Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Мақалалар

Тарихты зерттеу ғылымына, тарихи көркем әдебиетке жол ашылды "Қазақ әдебиетi", 30-қараша (№ 47), 2018


Мен президенттің "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласын ауруханада жатып бірер күн кеш оқыдым. Бірақ ауыру төсегінде жатсам да, өзіме қатты ұнаған мақалаға үн қоспай қала алмадым.

Президент мақаласының оқырманды бірден баурап алу себебі неде? Меніңше, көптің көңілінде жүрген жайларды дөп басып айта білуінде. Жане оның басқа емес, президент ауызынан шыққанында. Осындагы кейбір фактілер әр кезде шет-пұшпақтап айтылып та жүрді. "Кейде би айтқанды құл да айтады, бірақ аузының дуасы жок" деген сөз бар. Президент бұл жолы ұлтымыз мақтаныш етер мәселелерді біртұтас концепцияға айналдырып, биік бағдарлама дәрежесіне көтерген.

Жылкы туралы алғашқы бөлім - мақаланың қолқа жүрегіндей. Жылқы дегеніміз – қазақ. Қазақ дегеніміз – жылқы. Көшпенділер ұзақ ғасырлар бойы Еуразияда үстемді орында болуы – желден жүйрік сәйгүліктердің арқасы. Мақалада салтатты сарбаз тұлғасы мен атты әскердің құдіреті өте орынды айтылған. Фольклорда, эпостық шығармаларда тұлпардың тұлғасы батырдан кем сомдалмаған. Мысалы, Қобландының Тайбурылы, Қамбар батырдың Қарақасқасы, Қабанбайдың Қубас аты дегендей...

Отaршылдар көшпенділердің жаны жылқыда екенін жақсы білді. "Қазақты жылқыдан ажыратып жаяу қалдырмайынша, біздің ырқымызға көнбейді" депті Голощёкин. 1929-1930-шы жылдары кәмпескеден түскен өзге малды түгел сойып, Ресей қалаларына жөнелткенде, орыстар етін жемейтін жылқыны қайтеміз деген мәселе туған екен. "Онда жылқыны сай-сайға иірип қойып атыңдар" депті Голощёкин. Бұйрық табанда орындалған. Қарулы солдаттар жылқыны сайға қамап тұрып пулемёттің оғына ұстаған. Міне, Қазақстандағы миллиондаған жылқы осылай қарап болды. Бұл тақырып менің "Сәйгүліктер" атты повесімде жан-жақты суреттелген.

Атты баптау, ер-тұрманын сайлап атқа міну – өз алдына бір мәдениет. Бірақ, қарап отырсаңыз, біздің түркілер, оның ішінде біздің қазақтар да бар, атқа міну үрдісінен қарайып қалған секілді. Тарихи киноларға қарасаң, сарбаз арба айдаған кісідей тізгінді екі қолымен бірдей ұстайды. Тақымы ертоқымға жабыспай қопаңдайды. Ал біздің бабаларымыз тізгінді сол қолында ғана ұстаған, оң қолын қамшыға, тағы басқа қаруға қалдырған.

Ендігі бір әңгіме – киіз үй туралы. Сәнді қалалар, әсем сарайлар салған жұрттарға талас жоқ. Ал, бір сағатта тігіп, бір сағатта жығып ала қоятын киізүйді көшпенділер ғана ойлап тапқан. Күші басым жау таяп қалған кезде, үйлерін жығып, бір ет асым уақыт ішінде жұртын сипатып кеткен...

Осыдан экология мәселесіне келуге болады. Біздің бабаларымыз жерді аялаған, өріс-қонысын тоздырмаған. Бір жерде бір айдан артық отырмайтыны содан. Балаларға көк шөпті жұлдырмаған, көк талды қидырмаған, өзен-бұлақ бойларында кір жудырмаған…

Ал қазақ көшінің сан түрі бар. Хандық дәуірдегі қазақтың көші айшылық алыс жол басқан. Қыста Сырдария бойында, қалың қопалы Арыс, Шудың бойын қыстап, жазда Арқа жерін жайлаған. Мамыр, маусым, шілде, тамызда Ертіс, Есіл, Тобыл бойларын жайлап, қыркүйекте көштің бетін қайтадан түстікке бұрған. Мұндай ұзақ аламан көштің үрдісі жоңғар шапқыншылығынан кейін ғана үзілген. Көш – қазақтың салтанаты, қазақтың көрмесі. Көш барысында ер азаматтар, қыз-келіншек, жас әйелдер сәнді ертоқымдарын ерттеп, сәйгүлік аттарына мінеді. Кілем-кілшесін жүк үстіне жауып, жол жөнекей "бұл кімнің көші?" дегізіп, көш бойын сауық-сайранмен өткізеді. Асықпайды. Асығатын не бар? Батыры мен биі көшпен бірге келе жатыр, хан ордасы да сол көштің жуан ортасында. Демек, сонау Сыр бойынан Арқаға дейінгі айшылық алыс көште тойын тойлап, аңын аулап, төрт түлік малын шұбыртып асықпай көшетін болған.

Көшпенділер көшуді бір азап деп, бейнет деп қарамаған. Аспандағы құстар қалай қалықтап ұшса, қанатым талды демесе, көшпенділер де көш үстінде өздерін солай сезінген. Көшпенділердің өмірін сезінбейтін адамдар ғана кейде мұны қате ұғынады. Өткенде бір жазушының тарихқа арналған кітабын оқып отырсам, көшті бір бейнет, бір ауыршылық, адам басына түскен бір қасірет қылып суреттейді. "Қашан жетер екенбіз" деп, есі шыға шаршап-шалдығып келе жатқан бір адамдар... Бұл – көшпенділер табиғатын білмейтін адамдардың долбары.

Тағы бір ойға оралған нәрсе – президент мақаласында қазақтың бір кездегі өндірісін, алтын мен күмісті, мыс пен жезді қалай алғанын атап өткен екен. Осы тұста қазақтың тағы бір өнері еске түседі. Еуразия даласында, мәселен, арбаны ойлап тапқан – Қаңлылар. Жалпы, қаңлы деген сөз – арбалы деген сөз. Көз алдыңызға елестетіңіз: қырық-елу арбадан құралған қаңлының көші келе жатыр. Оның сол кездегі қанғыр-күнгір еткен арбалардың ұласқан дауысы түстік жерден естілетін болған. Бара-бара, арбалы деген сөзден қаңлы деген сөз шыққан. Бұл өте ертеде, біздің жыл санауымыздан неше ғасыр бұрын Қаңлылар арбамен көшіп жүргені. Ал, ол заманда төрт дөңгелекті көлікті ойлап табу – қазір самолётті немесе ракетаны ойлап тапқанмен бірдей. Қытай деректерінде осы нәрсе сақталынған.

Нұрсұлтан Әбішұлы өз мақаласында алдағы істелетін міндеттерді де қағыс қалдырмаған. Ұлы есімдерді ардақтау бөлімінде де ойластыратын жайлар баршылық. "Тарихты үйрену мен патриоттық тәрбие мектеп қабырғасынан басталу керек" депті мақаланың бір жерінде. Осыдан кейін өткен жылдары тарихты керексіз деп танығандар, тарих пәніне қысым көрсеткендер, тарих сабағының сағаттарын азайтқандар қайтадан ойланатын шығар деген үміттеміз!

Қазақстан халық жазушысы
Қабдеш Жұмаділов

«Қазақ әдебиеті», желтоқсан 2018