Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Мақалалар

Қолдан құрастырылған жасанды тарих кімге керек?


Таяуда Алматыдағы № 12 гимназия ұжымынан тойға шақырған хат келді. «Мектебіміздің 90 жылдық мерейтойының қадірлі қонағы болыңыз» депті әлгі хатта. Мерейтой салтанаты 28-қараша күні сағат бесте, М.Әуезов атындағы драма театрындаөтеді екен.

Міне, қызық! «Таңғажайып бұл қалай хат» дегендей, ештемеге түсінбей, аң-таң қылып мен отырмын. Мені таңғалдырған – мектептің тойы емес, «90 жылдық» деген тарихи дата. «Бұл қалай болғаны? Той жасағалы жатқан мектеп – баяғы өзіміз аштырған 12-мектеп пе, әлде басқа бір оқу орны ма? Біз аштырған мектепке биыл небәрі 45 жыл толады. Сонда бұлар өз жастарын тоқсанға қалай толтырып жүр» деймін өзіме-өзім сұрап қойып.

Көз алдымда бірден сонау 1970-жылдың жазы көлбеңдеп тұра қалды. Қазақтың қай кемістігі толып тұр еді ол жылдарда? Ұлт тағдырына байланысты ой да көп, уайым да көп еді зиялы қауымда. Солардың ішінде, әрине, жанға бататыны – астанамыз Алматыда бірде-бір қазақ мектебінің жоқтығы болатын. Рас, қалада бір-екі жерде қазақша оқытатын мектеп-интернаттар болды. Бірақ оларда қаланың өз балалары емес, қырдағы малшы-жалшының, жетім-жесірдің балалары оқитын-ды. Астанада қазақ мектебінің жоқтығы зиялы қауымның шымбайына батқанымен, олар соны ашық айтатын халде емес еді. Сенесіз бе, сол кездегі ірі ғалымдар, мүйізі қарағайдай жазушылар: «бізге қазақ мектебі керек. Балаларымызды өз ана тілінде оқытқымыз келеді» деген сөзді айта алмпты ғой. Әрине, оларды да түсінуге болады. Ол заманда жаңағыдай талап қойған адам «ұлтшылдар» ауылынан бір-ақ шығатын-ды.

Бәлкім, Хрущевтың «жылымығы», Брежневтің «жұмсақтығы» әсер еткен болар, баланы өз ана тілінде оқыту деген талап 70-жылдары біздің тұсымызда белең алды. Ашығын айтқанда, Алматыда өз баласын қазақша оқыту біздің буыннан басталды деуге болады. Өйткені біз балаларын ана тілінде оқыта алмаған аға буынның қасіретін көріп өстік қой. Баласы әкесінің шығармасын өз тілінде оқи алмаудан, әжесі немересімен тілмәш арқылы сөйлесуден өткен трагедия бола ма?

Біз, осындай жаңа көзқараспен қаруланған бір топ жігіт «биыл Алматыда қалайда қазақ мектебін аштыруымыз керек» деген байламға келгенбіз. Сөйтіп ширығып жүргенде, «Карл Маркс көшесі мен Киров көшесінің қиылысында (қазіргі Қонаев көшесі мен Бөгенбай батыр көшелері) жаңадан салынған мектеп үйі бітіп тұр» деген хабар құлағымызға тиді.Барып көрсек, шынында да, жаңа типпен салынған үш қабатты мектеп ғимараты саңғырап дайын тұр екне. Ұзаса бірер айлық ғана ұсақ-түйек жұмыстары қалған. Біз «Құдай берді! Қалайда осы мектептен айрылмауымыз керек» деген тоқтамға келдік.

Осы оймен, ішімізде Қадыр Мырзалиев, Шона Смаханұлы, бір-екі жас журналист, бір ғылым кандидаты бар жетеуіміз 1970-жылы, мамыр айының орта шенінде сол кездегі оқу министрі Кенжалы Аймановтың қабылдауына бардық. Кенжалы ағамыз орта бойлы, қорғасын құйған сақадай топ-толық, екі көзі танадай, аққұба келген, жылы жүзді адам екен. Біразымызды сырттай білетін болса керек:

-           Ау, жігіттер, топтарыңмен неғып жүрсіңдер, Не шаруа? – деді бетімізге күле қарап.

Біз бірден бұйымтай шаруамызға көштік:

-           Бізге мектеп керек, Кенжеке! Республика астанасында бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Сырттан келетін қонақтардан ұят, тіпті... Сондықтан, осы биылдан қалдырмай қазақ балаларына бір мектеп ашып беріңіз! – дедік министргеқандауырдай қадалып.

-           Бізде жаңа мектеп ашу бір-екі жыл бұрын жоспарланады ғой. Биыл жаз ортасында сендерге ондай дайын мектепті қайдан табамын? – деді Айманов басында бізден оңай құтылғысы келіп.

-           Біз ондай мектепті тауып келіп отырмыз. Карл Маркс пен Киров көшелерінің қиылысында үш қабатты мектеп үйі бітіп тұр. Бізге соны берсеңз жетеді! – дедік алған бетімізден қайтпай.

-           Ойбай-ау, ол – мың балалық мектеп қой. Оған баланы қайдан табасыңдар? – деді министр кәдімгідей дағдарып. Әйткенмен, жібі босап қалғаны байқалады.

-           Табамыз! – дедік біз одан ары өршеленіп. – Мектеп – сізден, бала – бізден болсын, Кенжеке! Бір айдың ішінде мың баланың тізімі алдыңызда жатады. Оған үлгірмесек, өз обалымыз өзімізде, жаңа мектепті орыстарға бере беріңіз...

-           Әй, бірақ бала жинау қиын болады ғой! – деп, енді біз үшін Аймановтың өзі қинала бастады. – Өздерің білесіңдер, қалада қазақтың саны отыз пайыздан аспайды. Олардың өзі әр ауданда шашырап қоныстанған. Олар шалғайдағы қазақ мектебіне бала тасығаннан гөрі, баласын қарыс жердегі орыс мектебіне бере салғанды артық көреді... Қиналып қалмайсыңдар ма?

-           Қиналмаймыз. Қазір халықтың санасы оянды ғой, Кенжеке! Тіпті болмаса қазақтың алдынан тағы бір өтіп, бағымызды сынап көмейміз бе?! – дедік біз де ерленіп – Егер бір айдың ішінде мың баланың тізімін әкелсек, мектеп – біздікі болады ғой? Осыған келісесіз бе?

-           Солай-ақ болсын! – деді алды кең, қазақ жанды Кенжекең кеңк-кеңк күліп.

Кейін ойлап қарасақ, біз сол күні өз ұлтымыз үшін үлкен бір іс тындырған екенбіз. Ал министр Аймановтың ол кезде екінің бірі бара бермейтін батыл қадамы – нағыз ерлік еді. Өйткені отаршылдар Алматы сияқты орысы көп қалаларда қазақ мектебін ашуға рұқсат етпейтін-ді. Мектепті былай қойып, ұлт тілінде бала-бақша ашуға қазақтың құқы жоқ-тұғын. Сексенінші жылдардың ішінде қайта құрудың шарапатымен Алматыда қазақ бүлдіршіндеріне арналып «Ертөстік» атты бала-бақша ашылғанда, «Правдa» газеті соның өзін асқан «ұлтшылдық» деп тауып, бірнеше мақала жариялады-ау!

Ия, сонымен біз, жеті жанкешті министрдің алдынан ауыр міндет арқалап шықтық. Қалайда айтылған сертті орындауымыз керек. Сол тәуекелмен іске бірден кіріп кеттік. Сөйтсек, қазақ мектебін ашу – ұлттың жарылғалы тұрған жарасының аузы екен ғой. Көмекшілер лезде көбейіп кетті. Көп ұзамай жаңағы жеті адам жетпіске айналды. Қолымызға бір-бір дәптер ұстап, Алматы көшелерін кезіп кеттік. Қазақтар тұратын үйдің есігін қақпай өтпейміз. Әрине, баласын қазақша оқытқысы келмейтіндер де бар екен. Әсіресе лауазымды шенеуніктер қазақ мектебіне пысқырмайды да... Оның есесіне, зиялы қауым мен қарапайым қазақтар бізді бірден қолдап кетті.

Тізім мынадай тәртіппен жасалды : Баланың аты-жөні, оқитын сыныбы, мекенжәйі, үйінің телефоны... Содан, не керек, маусым айының аяғында, біз министрге мың емес, мыңжарым баланың тізімін алып бардық. Әр дәптердегі тізімді жазуы жақсыбіреуге біркелкі табақ қағазға көшірткенбіз. Бірнеше орам болған сол тізімді министрдің үстелінің үстіне мақтанышпен жайып тастадық қой!

Соны көргенде Кенжалы Аймановтың қуанғанын көрсең! Тақ бір бәйбішесі ұл тапқандай масайрады-ау! Әсілі, Алматыда қазақ мектебін ашу ол кісінің де арманы болса керек. Өздігінен бастама көтеруге лауазымы жар бермейді. Сондай кезде біз сияқты жалаңтөс жанкештілердің өзіне сенімді серік болғанына төбесі көкке жеткендей қуанды.

-           Жарадыңдар, жігіттер! Сөздеріңде тұрдыңдар, – деді әрқайсымызды алма-кезек құшақтап! Шынымды айтсам, сендер мұнша баланы жинап алмас деп ойлап ем... Амал жоқ, енді мен де сөзімде тұруым керек. Мектеп – сендердікі!

-           Рахмет, Кенжеке! Бірақ мыңжарым бала мына мектепке симайды ғой,  – дедік біз одан ары еркінсініп.

-           Сияды... Сиғызамыз! Сол жаңа мектептің дәл қасында екі жүз балалық бастауыш мектеп бар. Жақсы хабарларың үшін, сүйіншіге сол мектепті қоса беремін! – деді көңілі тасыған министр.

Бәрі де сол Кенжекең айтқандай болды. Сол жылы Алматыда тұратын қазақтар алғаш ретсаңғыраған жаңа мектепке ие болып, балаларын оқыта бастады. Жүзден астам қазақ мұғалімдеріне қызмет табылды. Ал, халықтың қуанышын сұрама! Несін айтасың, бұл бір астанада ұлттық рухтың көтерілген жылы болды ғой. Көптеген ағайындар жоғарғы сыныпта оқитын балаларын орыс мектебінен жұлып алып, жаңа ғана ашылған 12-мектепке әкеліп берді-ау!

Ал, менің өз басыма келсек, ол мектеп ашылған жылы үлкен үлым Арман төрт жаста, одан кейінгісі екі жаста болатын. Сол балалардың қамы ғой – жүгіріп жүргенім.Ұрпағым ана тілінде оқысын, ұлттық нәр алып, ұлттық тәрбие, ұлттық мінез қалыптастырсын деген тілек. Кейін менің төрт балам, немерелерім осы мектептен білім алды. Өз еңбегіміздің жемісі болғандықтан ба, 12-мектеп көңілімізге өте жақын. Табыстарына қуанып, тілектес болып отырамыз.

Енді, міне, осыдан 45 жыл бұрын ашылған сол мектеп өзінің «90 жылдық » тойына шақырып отыр. Бұлардың өз тарихын қалай екі еселеп, тоқсанға толтырып алғаны түсініксіз. Әзірше, бірдеңе айту қиын. Не де болса бара кореміз. Сол оймен, Әуезов театрында өтіп жатқан салтанатты мерекеге біз де ат басын тіредік. Залда ине шанышар жер жоқ. Әр жылдары 12-мектепті бітірген түлектер, қаладағы қазақ мектептерінің ұстаздары, ата-аналар симай отыр.

Оқылған баяндамадан, сөйлеген шешендердің сөзінен ұққанымыз – мектеп шежіресін жасаушылар оның тарихын онан-мұнан құрап, неғұрлым ұзаққа созуды ойлаған сияқты. Ол үшін не істеген дейсіз ғой? Сонау 1924-жылы, Алматы әлі астана болмай тұрғанда, осы қалада басында интернат-жетімхана болып ашылып, кейін әдістемелік тәжірибе мектебіне айналған оқу орны болса керек. Шежірелер 12-мектепке алдымен соны қосып алыпты. Бұлардың «90 жылдық» деп жүргені сол екен. Баяғы патша заманында Верный қаласында бір Гимназия болып еді. Соны да қосып алу қалай естеріне келмеді екен? Сонан соң, отызыншы жылдардың ішінде осы қалада ашылған мектеп-интернат бар. Қаладағы жалғыз оқу орны сол болған соң, кезінде өнер мен ғылымның бірең қайраткерлері ( Күләш Байсейітова, Әбілхан Қастеев, Нұрғиса Тлендиев, Әсет Бейсеуов, т.б) осында оқыған көрінеді.Шежірелер сол мектеп-интернатты да өздеріне қосып алады... Естуімше, бұл жобаны ұсынған 12-мектептің алғашқы мүдірі (директоры) мақұм Рафиха Нұртазина болса керек. Біздіңше, олай етуге екі түрлі себеп болған сияқты. Біріншісі, және ең бастысы, отаршыл қожайындарға «Біздің ашып жатқанымыз – жаңа мектеп емес, бұрынғы ескі мектептің жалғасы» деу үшін. Екіншісі, баяғы мектеп-интернатта оқыған атақты адамдаардың абырой-даңқына ортақтасу үшін. «Міне, біздің мектептен осындай адамдар шыққан» деу үшін!

Міне, бүгін де баяндамашы мен шешендердің аузынан солар ғана айтылып жатыр. Баяғы қырқыншы жылдар бітірген интернат түлектерінен бір-екі қарт академик келген екен. Жиынға айрықша тон беріп, тойдың төрінде солар отыр... Ал осыдан 45 жыл бұрын №12 мектепті жоқтан бар етіп, көп қиындықпен ашқан ұлтжанды министр, марқұм Кенжалы Айманов туралы, оның жанкешті көмекшілері жайында бір ауыз сөз жоқ. Бейне, 12-мектеп 90 жыл бойы осы орнында мызғымай тұрған сияқты. Алматының қазақтары балаларын баяғыдан бері еш қиындықсыз емін-еркін оқытып келген сияқты... Мен шошына жағамды ұстадым. Тоба, тарихты кісінің көз алдында осылай да бұрмалауға болады екен-ау! Әлгі «ақтаңдақ» дегенді қолдан жасау ғой – мұның аты.

Жиналыстың орта шенінде Мұхтар Шаханов екеумізге сөз тиді. Мұндайда №12 мектепті өз қолымен ашысқан жалғыз тірі куә – мен не айтуым керек? Мен қазір ортамызда жоқ министр Кенжалы Аймановтың аруағы үшін, әрі марқұм қаламдастарым Қадыр Мырзалиев пен Шона Смаханұлының аманаты ретінде, осыдан 45 жыл бұрынғы оқиғаны қаз-қалпында баяндап бердім. «Бұл мектептің ақиқат тарихы осындай. Сіздерге шын тарих керек пе? Әлде қолдан құрастырған жасанды тарих керек пе? Таңдау – өздеріңізде » дедім мен залда отырған көпшілікке қарап.

Менің сөзім біреулерге ұнамады. Баяғы мектеп-интернатта оқыған, қазір сарай маңында жүрген бір академик қырылдап айғай салып, менің сөзімді бөлгісі келді. Не істейсің? Осылар сияқты туасала өтірікпен ауызданған, іштеріне шындық жақпайтын адамдар әлі де арамызда жүріп жатыр.

Мен сөзімнің соңында «егер менің қолымда билік болса, №12 мектепке марқұм министр Кенжалы Аймановтың есімін берер едім» дедім де,әр жылдар менің балаларыма сабақ берген, сынып жатекшісі болған ұстаздарды шын жүректен құтықтадым. Сонан соң тойға шашу ретінде, биыл шыққан кітабымнің елу томын мектеп ұжымына сыйға тарттым.

2014 – желтоқсан