Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Мақалалар

Шекараның да шырғалаңы аз емес


– Жалпы біздің елімізде тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде іске асырылған реформаларда ойланбай істелген олқылықтар көп, қателіктер мол. Ауылды тоздырып алғанымыз, жекешелендіру кезінде малды құртып жібергеніміз, т.б. Сондай қателіктердің бірі – шекаралық аудандарды жабу, елді мекендегі халықты шекара бойынан алыстатып алғанымыз. Мысалы, Нарынқол ауданы 100 шақырымдай шегініп, Кегенмен қосылып, Райымбек ауданы болып құрылды. Андреевка деген бұрынғы шекаралық аудан Үшаралға бірікті. Мақаншыны да кері шегіндіріп, Үржарға қосып тынды. Тарбағатай ауданының орталығы Ақжарды Ақсуатқа, Қатон-Қарағайды Үлкен-Нарынға қосақтап жіберді. Мен енді осының бәрі қателік деп есептеймін. Өйткені, мен шекара бойын жақсы білемін, осы шекаралар – менің талай жүріп өткен жерлерім. «Тағдыр» деген романымды жазарда мен сол Тарбағатай, Алтай өңірін атпен, көлікпен жүріп өткенмін. Шекара мәселесін зерттеуде Қытайға да талай мәрте барып қайттым. Ал, Қытайда не істеп жатыр? Олар біз сияқты кері шегінген жоқ, керісінше, шекара бойына елді мекендерді тіреп, ала бағанның айналасын толтырып жатыр. «Бақты» шекарасынан өтіп көріңіз, «Қорғас» шекарасынан өтіп байқаңыз – ішкері жақтан келген халықты шекара бойына топтап, көбейтіп жатыр. Ал, біз осыны керісінше істеп жатырмыз. 

Біздің шекара бойындағы халықтың өзі – бұрыннан шекарашылар. Шекара қорғауды білетін, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, сарбаздарға көптеп көмектесетін адамдар. Өздері шекараны қорғауға атам заманнан бері әулетімен, түп-тұқиянымен бейімделген адамдар. Ал, біз осындай халықты кері шегіндіріп әкеттік. Бір кездері ол қаржының тапшылығынан, қолдың қысқалығынан дегендей неше түрлі желеу, сылтаулар айтылған. Қазір қолымыз қысқа емес қой, құдайға шүкір. Ақша көп дейміз, қаражат бар дейміз, ақша, тіпті, игерілмей жатады миллиондап, миллиардтап. Оны мұқият жұмсап, сол аудандарды қайтадан ашу керек шығар. Аудан орталықтарын қайтадан қалпына келтіру керек. Орталық көшкен соң, білгілі жайт – халық өзімен-өзі кетіп тынады. Шекара бойы иен қалады. Осыдан барып Арқанкергендегі сияқты оқиғалар туады. Міне, мәселе қайда?! Мен шекара бойындағы адамдарды сиретпеу керек, ешқайда көшірмеу керек деген пікірдемін.

Өткенде Қытаймен екі арадағы шекараны бекіткен кезде 450 шаршы шақырым жерді Қытайға беріп жібердік. Қытайдың бізге өтіп кеткен жері жоқ болатын. Олар Ресеймен шекара бөліскен кезінде екі елдің мамандары ол жерлерді арқандап тұрып бөліп алған. Бұл туралы мен «Тағдыр» атты романымда жазғанмын. Ал, 450 шаршы шақырым деген аз жер емес. Күні кеше ғана Монако деген елмен достық қатым-қатынас орнаттық деп жүрміз ғой. Франциядан бөлінген княздік бар-жоғы 2-ақ шаршы шақырым жерде отыр. Қырық мыңдай ғана халқы бар. Бізді сірә, ол елдің банкілері қызықтыратын болар. Соны ел деп танып, қатынас орнаттық қой. 450 шаршы шақырым жер мен білетін ең шұрайлы, құйқалы өңір болатын. Сондай жерді алды. Бұл – бір. Екіншіден, стратегиялық тұрғыдан, қытайлар биік тұрғыға ие болды. Мысалы, Барлыққа барыңыз, Тарбағатайға барыңыз – бәрі де мен жүріп өткен жерлер. Биік тұрғыларды алған соң, құдай оның бетін ары қылсын, сол жерлерге қару-жарақтың аузын бері қаратып, қарауыл қояды. Ал, сол жерлерді біздің шенеуніктер барып көрген жоқ. Кабинетте отырды да қолдарын қоя салды, қазақта жер көп деп. Міне осындай қателіктерге жол бердік. Жаңағы 450 шаршы шақырым қазақ жері қайтпайды енді. Енді тек қалай болғанда да шекара бойындағы елді өз қонысына қайта апарып, ел іргесін бекемдеуден басқа амал жоқ. 

Бұрынғы аудандарды жабу – уақытша жасалған шара болатын. Енді қазір халық көбейді, қолымыз ұзарды, сол аудандарды қайтадан құруға болады ғой. Міне, сонда ғана мемлекеттің іргесі бекиді.

Ұлт times№ 26, 8.11.2012