Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Мақалалар

Күреспен өткен ғұмыр


Белгілі қоғам қайраткері, ұлтын сүйген азамат Жағда Бабалықов 90 жаста

Бұл күнде жасы тоқсанға толып отырған Жәкеңнің – Жағда Бабалықовтың бастан кешкен өмір белестеріне қарап отырсаңыз, осынау ұзақ та, мазмұнды жылдар бір-ақ мақсатқа – ұлт азаттығы жолындағы күреске арналған екен. Жағда ерте қанаттанды, күрес жолына да ерте түсті. Олай болатыны, ол өскен орта, уақыт, заман ағымы саналы азаматты күреске итермеледі.

Жағданың тәрбие алып ұшқан ұясы – Тарбағатай аймағы, Шәуешек қаласы. Өткен ғасырдың 30-жылдарына келгенде, Шәуешек – Қытай мен Ресей арасындағы сауда порты ғана емес, ұлт азаттығын аңсайтын идеялардың ошағына айнала бастаған. Оған түрткі болған себептер баршылық. Мәселен, 1918 жылы көктемде Алаш көсемдері: Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов, Райымжан Марсековтердің Шәуешекке барып, сондағы аз ұлт өкілдерімен әлденеше рет кездесіп, кіші құрылтай өткізіп қайтуы қараңғы елдің көкірегіне шырақ жағып, азаттық ұрығын сеуіп кеткендей болып еді. Ал кейін Алаш қозғалысы жанышталып, зиялы қауым жаппай қуғын-сүргінге ұшырап, қазақтың қақ жарымы аштық апатынан қырылған кезде Қазақстанда бас көтерер адам қалмай, азаттық жолындағы күрес тоқтап қалғаны мәлім. Бірақ азаттық идеясы өшіп қалған жоқ еді. Оның ұшқыны Шыңжаңға барып түсіп, өрт қайта қаулады. Ұлт азаттық күресі одан ары жалғасты.

1930 жылдары аштық апатынан қашқан елмен бірге бастарына іс түскен Алаш азаматтары да Шыңжаңға барып паналады. Олардың арасында белгілі адамдардан: Райымжан Марсеков, Зият Шәкәрімұлы, Ыбырайым Жайнақов, Тұрсын Мұстафин, т.б. бар еді. Олар онда жәй барған жоқ, қолдарына бір-бір шырақ ұстап барды. Сол жақта ағарту көшін бастап, жаңа ашыла бастаған мектептерде сабақ берді.

Ал, Жағда оқыған Шәуешек гимназиясында қазақтың, татардың, өзбектің бас сауғалап барған оқымысты "милләтшылары" ұстаздық етті. Семей өңірінде күні кеше Алаш ұранын көтеріскен Тұрсын Мұстафин, Масғұт Тәтенов, Әбетай, Оразғали деген мұғалімдер, Қазаннан келген Ғарип Бурнашев пен Хисим Баудин, ташкенттік Хамит Уахидов пен Пузайыл Мақсұм сынды оқығандар гимназияны жаңа идеялардың ошағына айналдырды. Ал өкше ізі Кавказ жұртыннан шыққан Сұлтан Қанафин – аталары Шамил көтерілісіне қатынасып, Қазақстанға жер аударылған әулеттің ұрпағы еді... Міне, осы зиялылардың басындағы идея, көкірек кернеген қыжыл Жағда сияқты талантты жастарға әсер етпей қойған жоқ. Тіпті, күйедей жұқты десе де болғандай. Әрқайсысы бір сіріңке жақсаң лау ете қалатын жарылғыш затқа айналған. Бұл үрдіс жалғыз Шәуешекте ғана емес, Алтай, Іле аймақтарында да үздіксіз жүріп жатты. Отызыншы жылдары идея, елес түрінде тараған азаттық қозғалысы қырқыншы жылдарға келгенде қарулы көтеріліске ұласты.

Жағда Бабалықов Шыңжаңда етек алған ұлт азаттық қозғалысының жуан ортасында жүрді. Шәуешекте тұтанған алау қырқыншы жылдары Үрімжіге оқуға барғанда, лаулаған өртке айналған. Өзі қатарлы көзі ашық жастармен тізе қосып, Шыңжаң институтында "Ұлт азаттық ұйымын" құрды. Бірақ тыңшылары мен жансыздары биттей өріп жүретін Гомендаң өкіметі тәжірибесіз жастардың бұл ұйымын жөргекте тұншықтырды. Ұйым мүшелері қатаң жазаға тартылып, Жағда 1943-1944 жылдары Үрімжі түрмесінде отырды. 1945 жылдың басында түрмеден босап, Шәуешекке оралған. Бұл келгенде Дубек Шалғынбаев сияқты басқа да біраз жастар осында бой тасалап жүрген-ді. Бұлар көп кешікпей Үрімжіде жанышталған "Ұлт азаттық ұйымын" Шәуешекте қайта құрды. Ұйымның бас алқасы – бес адам. Олар: Жағда Бабалықов, Дубек Шалғынбаев, Ахметқали Бітімбаев, Балқаш Бапин, Қалдыбай Қанафин ... Осы ұйымның пәрменді күресінің арқасында, 1945 жылы тамызда Шәуешек қаласы бір оқ атылмай бейбіт жолмен азат болды.

Бұл кезде Алтайда Оспан батыр бастаған қарулы көтеріліс жеңіске жетіп, Гоминдаң әскерін түре қуып келе жатқан. Ал Іледегі Әкбар, Сейіт, Ғани бастаған партизандар Құлжаны азат етіп, уақытша "Шығыс Түркістан" республикасын құрып жатқан-ды. Құлжамен бір мезгілде Тарбағатай аймағында да партизандық күрес етек алған. Жағда мен Балқаш бастаған қарулы жасақ Солтүстікке аттанған "Шығыс Түркістан" әскерімен Жайыр тауының бөктерінде ұштасып, күш біріктірді. Сол жылы күзде Шиху, Шепейзі шайқасынан кейін үш аймақ түгелге жуық азат болды. Жағда Шыңжаңдағы ұлт азаттық соғысын полковник шенінде аяқтады. Жастық жігердің арқасында шаршап-шалдығуды білмейтін, жеңістің буына мас болған, ол да бір бақытты күндер еді-ау, шіркін!

Шыңжаңдағы ұлт азаттық күресі басында Совет Одағының қолдауымен етек алғаны мәлім. Солтүстіктегі үш аймақ азат болған соң, оның жеңісін Қашқариядағы жеті аймақта жалғастырмай, орта жолда тоқтатып тастаған да – сол Совет Одағының өзі. Өйткені, Шығыс Түркістанда тағы бір түрік текті мемлекеттің пайда болуына Сталин тіпті де мүдделі емес-ті. Одан гөрі, Қытайда коммунистердің өкімет басына келуін күте тұрып, Шыңжаңды соларға басы бүтін сыйға тартқанды қолай көрді. Азаттық ұрысының бұлайша орта жолда тоқтап қалуы – ұлт азаттығы жолында алысқан Жағда сияқты азаматтар үшін, аса күйінішті, қайғылы күндердің бірі еді.

1949 жылы күзде Шыңжаңға коммунистердің билігі келіп орнады. Қытайдың қызыл өкіметі ұлт азаттық  күресі кезінде көзге түскен азаматтарды белгілі ір кезеңге дейін пайдаланды. Тәуір-тәуір қызметтерге қойды. Жағда бірден кадрлар дайындайтын өлкелік партия мектебі бастығының орынбасары болып тағайындалды. Сонан соң 1952-1955 жылдары Тарбағатай аймағының уәлиі (губернаторы) қызметін атқарды. 1956 жылы одан да жоғарылап, Іле  қазақ автономиялы облысының төрағасы болып сайланды.

Бірақ, кейін мәлім болғанындай, осының бәрі – арты баянсыз, Шыңжаңды толық игеріп алғанша ғана жасалған, уақыттық қана кеңшілік еді. Көп ұзамай-ақ империялық үкімет азу тісін көрсете бастады. Шыңжаңдағы ұлт азаттық армиясын біртіндеп таратып жібергені секілді, ұлттық армияның бұрынғы командирлері мен офицерлерін де сахнадан тайдыруға кірісті. Әсіресе, ұлт қамын ойлайтын, ұлтына қорған болғысы келетін Жағда сияқты белгілі тұлғаларға азулары қатты басулы еді. Соларды жазалау үшін, 1958 жылы "Жергілікті ұлтшылдарға қарсы күрес" дейтін науқанды ойлап тауып, аз ұлт зиялыларын шетінен «күреске» алып, жауапқа тарта бастады. Бұл да – сыннан өткен тәсіл. "Күрес" деп отырғаны – белгілі тұлғаны ортаға сүйреп шығарады да, шолақ белсенділер мен надан тобырдың талауына береді.

Осы науқанда Жағда Бабалықов №1 қазақ ұлтшылы атанды. Басқа ұлтшылдар – "Жағданың құйыршықтары" деген атақ алды. Айтып отырса, Бабалықовтың "қылмасы" бастан асады. Ол Шыңжаңды Қытайдан бөліп әкету ниетінде екен. Сөйтіп, Шыңжаңдағы, Моңғолиядағы қазақтарды Қазақстанға қосып, "үш отаудың басын біріктірмек» көрінеді. Ол және Қытайлардың ішкі өлкеден ағылып келуіне қарсы шығып, облыс байлығын тек қана «қазақтардың игілігіне жаратпақ болыпты» ... Тізе берсе толып жатыр. Мұндайда сенің достықпен айтылған ақ тілегіңді де, оң пікіріңді де теріске айналдыру оп-оңай екен ғой. Жағданың ана жылы Қытай саясатшылары ойлап тапқан "Қазақстан қазағы мен Қытай қазағы бір ұлт емес. Өйткені оларда территория бірлігі мен экономика бірлігі (Сталиннің анықтамасы бойынша) жоқ" дейтін теориясымағына қарсы шыққаны бар-ды. "Дүние жүзінде бір ғана қазақ ұлты бар. Тілі, тарихы, мәдениеті ортақ. Сондықтан Шыңжаң қазағы Қазақстан әліпбиіне көшуі керек" деп дәлелдеген. Белсенділердің: "Жағда үш отаудың басын қосқалы жүр" деп шуылдайтыны осы екен. Ал оның: "Қазақ облысы ішкеріден әкелінбек мың-миллион босқынды қабылдауға дайын емес" деген сөзі қытайлардың шиқанын жұлып алғанмен бірдей еді.

Сонымен, не керек, №1 қазақ ұлтшылын жазалау басталды. Қытайда "қылмысты адам өзін  еңбекпен өзгертеді" дейтін қағида бар. Жағданы да, бүкіл мансабы мен лауазымдарын сыпырып алып, Үрімжідегі машина жасау зауытына жұмысшы етіп жіберді. Ол осында екі жылдай бақылау астында ауыр жұмыстар істеді. Үміт үзілген. Енді бұл елде қалудың ешқандай мәні жоқ еді. Бір ғана жол қалыпты. Ол – атажұртқа қайту. Заманның беталысы күмәнға айналып бара жатқан соң, түбі бір қажеті болар деп, ана жылы Шәуешекте уәли боп тұрғанда, консулдан "кеңес азаматы", деген паспорт алып қойғаны бар еді. Кеңес азаматтары еліне қайтуға ерікті. Амал жоқ, Жәкең де сол көзірін іске қосты.

Бір қызық нәрсе, Бабалықовтың тоқсан жылдық өмірі шекараның екі жағында қақ бөлініп жатыр екен. Жағда 1961 жылдың соңын ала атажұртқа оралғанда небәрі 45 жаста еді. Әлі тұғырдан таймаған, өмірдің сан өткелінен өтіп, облыс, өлке басқарып келген нағыз толысқан шағы болатын. Бірақ, амал не, ол Алматыға оралғанда "қазақтың бір белгілі азаматы басына іс түсіп келді-ау, жаман-жақсы болсын, шетелдегі бір миллион қазақтың басшысы келді-ау" деп қарсы алған бір пенде болмады. Осыдан төрт-бес жыл бұрын делегация бастап, Қазақстанға ресми сапармен келгенде, жалпақтап алдынан шыққандар көп еді, енді соның бірі жоқ. Бұл жақтағы ағайынның да кісіні емес, креслоны сыйлайтыны көрініп-ақ тұр. Бұл енді империяның кезі ғой. Бір империяға жақпаған, "ұлтшылды" екінші империяның да ұната қоюы екіталай.

Осыны айқын сезді де, тумысынан намысқой Бабалықов ешқайсысының алдына алақан жайып бармады. Бірақ, кәсіп істемесе болмайтын еді, күнкөріс керек. Алғашында туыстары тұратын Жамбыл ауданына барып қой бақты. Құрылыста жұмысшы болды. Бір жылдай Ташкент пен Рубцовқа (Ресей қаласы) арасында пойызбен почта тасыды... "Жат елде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болам" деп іздеп келген өзі. Қандай қиындыққа да шыдауы керек. Бәріне де төзер еді-ау, әттең, тұрақты баспанасы болса көрінгеннің босағасында көзтүрткі боп жүрген бала-шаға анау ...

Жағданы пойызға почташы ғып орналастырған – "Теміржол" газетінде істейтін Ыбырайке Тыныкин деген жорналист еді. Ол Жәкеңмен бұрыннан таныс, елуінші жылдары Үрімжіде қызмет істеп қайтқан. Сол азаматтың жаны ашыды білем, бір күні бұған келіп: "Әй, Жағда, республика басшыларынан қайыр болмады" Сенің атыңнан Хрущевқа арыз жазып берсем, қол қоясың ба?" демесі бар ма?!

Жағдаға шегінетін жер жоқ-ты. Үй бетін көрмей пойыз үстінде жүруден әбден жалыққан. Сондықтан, өзі толық түсінбейтін орысша арыздың аяғына ойланбастап қол қойды. Арызда мұның Қытайдағы қызметі, қазіргі жағдайы біршама айтылған секілді.

Шіркін, кейде төтенше биліктің де қажет болатын кезі бар-ау! Жаңағы арызға жарты ай өтпей жауап келді. Орталық Комитет, одан теміржол басқармасы Бабалықов деген біреуді іздеп, сабылып жүр. Тез арада үй берілетін болыпты. Таяуда бітетін үй бар ма, соны іздестіріп жатса керек. Ақыры ол да табылды. Киров көшесі (қазіргі Бөгенбай батыр көшесі) мен 6 – линияның бұрышында жаңа салынған үй бар екен. Жәкеңе бірінші қабаттан үш бөлмелі пәтер тиді. Ол кезде үй таңдайтын күй бар ма, әйтеуір баспаналы болғанына разы еді. Міне, содан бері 44 жыл. Жәкең әлі күнге дейін ас үйіне екі кісі әрең сыятын сол тар қуыста тұрып жатыр ... Әйтсе де, Жағда ағамыздың Кремль көсемдерінің ішінде Хрущевқа деген ықыласы ерекше. Өзіне жасаған жақсылығы үшін ғана емес, 1962 жылы Шыңжаңнан босып өткен 200 мың қазақты еш кедергісіз қабылдағаны үшін.

Хрущевтан келген жауаптың тағы бір тармағында Бабалықовқа лайық қызмет беру тапсырылса керек. Орталық Комитеттің үгіт-насихат бөлімі енді бұған қызмет қарастыра бастаған. Сірә, КГБ-мен ақылдасқан болар, "Мәдениет және тұрмыс" деген бейуаз журналдан бір орын тауыпты. Редакторлық, не тілшілік те қызмет емес, хат бөлімінде тіркеуші ... Содан, не керек, Жағда осы журналда талай редакторды ауыстырып, табаны күректей 22 жыл (1963-1985) отырды. Сол баяғы хат бөлімі. Бір кездегі ел ағасы еді ғой, азаматтың қызметін өсірейік, жалақысын көбейтейік деген бір пенде болсашы! Ақыры, Жәкең сол орыннан зейнетке шықты.

Ол да ештеңе емес, бәрінен де қиыны – хат бөлімінде, Жағданың жұмыс үстелінде тұратын зілдей қара телефон. Ол пәлеге басқалар жоламайды, тұтқасын Жәкең ғана көтереді. Өйткені телефонның арғы ұшы КГБ-мен жалғасқан. Сенбі сайын қоңырау. Демалыс күндері қайда баратынын, барған жерінің адресін айтып тұруы керек. Шекара бойындағы аудандарға мүлде жібермейді. Бір жылы Үріжарда тұратын бір туысы қайтыс болғанда, соған топырақ салып қайтуға үш күнге зорға рұқсат бергені бар ...

Сонымен Жәкең екі империяның да теперішін бір кісідей тартқан адам. Марқұм Ерік Асқаровтың бір қалжыңы естен кетпейді. Бір жиналыстан шықса, сіркіреп жаңбыр жауып тұр екен. "Ерік-ау шатырыңнан қараспайсың ба?" дейді Жәкең. Сонда Ерік ойланбастап, "Жәке-ау, сздің Қытайға не орысқа сыймаған басыңыз менің кішкентай қол шатырыма қалай сияды" депті. Дарынды ақын қалай дәл тауып айтқан?!

Алайда, Бабалықов битке өкпелеп, тонын отқа жаққан жоқ. "Диірменде туған тышқан тықырдан қорықпайды" дейді ғой. Көрген құқайы осы ғана ма? Империялар қысымын көре-көре көндіккен. Империялық өкімет басқа да, туған ел, атамекен, халық басқа. Қайда жүрсең де өз ұлтыңа пайда тигізуге болады. Өз бойында көшпенділерден үйренген көп қасиет бар, этнографиялық білім бар. Естіген-білгенін жазып жүретін қойын дәптерлері қаттаулы тұр. Жәкең соларды бір шетінен хатқа түсіруге кірісті. Ең алдымен құсбегі Тұрлыбаевпен бірігіп жазған "Қыран құстар" кітабы шықты. Оның соңынан "Саят" кітабы жазылды. Сонан соң "Төрт түлік малдың індеті мен халықтық емдеу тәсілдері" дүниеге келді. Ал Жәкеңнің қазақ даласының әр түкпірінен тауып әкеліп, ғылыми айналымға енгізген тастағы жазулар мен ою-өрнектер өз алдына бір төбе. 

Жағда Бабалықовтың атажұртқа келгелі тындырған ісін, негізінен екі салаға жіктеуге болады. Оның бірі – жоғарыда айтылған этнографиялық еңбектері болса, екіншісі – саяси қозғалыстарға, тәуелсіздік талаптарына қосқан үлесі. Жасынан бойға сіңген ғадет. Саяси науқан басталса, әсіресе ұлт ұраны көтерілсе, Жәкең үйде шыдап жата алмайды. Баяғы Желтоқсан дүрбелеңіне (1986) араласып кетіп, біраз уақыт тергеуде болғаны бар. Демократия талаптарын сөз еткенде, Жәкеңнің пікірлес серігі – марқұм Сәбетқазы Ақатаев еді. Желтоқсан көтерілісінен кейін, 1987 жылдың қаңтарында, Сәбетқазы екеуі ақылдаса отырып, "Азат» қозғалысының жарғысын жазғаны әлі көз алдында. Қазір де Жәкеңнің әр алуан тақырыптағы мақалалары мен сұхбаттары баспасөзде жарияланып тұрады. Көпті көрген сұңғыла саясатшы қашанда қоғамның күре тамырын дөп басып, дәл айтады.

Жалпы, Бабалықовтар әулеті – Тарбағатай аймағы мен Шәуешек шаһарының кейінгі бір ғасырлық тарихында өзіндік із қалдырған белгілі адамдар. Сондықтан олардың бірнеше буыны менің романдарыма кейіпкер болып еніп отырды. Мәселен, Бабалық – "Тағдыр" романындағы орталық кейіпкердің бірі. Ол – бас кейіпкер Демежан үкірдайдың досы, қазақтан шыққан алғашқы саудагер, халыққа танымал адам. Романның басында әйгілі татар капиталисі Рамазан Шанышевтың арбасын айдап жүрген бозбала Бабалық, кітаптың соңында жұрт сыйлайтын ел ағасына айналады. Ал, "Соңғы көш" дилогиясындағы Жағыпар полковниктің прототипі – бүгінгі  той иесі Жағда ағамыз екенін көзқарақты оқырман жақсы біледі. Жағданың үлкен ағасы Оспан әке дәулетін одан әрі шалқытқан ірі бай болды. Ал, екінші ағасы Әубәкір Тарбағатайда "Совет азаматтары қоғамының» бүкіл экономикасын ұстап тұрды.

Өз басым Жәкеңді бала кезден білемін. Ол 1952 жылы Шәуешекке уәли (губернатор) болып келгенде мен гимназияда оқып жүргем. Осыдан бірержыл бұрын аймақта "Теріс төңкерісшілерді аластау» деген сылтаумен атып-асу, қуғын-сүргін етек алғанды. Жаңа келген басшы сондағы асыра сілтеуді  қалпына келіріп түрмедегі көп адамды ақтап, аймақ халқының алғысын алғаны есімде. Жәкең кейін жоғарылап өлкелік үкіметке мүше болды. Одан Іледегі автономиялық қазақ облысының төрағасы болғаны кезінде де көріп біліп жүрдік. Ақырында сол мансаптың бәрінен айрылып, Үрімжіде жұмысшы болған кезі де, Алматыда пойызбен почта тасып жүрген шағы да көз алдымызда. Менің бір таңғалатыным: Жағда Бабалықов бастық болдым деп тасыған жоқ, қызметін төмендеп қалдым-ау деп жасыған жоқ. Қашан көрсен жымия күліп тұратын сол баяғы Жәкең. Бұл екінің бірінің қолынан келетін нәрсе емес. Сөйтсек Жәкең жәй қатардағы шенеунік емес, қайраткер екен ғой. Шенеунік тақтан түскен күні "нөлге" айналады. Ал, қайраткер қызметтен алып тастасаң да, тіпті қапасқа қамап қойсаң да қайраткер болып қала береді.

Бұл күнде жасы 90-ға толып отырған Жағда Бабалықов еліміздегі абыз қарттардың бірі. Оралман қауымның маңдайға басқан қадірлі ақсақалы. Ол өзі аңсаған қазақтың тәуелсіздігін көрді. Дүниенің төрт бұрышынан Қазақстанға аңдыздаған көшті көрді. Сол үшін де бақытты. "Үш отаудың басын қосу» оның ежелгі арманы еді ғой. Ол да орындалуға жақын. Ал көрген бейнет, төккен тер, империялардың зорлығы... Оның бәрі ұлт азаттығының қасында түкке де тұрмайды.

15.09.2007 ж.