым келген бе, содан бері ойы өткірленіп, адамша ойлайтын мінез тапқан. Міне, сол құзғын біраз жыл арғы бетті жайлап, бүгін Жоңғар қақпасы тұсынан шекара асып келе жатыр. Құзғын өз көзіне өзі сенбей таңқалады: бұл көрмеген бес-алты жылда дүние қалай өзгеріп кеткен? Қазақтың кең даласына симай жататын бір кездегі ұшы-қиырсыз мал қайда? Әр бұлақтың басынан қоралы қой өргізетін ақ үйлі шопандар қайда? Мал жоқ, мал болмаған соң оны аңдыған итқұс та, ол жарып кеткен жемтік те жоқ.

Ал, қарақұстар тобына жататын құзғынға төрт аяқты малдың да, жортып жүрген аңның да керегі жоқ. Бұларға жемтік керек. Бұлар – жер бетін жемтіктен тазартатын санитарлар. Өз аяқтарымен тірі тышқан да ұстай алмайды. Құдай солай жаратқан соң амал не, сондықтан, жердегі жыртқыштар мен көктегі қырандарды аңдиды. Бұларды асырайтын – солар. Қырандар үлкен аңға түссе, жемтікке жаритынын біледі. Бұл жағынан, олар өздігінен ештеңе таппайтын, басқалардан ой ұрлап, образ ұрлап күн көретін жазушыларды еске салады.

Бір кезде өзегі талып, үздігіп келе жатқан құзғын көк жүзінде қалықтап жүрген қыранды көреді ғой. Жүрегі жарылардай қуанып кетеді. «Алақай, құс патшасы әлі аман екен ғой! Ол тірі тұрғанда біз де өлмейміз» деп, бүркітке қалбақ қағып құрмет көрсетіп, соңынан ілеседі... Бір мезгілде түз қыранының әлдебір орман ішіндегі алаңқайға тік шаншыла құйылған байқайды. «Құдай берді. Маған құс патшасының сарқыты да жетеді» деп сол маңдағы теректің басына құзғын да келіп қонады. Қараса, түз қыраны таңғы шабытта өзін ірке алмай, орманшының шошқасына келіп түскен екен. Кеспектей семіз шошқа бүктеуге келмеген соң, екі аяқты да бастан салыпты. Болат тұяқтар ақымақ басты сықылата қысқанда, шыңғырып күш бермей жүрген талпақ танау тыраң ете қалса керек. Қыран аппақ майды тұмсығымен жаңқалап, қызыл еттен енді ғана жұлып жеп жатқан кезі екен. Тоғай арасында сауысқандар шықылықтап, аспанда қарақұстар айнала бастаған. Алда бәрін үлкен «қонақасы» күтіп тұрғаны анық. Алайда құстардың қуанышы ұзаққа бармайды. Бұл кезде мана шошқасының шыңғырған дауысын естіген орманшы да жүгіріп жетеді. Қолында мылтығы бар. Қаба сақалды, аузы түкті неме сенің қыраныңды қайтсын, ақ шошқаның кеудесінде отырған бүркітті табанда атып салады.

Одан ары оқиға былай өрбиді. Орманшы орыс әйелімен екеуі қызыл «жигули» машинасымен келіп, өлген шошқаны жүк салғышқа артып, үйіне алып келеді де, күні бойы үйтіп, етін боршалап бұзады. Ертеңінде таң атар-атпастан қаладағы ет базарына алып жүреді.

Осының бәрі орманшының ауласын айнала ұшып жүрген құзғынның көз алдында өтеді. Олай болатыны, құзғын орманшыға өлердей өш. Қыранның кегін алу үшін, қауға сақалдың көгілдір көзін шоқығысы келеді... Қалайда кек алу керек. Есіл қыран бүкіл қарақұс атаулының асыраушысы еді ғой! Қандай мәрт еді! Қасқырға, қоянға, тағы басқа қоңыр аңдардың біріне түссе, жылы-жұмсағынан бір екі асап, қалғанын әлжуаз, әлсіз құстарға тастап кете беруші еді-ау! Сондай асыл текті құс патшасын сұраусыз, құнсыз жіберуге бола ма? Кеше неше мәрте төніп барса да, орманшының көзін шоқудың қисыны келмеді. Енді, міне, төрт дөңгелекті қып-қызыл пәлеге мініп алып, қалаға қарай зырлап барады. Енді сол сап-сасық маймен жүретін темір көліктің көзін шоқығаннан басқа амал жоқ. Сол оймен тас жолда зымыраған машинадан бірер шақырым ұзап барады да, дереу жалт бұрылып, әлгі қызыл пәлеге қарсы ұшады. Сол беті қатты екпінмен келіп, күнге шағылған машинаның әйнегіне соғылады. Айнала қызыл ала қан, шашылған қауырсындар... Машина төңкеріліп, орманшы тіл тартпай кетеді де, әйелі шала жансар күйінде ауруханаға түседі...

Міне, әшейінде жан баласы ұнатпайтын құзғын өмірінде бір рет ерлік жасап, қыранның кегін осылай алады. Өзінің асыраушысына, құс патшасына көрсеткен ең соңғы құрметі... Сенің ойың мен образыңды ұрлап алып, түк болмағандай тымпиып жүре беретін кейбір баукеспе жазушылардан осы құзғын адал ма екен деген ой келеді.

 Амал не, менің көптеген шығармаларым сияқты бұл әңгімем де кезінде сараптан өтіп талданбады. Сыншылар өздерінің жерлес, ауылдастарынан аспайды, жазушылар қызғаныштан өзгенің жақсылығын айтпайды. Әдебиет ашық-шашық иен қалған. «Қазаннан қақпақ кетсе, ұрыдан ұят кетеді» деген сөз бар. Менің «Құзғынның өлімі» атты жаңағы әңгімемнен кейін әдебиетте аспанда ұшып жүріп «ойланатын» құстар көбейіп кетті. Тіпті әлгі менімен үйір-шүйір боп жүрген жазушы өз романының басқы бір тарауын «Ақбас бүркіт» (жалпы, қазақ жерінде қарақұс – ақбас күшіген болмаса, ақбас бүркіт болмайды) деп атапты. Оның ақбас бүркіті де – менің құзғыным секілді ойшыл-ақ. Әсілі, бүркіттің жасы қырық-елу жылдан аспайды ғой. Соған сәйкес ол да аспанда жүріп, сол өңірде өткен біраз оқиғаларды оймен шолады. Бұл жазушы менің «құзғынымды» сөз жоқ, оқыған. Олай дейтінім, 2002-жылдың әдеби қорытындысында проза бойынша баяндама жасаған ол «Құзғынның өлімі» кірген менің жинағымды аузының суы құрып мақтаған... Жалпы, мұндай жазушылардың соры – вторичность, яғни өзгені қайталауында. Олар табиғаттағы қарақұстар секілді, өз жанынан ештеңе таппайды да, серке жазушыларды аңдып отырып, олардың образдары мен ойларынан көшірме нұсқалар жасайды.

Бұлар – менің байқағандарым ғой. Бұл күнде менің ойларым мен «қойларымның» қаншасы кімнің қорасында жүргенін бір құдайдың өзі білсін. Мәселен, менің ертеректе жазылған «Сәйгүліктер» атты повесімде Қозыкүрең дейтін айғыр бар. 1982-жылы жазылған повесть неше рет қайта басылды. «Қозыкүрең» тарауы оқулықтарға еніп жүр. Соғыс кезінде майданға жылқы алғанда, Қозыкүрең бірге кетіп, Еділден ары салмен өтерде қоршаудан секіріп, елге қарай қашады ғой жануар. Жылқы қабылдап алған офицерлердің атқан оғы дарымайды. Сол қашқаннан еш жерде аялдамай, күндіз тынығып, түнде жортып отырып, үш ай дегенде Алатаудағы елге келеді. Қозыкүреңнің алыстан арқырай кісінеген дауысын жылқышылар танып, алдынан шығады. Арыған, зорыққан, тоба қазығына жетіп тұралаған. Басын жерге салып, шөп жұлмаған қалпы үш күн тұрып, көз жұмады.

Ал, менің повесім жарияланған соң он бес жыл өткенде бір жас жазушы «Қараштың қарашы» деген әңгіме жазыпты. Әскерге алынған оның жылқысы да жаңағы Қозыкүреңнің ізімен Еділ бойынан қашып, Алатауға келеді... Айырмашылығы, Қозыкүрең мінілмеген күйі жүген-ноқтасыз бос қашса, Қараштың қарасы үстіндегі адамын жығып, ер-тоқымымен, ноқта жүгенімен келеді... Не дейміз мұның атын? Еліктеу ме? Солықтау ма? Әлде кәдімгі ұрлық-плагиат па? Түп төрелігін сарапшылар айтатын шығар.

Ал, мені өзіне ұстаз санап, көп қамқорлығымды көрген тағы бір қаламгер менің «Дарабоз» романымның кейбір тарауларын көшіріп алып, өзінше кеңейткен, дамытқан болып, тағы бір роман жазыпты. Сол оқиға, сол кейіпкер, «Дарабозда» суреттелген Қабанбай мен Есенгелді құдалығы, Қарқараның келін боп түсуі... Бежінге баратын қазақ елшілігі түгел қайталанады. Бұл және әмбеге ортақ тарихи факті болса екен-ау! Бәрі де менің қиялымнан туған «меншікті» дүниелер...

Бұл заманда өзің сұрау салмасаң, сенің мүлкіңді ешкім түгендеп бермейді. Өз ойларым мен образдарым, романымның тұтас тарауы қолды боп кеткен соң шыдай алмай, газетке берген бір сұхбатымда осыны шетжағалап айтқанмын. Менің сөзім ұрыларға қалай әсер етті деп ойлайсыз? Алдыма кезегімен келіп, кешірім сұрады деп ойлайсыз ба? Атамаңыз! Тымқұрса мән-жайды түсіндірген біреуі жоқ. Тіпті, ұятсыздау біреуі («Дарабоздан» тараулар қымқырғаны) «бүйтіп жала жапсаңыз, мен сізді сотқа берем» деп айбат шегіпті. Мына заманда ұрылардың құтырғанын көрдіңіз бе, ұры мал иесін сотқа бермек!

Мінеки, мырзалар, бір кезде менің айналамда таныс-біліс, дос-жаран, шалағай шәкірт дегендер көп болушы еді. Солар осылайша біртіндеп кетіп жатыр. Ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романында «Алдымен Оразбайлар мен Жиреншелер кетті. Сонан соң Тәкежан мен Тәкежаншылар кетті. Абай жалғыз қалды» деген жолдар бар-тұғын. Кезінде оншалық мән бермеген сол сөздің сырын енді түсінген сияқтымыз.

- ІХ -

Қудауанда, өмірі аралас-құралас болмасаң да, сені қарадай жек көретін, реті келсе сыртыңнан пыш-пыштап қыжыртып, жамандап жүретін бір адамдар болады. Ондайлар әлдекімдердің сойылын соғып жүр ме десең, оның да қисыны келмейді. Сонда бұл не? Оның мәнін мен де кейін ұқтым. Оның себебі – кәдімгі қазақы қызғаныш, өзгеге жақсылықты қимайтын баяғы іштарлық екен ғой.

Ал, өзгенің жақсылығын көре алмайтын күншілдер, ішітарлар – кімдер? Олар – дарынсыз, талантсыз, қолдарынан ештеңе келмейтін сұрғылт адамдар. Ал, Құдай молынан жаратқан қабілетті, дарынды адамдар ешкімнен ештеңені қызғанбайды. Рушылдық, жершілдік те оларға тән емес. Олар дүниеге ұлт мүддесі тұрғысынан қарайды. Шүкір, қаламгерлер арасында менің осындай пікірлес, мұраттас достарым да аз емес. Қарап отырсам, солардың бәрі – талантты адамдар екен. Солардың ішінде қоян қолтық араласып кетпесек те, іштей жақсы көріп, сырттай сыйласатын бір досым болды. Ол – марқұм Өтежан Нұрғалиев еді.

Өтежан Алматыға 1958-жылы күзде келді. Кездесудің сәті түспепті. Ол келерден бір ай бұрын университеттің екі курсын бітірген мені Қытай үкіметі қайтарып алып кеткен-ді. Бірақ Өтежанның атына қанық едім. Жазға салым оның бір топ өлеңі «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған. Ағып тұрған поэзия. Ақтөбелік жас ақын, тракторшы екен деп естігенбіз.

Сол жылы КазМУ-ге оқуға түскен ол менің мұнда қалған достарым: Оразақын, Аманжандармен танысады (ол, сірә, менің газетке шыққан кейбір өлеңдерімді де оқыса керек). Мені Қытай үкіметі ары қарай оқытпай алып кеткенін естиді. Ол кезде мен Үрімжідегі Шыңжаң университетінде талқыға түсіп, «күреске» алынып жатқан кезім. Қайтпайтынымыз мәлім болған соң. Алматыдағы достарға хат жазып, жағдайды хабарлағанмын. Бір күні қарасам, Алматыдағы Өтежан Нұрғалиевтен хат келіп тұр. Ішінде Оразақынмен бірге түскен фотосы бар. Ал, хат... Жәй хат емес, өлең... Бастан-аяқ бір мүдірмей ағылып тұр. Өлең хатта бәрі айтылған: бет көрісе алмай қалған өкініш те, көңіл айту да, басқа түскен тауқыметке мойымауға шақырған жігерлі үн де, бәрі бар. Амал не, өлеңмен жазылған сол ұзақ хатты сақтай алмай, қашып-пысып жүргенде жоғалтып алдым. Түпнұсқасы Өтежанның өзінде де қалмаған ау, кейінгі жинақтарынан көре алмадым.

Біз, Өтежан екеуіміз төрт жылдан кейін, 1962-жылы мен Қытайдан көш бастап келген соң бір-ақ ұшырастық. Өтежан КазМУ-дың бесінші курсында оқиды екен. Ал, мен үзіліп қалған оқуды үшінші курстан қайта жалғадым. Өтежан бұл кезде танылған, талантты ақындар қатарына қосылыпты. Бірақ арамыздағы бір нәзік жіп үзілген жоқ. Баяғы айдауда жүргенде жазылған хат жылуы әлі де суымағандай.

Өтежанның жалпы адамдық қалпы, мінез-құлқы ешкімді қайталамайтын, өзінше дара еді. Көп кешікпей, оның бұл қоғаммен тым үйлесіп кете алмағанын байқадым. Белсенділерді кекеп-мұқап, теріс-қағыс сөйлейтінді шығарыпты. Оның оғаштау қалжыңдарын санаулы адамдар ғана түсінетін. Өтежан ортамызға түссе бір мереке, мәз болып қалатынбыз. Оның поэзиясы да тереңдей түскен. Соғыс кезіндегі майдангерлер тағдырынан жазылған балладалар топтамасы – қазақ өлеңіне қосылған соны серпіліс болатын. Амал не, ақынның мол табысын мемлекеттік сыйлықпен атап өткен ешкім болмады. Нәзік жанды ақын рухани жақтан амалсыз сынды. Ол енді өмірдегі кей жаңалықты сайқы-мазақ түрінде қабылдайтын еді. Өтежанның өзіне берілген «Құрмет» орденін костюмына емес, пальтосының жағасына қадап жүретіні содан.

Өтежанды сөзбен сүріндіру қиын. Ал, бірақ жүйелі сөзге тоқтай қалушы еді. 1980-жылдардың орта шені. Таудағы шығармашылық үйінде «Дарабозды» жазып жатқан кезім. Сол жылы Өтежан да сонда жатып жазу жазды. Бос уақытымызда бірге сейілдеп әңгіме соғамыз. Бір күні екеуіміз есік алдындағы орындықта күншуақтап отыр едік. Қала жақтан қоржын-қолаңын көтеріп, Өтежанның әйелі келе қалды. Қысқаша аман-сәлемнен кейін, Өтежан әйеліне:

- Мынау үзіліске шыққан кезіміз. Бізді мұнда еріккеннен қыдырып жүр деп ойлама! Қайда барсақ мойнымызда бір есектің жүгі, – деп өзінше ақталып, шағым айтқан болды да: - Ал, мына қарсыңда отырған – романист, тірі классик, жақсылап танып ал... Бірақ романистер бізді оқымайды, ақындарды менсінбейді, – деп өзінің қылжақбас қалжыңына көшті.

Сонда мен отырып, осыны бүгін бір сүріндірейін деген ойға келдім де:

- Әй, Өтежан, сенің әлгі «Еркем сенің әрбір сөзің алтын ғой, ертең сенің сегізінші мартың ғой» дейтін әйелің осы екен ғой, дұрыстап таныстырмайсыңба былай. Сонан соң тағы бір өлеңіңде:

Аспаннан үш-ақ тамшы түскені ме,

Жер оны шөлдесе де ішпеді ме?

Үңіліп отырушы ем қайран қалып,

Қалқамның бетіндегі үш меңіне! –

деуші едің. Өлеңді келінге арнағаның көрініп тұр. Келіннің екі бетінің ұшында, иегінде үш меңі бар екен... Енді айтшы: сенің өлеңдеріңді оқымасам, бұл не? – дедім.

- Мен қателесіп жүр екем, кешір! – деді Өтежан бірден мойындап. Соны айтып, басындағы кепкасын менің аяғыма қарай шиырды.

Өтежанда жершілдік, рушылдық деген болмайтын. Ана жылдар Өтежанмен рулас бір ақсақал жазушымен менің екі-үш жыл соттасқаным бар ғой. Сонда ол ылғи да мен тарапта болды:

- Байқа, менің ағам – ешкімге жаны ашымайтын коварный адам! – деуші еді марқұм. Анда-санда телефон соғып, халімді сұрап тұратын. Мен 2007-жылы Астанадағы Жоғарғы соттан жеңіспен оралғанда, алдымен келіп құттықтаған адам – Өтежан еді.

Шіркін, сондай азаматтар да өтті-ау өмірден. Амал не, асылдарды сақтай алмадық, көзі тірісінде кәдіріне жетпедік!

2012-қазан.