Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Мақалалар

Есте қалған екі әңгіме


1. Ақыштың бөртесі

Өткен өмірді еске алғанда ең алдымен сан түрлі адамдар көз алдыңнан өтеді. Олардың да бәрі емес, әрине, ерекше тұлғалар, қайталанбайтын айрықша мінездер. Ол адамдардың бірталайы менің «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романымда таңбаланыпты. Бұлардан басқа образға, көркем бейнеге айналып кеткендері қаншама. Осы жолы менің есіме адамдар ғана емес, кілең тұлпар текті қазанаттар түсіп отыр. «Ер қанаты – ат» дейді қазақ. Рас сөз. Көшпенділер өмірінде жылқы мен қазақты ажырату мүмкін емес. Жазушы Асқар Сүлейменов жылқы десе ішкен асын жерге қоюшы еді. «Басқаларың маймылдан жарала беріңдер. Мен өзім жылқыдан жаралғанмын» дейтін еді марқұм. Айтты-айтпады, біздің қазақты өз жерінде бірде-біреуі ұшыраспайтын қайдағы бір маймылға қосақтау обал-ақ.

- Қазақты түбегейлі бағындыру үшін, ең алдымен жылқыны құрту керек! – депті Филипп Исаевич Голощекин. – Астарында сәйгүлік аттар тұрғанда, олар сенің үгіт-насихатыңа пысқырмайды да. Қазақты жаяу қалдыру керек!

- Басқа малдарын түгел сыпырып алып, етін ішкі Ресейге өткізіп жатырмыз. Ал жылқыны не істейміз? Орыстар жылқы етін жемейді ғой, – депті қазақтың бір белсендісі.

- Онда жылқыны сай-сайға иіріп, пулеметпен атып тастаңдар!

- Атылған жылқыдан ел ішіне ауыру тарап жүрмес пе екен?

- Соған да ақылдарың жетпей ме? Өлген жылқының үстіне карасін шашып, өртеп жіберіңдер!

Белсенділер айтқанды екі етпей орындады. 1929-30 жылдар қазақ даласында байлардан тәркіленген жүз мыңдаған жылқы оққа байланды. Көріңде өкіргір Голощекин қазаққа жылқысыз өмір жоғын қалай дәл байқаған десейші!

Өз басым атбегі де, тұлпар текті жүйріктерді бітіміне қарап танитын сыншы да емеспін. Бар болғаны, жүйрік аттарға өле ғашықтардың бірімін. Ол да болса қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында өскендігімнен. Соған орай ара-тұра жылқы жайында жазатыным бар. «Сәйгүліктер» повесі, «Қарагер аттың хикаясы» тағы басқалар. Ал «Дарабоз» романын жазғанда, қолбасы Қабанбайдың өзінен гөрі астындағы тұлпары – Қубас атты мүсіндеу әлдеқайда қиынға түскені әлі күнге дейін есімде.

Ал нағыз сыншылар жылқының далада қалған қу басына қарап отырып-ақ, оның төркін-тегін айырған деседі. Баяғыда (18-ғасырда) атақты Қожаберген жырау бір жорықтан арып-ашып келе жатып, далада қалған жылқының қу басын көреді ғой. Сонда жыраудың әлгі басқа қарап тұрып: «Сені тұлпардың басы деп кім айтар, мені Толыбай сыншының баласы деп кім айтар» деп қамыққаны халық жадында сақталған.

Көшпелі қазақ елінде ер жігітті астындағы атына қарап бағалайтын-ды. Сондықтан еті тірі жігіттер әлденеше қара беріп, өнерлі, тәуір ат мінуге талпынатын. Байлар жылқы тұқымын асылдандыру үшін үйірге текті айғырлар салушы еді. Дәнішпан Бұқар жыраудың «Жабыдан айғыр салмаңыз. Жабыдан айғыр салсаңыз топқа бір кірер ат тумас» дейтіні содан. Ал шонжардың тұқымы, ұлы Абай: «Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс, ыза қылдың қолыма бір тигізбей» деп, ол кісі де нағыз тұлпарды армандап өткен ғой. Ал қаймана қазақ «Шабан ат пен шайпау қатынды» жігіттің жігерін құм қылып, адамды тез қартайтатын қырсық деп білген...

Мен ес білгенде біздің елде шашасына шаң жұқпас, текті тұлпарлар көп болмағанымен, бәйгенің алдын бермейтін өрен жүйріктер аз емес-ті. Мәселен, Тоқшараның Қаракөгі, Жомарттың Қарақасқасы, Еңсебайдың Сүлікқарасы, Сарсахыметтің Жирені, Кененбайдың Қоңыры дегендей... Бұлардың ішінде Жомарттың Қарақасқасы туралы әңгіме көп. Бір бәйгеде Қарақасқа ат оқ бойы озып келе жатып, суырдың ініне алдыңғы аяғын тығып алып жығылғанда жіліншігі үзіліп кеткен екен. Соның өзінде үш аяқпен жарысты жалғастырып, көмбеге екінші боп келген деседі. Сол еңбегіне орай, қазылар алқасы оған бірінші бәйгені берген екен.

Мен бұл тізімге өз тарапымнан Ақыштың Бөртесін де қосқан болар едім. Өйткені бұл жануар маған жаңағы жүйріктердің бәрінен де жақын, көзіммен көріп, қолыммен ұстаған, бала кезімнен көз алдымда өскен мал. Керек десеңіз, мен Бөртеге мініп, талай рет шаптым да. Олай болатыны, Ақыш – менің туған нағашым. Естеріңізде болса, «Таңғажайып дүниеде» 1916-жылғы көтеріліс кезінде Ертіс бойынан үркіп келген Айтымдар туралы біраз жазылған. Апам айтып отырушы еді: «Ертістен өтіп көшкенде он екі жасар мен жеке атқа мініп жүрдім де, бес жасар Ақышты ашамайға мінгізіп, жетектеп алдық» деп... Демек, Ақыш пен менің шешемнің арасы – жеті жас.

Айтымдар – онша көп емес, бәрін жинасаң он шақты ғана шаңырақ. Көш бастап келген ағайынды: Желдібай, Ордабай, Егінбай, Өлеңбай, Шерубай атты бес жігіт екен. Қалғандары – солардың өрен-жарандары. Ақыш пен менің шешем Қанипа – Егінбайдан тарайды. Жалпы айтымдар ұжымы берік, еңбекқор адамдар-тұғын. Ішінара болмаса сыртқы еншілері бөлінбеген. Бұл ауылда екі айғыр үйіріндей ғана, кілең құлан текті қара жал, құла жылқы болушы еді. Жайлауға шыққанда он бестей бие байлайды. Сөз болып отырған Бөрте ат – баяғыда Ертістен өздері алып келген Айтым жылқысының өз тұқымы. Құлын кезінен көз алдымызда өсті. Әсілі, «Бөрте» – төрт түлікте жылқыға ғана айтылатын, құла мен кердің арасындағы түс қой. Ал Бөрте атта сары мен ақсұр түстің де реніктері бар еді. Ол өзі – қазақтар «есік пен төрдей» деп атайтын тым кесек те жылқы емес-ті. Оның есесіне, орташа ғана тұрқы бар, тікшелеу келген, қақпан бел, қамыс құлақ, тәует бас, көздің жауын алғандай өте сұлу жылқы еді. Төрт аяғы бірдей сом жаралған, құйма тұяқ, қабырғалы, сербекті, бітімі тұп-тұтас жануар-тұғын. Қысы-жазы артық ет бітпейтін, қашанда тоқжырау қалпын сақтайтын-ды. Жорға да, жортақы да емес, Абайша айтсақ, «жүргенде тымақты алшы кигізгендей», алшаң басқан аяңы болушы еді. Ал шапқанда... Оның кереметі – осы шабысында еді ғой. Шапқанда жер апшысын қуырып, мінген адамның көзінен жас парлатып, айнала-төңірек тулақтай дөңгелеп кететін.

Ақыш нағашым Бөртені әдейі жаратып, аламан бәйгеге арнайы қосқан емес. Жануар тек айт пен тойда, көкпарда ғана көзге түсіп жүрді. Даңғаза даңққа құмартпайтын, ісік-желігі жоқ, шаруақор Ақыш Бөртені бәйгеге қосудың орнына, жазда арбаға, қыста шанаға жегіп алатын-ды. Ал Бөрте атта күш дегенің – сұрапыл. Бір өзі параттың жүгін тарта береді. Соған қарағанда, алдына қара салмайтын бәйге аттардың шабысы да – күшке байланысты болса керек.

Бала кезімізде бәріміз де Бөртеге мінуге құмар едік. Бірақ оқта-текте болмаса, Бөрте қолға түсе бермейді. Айтпақшы, бір жолы Ақжардағы Ақыштың Зәйімкесінен таудағы Жандыбай аңғарына дейін Бөртемен барғаным есімде. 1948-жылдың күзі. Зәйімкеде қырман бастырып жатқанбыз. Оразаның кезі еді. Жандыбайда тұратын Ақыштың қайынатасы Рақымбай ақсақалды ертеңгі «ауызашарға» шақырып бардым-ау деймін. Зәйімке мен Жандыбайдың арасы он бес шақырымнан кем болмас. Ауылдан ұзап шыға бере күре жолмен өрге қарай Бөртенің басын жібердім-ау!

Ой-хой, дүние! Көшпенді қазақтың баласы үшін бәйге аттың үстінде желмен жарысып шапқаннан артық не бар екен бұл жалғанда?! Тіл жетпейтін дүниенің рахаты – осы шығар. Шауып келесің бе, әлде ұшып келе жатырсың ба, ажырату қиын еді. Жолдың екі жағында егіні орылған атыздар сағымдай сырғып қалып жатыр. Өрге қарай шапқанда ер үстінде зорға шыдап отырмын. Еңіске қарай шапсам ат екпініне төзетін түрім жоқ... Бірақ бәйге атқа құмар он екі жасар ұлдың да тілегені осы еді. Несін айтасың, сол жолы Бөртеге мініп, тақым құрышын бір қандырдым-ау!

Осыдан кейін Бөртенің шабысын тағы бір рет сырттай тамашалағаным бар. Әлі ел жайлауға шыға қоймаған, біздің ауылдардың үлкен Тұмадағы көктеу жұртында отырған кезі. Егін суаруға кеткен бірен-сараны болмаса, қалған азаматтар түгел ауылда болатын. Түстен кейін төменгі Арқарлы жақтан бір түйдек шаң көрінді. Іріген сүттей қоймалжың шаң бір жерге тұрақтамай, жоғары-төмен ұйтқып жүр. Дәу де болса, сол жақта біреулер той жасап, жігіттер көкпар тартып жатса керек.

- Үштөбедегі Қараш ауылында бүгін бір сүндет той бар деп еді. Көкпаршылар әлі де тарқай алмай жүр екен-ау! – деді бір жігіт қарадай елеуреп.

Біздің ел аламан бәйгеден гөрі осы көкпарға құмар-ақ. Олай болатыны, мұнда ат қана емес, азаматтың білек күші де сыналады ғой. Далалы жер тұрыпты, бұл ел құз-қиялы жайлау үстінде де көкпар тартады-ау! Міне, қазір де ауыл жігіттері шалғайдағы шыңнан көз айырмай, бүйірлері қызып, ұшарға қанат таппай тұр.

- Ақа, бір сәтке Бөртені беріңізші! Ана көрінген көкпарды қазір-ақ осында алып келейін! – деді Байжұма деген жас жігіт Ақыш нағашыма бір, белдеуде тұрған Бөртеге бір жалт-жұлт қарап.

- Қой, алыстағы көкпарға ат терлетіп қайтесің. Ана жүрген қалың желөкпе жалғыз салтаттыға көкпарды бере сала ма?! – деді Ақыш артық бейнетті ұнатпайтын әдетімен.

- Шын айтам: осы жолы мені емес, Бөртені бір сынап көріңізші, ақа! – деп Байжұма әлі де өлердегісін айтып жалынып тұр.

- Әй, Ақыш, осы барсыншы! Жігіттің меселін қайтармашы! – деді жасы үлкен Шойтық нағашым да шыдап тұра алмай.

Ол кісіні басқалар да кеу-кеулеп қостап кетті. Көпшілік солай ұйғарған соң, Ақыш та амалсыз көнді.

- Жарайды, барсаң бар. Тек додаға кірем деп атыңды босқа қинама...

Көкпаршы Байжұма да соны күтіп тұр екен. Әлгі сөз ауыздан шығысымен оның Бөртеге қарай қалай атылғанын көпшілік байқамай да қалды. Көз ілеспес жылдамдықпен Бөртені белдеуден шешіп, айылын қайта тартты да, әне-міне дегенше ауыл сыртындағы күре жолмен ызғыта жөнелді. Үлкен Тұма мен Арқарлының арасы он шақырымнан кем болмас. Бөрте ат тұйғындай түйіліп, сапқының тасындай зырлап барады. Сол беті көзді ашып-жұмғанша сағым көтерген бозғылт мұнарға сіңіп, көзден ғайып болды...

Ауылда қалған адамдардың өздері мұнда болғанымен, көңілдері Арқарлы жақта. Жаңағы шудаланған қалың шаңнан көз айырмай, ынтыға қарап тұр. О, ғажап, арада сүт пісірімдей уақыт өтті ме, өтпеді ме, кенет жаңағы шұбатылған қою шаң шүйкеленіп, бері қарай созыла бастады. Ешқайда бұрылмай күре жолмен тура тартып келеді.

- Әй, мынау – Байжұма ғой. Айтқанында тұрды...

- Жігіт екен! Өзі ғана емес, Бөртенің де бағын ашты-ау!

- Бөрте енді жан баласына шалдырмайды. Көкпар ауылға келді дей бер! – десті есік алдында топтанып тұрғандар.

Айтса айтқандай, іртік-іртік қою шаң бері таман созыла түсті де, сол қалың нөпірдің арасынан жалғыз қара торғайдай түйіліп, бөлініп шықты. Бұл жалғыз қара – Бөрте екенінде күмән жоқ. Жануар жапырлаған қалың қуғыншыдан оқ бойы озып келеді. Бірте-бірте түр-түсі айқындалып, Үлкен Тұманың қасқа жолды биік қабағынан тік шаншыла түсті де, көзді ашып-жұмғанша ауылға жетіп, Байжұма алдына көлденең салған қара бойын ақ тушаны Ақыш үйінің алдына тастай берді. Күн ыстықта тоқтай шапқаннан болар, Бөртенің ақ көбігі шығып, терлеп кетіпті.

- Боғыңды жейін-ай! Нағыз тұлпар екенсің ғой!.. Қалың қыл құйрықтыны шаңға көміп, соңынан бір шұбырттың-ау! – деді осы ауылдың жылқысына басие боп жүретін Шойтық нағашым.

Бөртенің соңынан іле-шала қуғыншылар да келіп жеткен. Біздің ауыл лезде думанға айналды да кетті. Ауылға көкпардың келіп түсуі – жақсылық нышаны. Ежелгі салт бойынша, көшпенділер оны құт қонды деп біледі. Кемінде жүз адамның қолынан өткен көкпардың еті түп-түгел қазанға түсіп, ауыл адамдары бір жапырақтан бөліп жейді.

Бұдан кейін де Бөртенің талай шабысына куә боп жүрдік. Ол бәйгеге шапса алдына қара салмайтын-ды. Ал көкпардың нағыз көк перісі еді. Былайша тұмсық батпайтын жүз кісілік доданы омырауымен қақ жарып, кіріп кететін-ді. Тек үстіндегі жігіті сай келсе болғаны. Көкпар қолға тиісімен тағы да қаумалаған қалың топты жарып шығады...

Амал не, атың шыққан жерде ажалың бірге жүреді екен ғой. Ақыры Бөртенің ажалы – осы көкпардан болды. Елуінші жылдардың басы, Құрбан айт мейрамы болатын. Біздің ел айттың үш күнінде бірдей көкпар тартады. Әбден иі қанған көкпарды бір ауылға тастап, оның орнына жаңалап, басқа бір серкеш алады. Осылайша, күніне он шақты шекшек атаның басы кесілетін болар. Біз онда осы елдің біраз жастары қалада оқудамыз. Бірақ үш күн айтта ауылға келіп, ел қыдыра айтшылап, көкпарды бірге тамашалаймыз.

Айттың екінші күні де көкпар қызып жатқан. Біз үлкендермен бірге бір ауылға түсіп, құрбандық етінен ауыз тиіп шыққанша, көкпар төменгі Көктал жаққа таман ойысып кеткен екен. Қызықтан қалмау үшін біз де солай қарай бет алдық. Дүрмекті топқа жақындап қалған кезде Ақыштың Бөртесін немере інісі Мұқаштың (Ақыш – Егінбайдың ұлы, Мұқаш – оның інісі Ордабайдан) мініп жатқанын байқадық. «Іс бітті. Көкпар қазір біздің ауылға барады» дестік ішімізден. Олай дейтініміз, сол кезде жасы қырыққа енді ілінген Мұқаш батыр тұлғалы мықты жігіт болатын. Оның үстіне, нағыз көкпаршы. Мұқаштың тақымынан ешкім де көкпарды жұлып ала алмайтын. Сол Мұқаш Бөртеге мініп ағыза жөнелгенде, менің көзіме ат пен азамат өз парын енді тапқандай әсер қалдырды.

Күткеніміздей-ақ, Мұқаш көп айналған жоқ. Барған бойда біреудің тақымынан көкпарды жұлып алды да, қалың топты қақ жарып, өрге қарай тартып берді. Бөрте үстіндегі алпамсадай азамат пен семіз серкені бұйым құрлы көрмей зымырап барады. Сол беті қалың көкпаршыны артқа тастап, біртіндеп ұзай берді. Тұлабойы резінкедей созылып, екі бүктетіле шапқанда аяқ алысының әдемілігі сонша, сыртынан қызығып қарап тұрғың келеді.

Амал не, өкінішке қарай, бұл – Бөртенің соңғы шабысы болды ғой. Біздің ел мал бағып қана қоймай, егін де салады. Далада тың жерден гөрі айдалған аңыз көп. Егін суаратын басарық, қосарық дегені тағы бар. Мұқаш соқпақ жолмен жүрмей, егін арасымен ауылға төте тартам дегенде, әлдебір су орып кеткен басарыққа кезігеді ғой. Бұрылуға мүмкін болмай, не де болса қамшыны басып жібереді. Сол арада, қайран Бөрте жар арықтан аттауға дәрмені жетпей, омақаса құлап түседі. Сол сәтте-ақ мойны үзіліп кетіпті жануардың...

Біз шоқыта шауып келсек, көкпар тарту тоқтаған. Қалың салтатты әлдебір арық жағасында үймелесіп тұр. Бәрінің ортасында Бөртенің басын құшақтап, өкіре жылап Мұқаш отыр... Жануарды арам өлтіруге қимаған болар, бір ақсақал қорқырап жатқан Бөртені бауыздап жіберіпті. Ешкімге ырық бермей ботадай боздап, Бөртенің басын құшақтаған немере інісін ақыры Ақыштың өзі келіп жұбатты:

- Қой, Мұқаш, бала боп кеттің ба? Сырты түк, іші боқ бір тайға бола сонша жылауға бола ма екен? Бас аман болсын... Мынадай қатерден өзіңнің аман қалғаныңа шүкірлік ет! – деп Мұқашты құшақтап, орнынан тұрғызып әкетті... Көптің арасы гу-гу әңгіме. Әр тұстан:

- Қайран бауыр-ай! Адамның жақындығы осындайда көрінеді екен-ау!

- Дегенмен, Ақыш та ер екен! Бір қыздың қалыңмалына татитын текті тұлпары ажал құшып жатқанда, туысының көңілі үшін елең де қылмады ғой!

- Бөрте аламан бәйгенің аты еді, көкпарға салып қор қылғанын көрмейсің бе?! – дескен неше алуан сөздер естіледі.

Тұлпардың тұқымы азайып бара жатқан заман ғой. Бөртенің өлімі сол елдегі таныс-біліс адамдардың бәріне де қатты батты. Бөртенің әңгімесі талайға дейін ұмытылмай ел аузында айтылып жүрді. Кейін Бөртені бұтарлап, етін елге таратқандар айтады: жануардың жылқы атаулыда болатын он екі қабырғаның сыртында он үшінші қабырғасы бар екен. «Тұлпардың қанаты, қанша шапса да алқынбайтын қосалқы тынысы дегеніміз – осы» десті білетіндер... Осыдан кейін біздің елде қызыл өкімет орнады да, көкпар тарту күрт тиылды.

2. Қами болыс

Барқытбел мен Барлықтың екі ортасындағы Құлыстай деп аталатын кең өлкеде жеті зәңгі (болыс) төртуыл тайпасы баяғы ата-бабаларынша қойын құрттап, айранын ұрттап, іштері пысып зеріксе ат жүгіртіп, көкпар тартып, бейғам жатқан ел болатын. Бұл елдің жаз жайлау, қыс қыстаудағы тірлігі «Соңғы көш», «Тағдыр» атты романдарда егжей-тегжейлі баяндалған. Төртуылдың Қытайға қарағанынан бергі ел басқарған Сымайыл, Керімбай, Демежан, Көксеген, Тынбай, Ысқақ, Мұхаметқали секілді үкірдайлары (аға сұлтандары) да жазушы қаламынан қағыс қалған жоқ.

Амал не, өз несібесі өзінде, байлығы басынан асып, төрт түлік малы мыңғырып жатқан сол елге Қытайдың қызыл өкіметі келді де, ел ішін ала тайдай бүлдірді. Қазақты тапқа жіктеді. Кедейді байларға айдап салды. Ақыр аяғында сол елдің қолындағы малын да, егістік жерін де тартып алып, бүкіл халықты құлға айналдырды. Қайран қазақ ендігі жерде ат жүгіртіп, көкпар тартпақ түгіл ішер ас, киер киімге зар болды. Әр шаңырақ ошақтарынан өз алдына жеке түтін шығара алмай, Коммунаның ортақ қазанына телмірді-ау!

Содан, не керек, алқымнан алған ашаршылыққа, ұлттық езгі мен қорлық-зорлыққа шыдамай, Шәуешек шаһарын орталық еткен Тарбағатай аймағының халқы 1962-жылдың көктемінде атажұрт Қазақстанға түп қопарыла ауды ғой. Ол көшті кімдердің ұйымдастырғаны, Совет одағымен алдын ала кімдердің келіскені, 10-сәуірден – бірінші мамырға дейін, небәрі жиырма шақты күннің ішінде Тарбағатай шегіндегі бес заставадан (Жаманты, Бақты, Ергейті, Еміл, Шаған-Тоғай заставалары) 200 мыңдай қазақтың қалай босып өткені менің шығармаларымда («Соңғы көш», «Таңғажайып дүние») бастан-аяқ баяндалған. Мен бұл арада жазылған жайларды қайталамай, көшіп келген елдің осында қалай қоныстанғаны, жергілікті жұртпен қалай араласып сіңіскені жайында есте қалған бірер оқиғаны қағаз бетіне түсірмекпін.

Біз, көшті ұйымдастырушылар әубаста ұжымдасқан түрде шекарадан өтуді, атажұрт Қазақстанға жетуді ғана ойлаппыз да, жол-жөнекей ұшырасатын тұрмыстық, психологиялық қиыншылықтарды кәперімізге де алмаппыз. Сірә, оларды үлкен мақсаттың қасында елеусіз, ұсақ-түйек дүниелер деп қарасақ керек. Сөйтсек, бір елден екінші бір елге қоныс аударудың басқа түскенде ғана білінетін толып жатқан машақаты бар екен. Ең басты қиыншылық – өмірі іргесі бөлінбеген ағайындардың көші-қон кезінде бір-бірінен адасып қалуы, бірін-бірі бір көруге зар болған сағынышы болса керек.

Олай болатыны, көш бас-аяғы 150 шақырымға созылатын бес бірдей заставадан өткенін жоғарыда айттық қой. Совет өкіметі босқындарды сол заставалар маңында бір топтап алды да, сонан соң оларды жүк машиналарымен күндіз-түні тасып, Аягөз қаласының іргесіне әкеліп төкті. Сол жерден пойызға, тағы басқа көлікке отырғызып, Шығыс Қазақстан мен Талдықорғанның он неше ауданына бөліп жіберді. Мөлшермен әр ауданға үш мың шаңырақтан келді-ау деймін. Қарбаласқан асығыс дүние. Бір елдің жүз мыңдаған адамын келісім-шартсыз көшіріп алған оңай ма, ушығып тұрған халықаралық жағдай болса – анау, Совет үкіметіне босқындарды тез арада қоныстандырып, түк болмағандай отыра қалу керек еді. Мұндайда кімнің қайда кеткенін білу мүмкін емес-ті. Қарбаласта бір атадан тараған ағайындар бір-бірінен адасып қалды. Теміржолға таяу, орталық аудандар лықылдап толып кеткен. Ақырында, Аягөз өзенінің бойында, менің маңайымда қалған 120 шаңырақты Семейдің Жарма ауданына зорға орналастырғаным есімде. Онда да іргелес отырған «Скотовод» және «Михайловка» деген екі совхозға бөлініп түстік. Ал қалған елдің қайда барғанынан көпке дейін хабарымыз болмады.

Біз, «Скотовод» совхозына тиесілі алпыс түтін, оның төрт фермасына он бестен тағы бөліндік. Сол күні бұл елде «бірінші май» мейрамы екен. Қызыл жалау көтерген бірнеше елді мекенді басып өтіп, «Ақдіңгек» фермасына да келіп жеттік-ау! Обалы нешік, бұрын да жазғанымдай, Жарма ауданының басшылары қандастарын жаман қарсы алған жоқ. Айналасы бір айдың ішінде үймен де, жұмыспен де қамтамасыз етті. Әр үйдің босағасына байлаған бұзаулы сиыры мен «ерулік» деп үлестірген қойлары тағы бар.

Көшіп келгенімізге екі-үш айдай болып қалған. Жаздың жайма-шуақ күндерінің бірінде, кешке таман Ақдіңгектегі он бес үй аяқ астынан дүр ете қалды. Ақыш нағашымның үйінің маңы ұларда-шу, жылау-сықтау, көріс... Бір тәуірі, қайғының емес, қуаныштың шуы екен. Бәріміз сол үйге құстай ұшып жеткенбіз. О, ғажап, анада Аягөз маңында бізден көз жазып қалған Шәкен жездеміз келіпті бізді іздеп. Қай Шәкен дегенде, біздің елдегі лақабы бойынша «жынды Шәкен». Ақыштың немере қарындасы Күмісайды алып отырған күйеу. «Жынды» аталғанымен, жынды емес-ті. Жұрттың бәрі күйеу деп жабыла ойнаған соң қайын жұртқа еркелеп, сәл аусарлау, қылжақпас мінез тапқан. Әйтпесе, күш-қайраты мығым, өң-пішіні де келіскен, ұзын бойлы, сындардай тамаша жігіт. Шәкеннің жалғыз әпкесі Әзипа мен жездесі Қоймұқан да біздің ауылда болатын. Бір белдің астында бір қора қой бағып отырған-ды. Біреулер барып сүйінші сұраған болар, біраздан кейін жылап-еңіреп солар келді. Айрылғандарына екі-үш ай өтпей жатып, бір-біріне көрісіп жылап-сықтап жатқан туыстар... Әсіресе, у-шуды ұлғайтқан – Шәкеннің өзі:

- Тәңірім-ау, мені адасқан күшіктей етіп, қайда тастап кеткенсіңдер? Үш ұйықтасам түсіме кірмеген жат жерден бір-ақ шықтым-ау! Арғыбетте менің «Ерке Шәкен», «Жынды Шәкен» атанғанымды білмейді ғой мұндағылар! – дейді өкіре жылап отырып. – Бұл елде де небір алкеуде жындылар бар екен. Екі сөзге келмей қамшы ала жүгіреді. Көп көптігін істемей қоя ма, баяғыдай айқаса кетем деп, бірнеше рет таяқ жеп қалдым!

- Сендер өзі қайда барып едіңдер? – деді Ақыш енді жөн сұрауға көшіп.

- Абай ауданына... Оның «Жданов» деген совхозына. Жергілікті жұрт «Құндызды» деп атайды екен. «Абай» романын оқып алған біздің жастар, «Ойбай, ол керемет жер» деп мақтаған соң барып қалып едік. Керемет ештеңесі жоқ, тап-тақыр қуаң өлке... Мұхтар Әуезов те өз елі болған соң мақтап жаза берсе керек.

- Мұхаңда жазық жоқ. Ол кісі өткен ғасырды жазып отыр ғой. Кейін ол аймақта талай жыл ядролық сынақ өтті. Сіздер ол ауданның әбден тозған кезін көріп отырсыздар, – дедім мен сөз қосып.

- Ал сонда сенің қасыңда кімдер бар? – деді Қоймұқан жездесі дауысын зорайта дүрілдеп сөйлейтін әдетімен.

- Біздің Сібетіден Байжөкенің өрен-жараны, сонан соң Мұқаш пен Қами бар...

- Мұқаш деп отырғаның – өзіңнің қайнағаң – Ордабайдың Мұқашы ғой. Ал Қами кім, бораншы Қами ма? – деді тағы да Қоймұқан жездесі.

- Жоға, мына Ақыштың егінін салып, малын бағып жүретін жалаңтөс Қами ше?.. Кейін Коммуна кезінде әжептәуір белсенді болған...

- Е, байқұс, шиеттей балалары бар еді, ол да барған екен-ау! – десіп жатыр әйелдер жағы.

Сірә, көшіп келген біздің елдің көбінің-ақ көңілінде жүрген сөз болса керек. Шәкен мен жаққа жыламсырай қарап отырды да:

- Айналайын, Қабдеш, бізді аштық апатынан құтқарып, Қазақстанға бастап келгенің дұрыс-ау. Тек ағайын-жұртты бір-бірінен адастырып, тарыдай шашып жібергенің қиын болды. – деді маған өкпе арта, кінә таға сөйлеп.

Мұндайда не айтасың? Шәкенге дәл қазір бәрін айтып, түсіндіріп жату қиын. Сондықтан езу тартып күлдім де:

- Не істейміз? Құлыстайдың кең өлкесін өзімізбен бірге көшіріп әкелуге мүмкіндік жоқ. Осында бір басымызды әрең алып өтпедік пе? Осы көште біздің елден қырық мың түтін келген екен. Оның бәрі бір ауданға сия ма?! – дедім.

- Оған өкініп қайтесің, Шәкен. Аман-есен жеткенімізге тәуба қыл. Сәл шыдасаң жергілікті жағдайға әлі-ақ үйреніп кетесің, – деді Ақыш әңгіме арнасын басқа жаққа бұрып. – Одан да бізді қалай тауып келдің? Соны айтшы.

Шәкеннің әңгімесінен ұққаным: Құндыздыда жаңа көшіп келгендерді жұмысқа бөлгенде, Шәкен жылқы бағуға шығыпты. Өзі атқұмар, өзі көкпаршы Шәкен өзіне сол жұмысты қолай көрсе керек. Ат үстінде көп адаммен кезігеді. Көз жазып қалған туыстарды іздеп, сұрастырғанға да жақсы. Содан, күндердің күнінде осы «Скотовод» совхозынан бір топ кісі сол жақтағы бір ауылға құда түсе барады ғой. Солармен ұшырасқан Шәкен «ауылдарыңа осындай адамдар барды ма» деп сұраса, әлгілер Сібетіден келген төртуылдарды түгел біліп тұр дейді. Құдалардың бірі оқыған зиялы жігіт болса керек, мені, Ақыштың ұлы Шәріп мұғалім мен Мұхаметқазы, Мәсәлімдерді санап тұрып айтып береді...

Осыдан кейін-ақ Шәкеннен маза кетеді. Қасындағы жылқышылардан «Жарма ауданы қай жақта, оның «Скотовод» совхозы қай тұста» деп сұраса, олар:

- Біздің де барған жеріміз емес. Әйтеуір, шығыс жақта екені анық. Күн шығысты бетке алып жүре берсең, жол бойы сұрай-сұрай табасың! – деп жол сілтейді.

Шәкеннен басқа біреу болса, әлі де біраз ойланып, жүрер жол, барар бағытын айқындап барып жолға шығар еді ғой. Шәкен өйтпейді. Алды-артын бірдей бағамдап отырса «Жынды Шәкен» бола ма, сол күні бір торсық қымыз бен екі таба нанды қоржынға салады да, күн шығысты бетке алып, бедеу көкпен тартып кетеді. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп, бастабында оңтүстікке ойысып, біраз қиыс кетіп қалыпты да, әркімдерден сұрап жүріп, бағытын зорға түзепті. Осылайша, бұралаң жол басқанның өзінде біздің ауылға төртінші тәулікте жетіп отыр ғой. Ұзын-ырғасы 300 шақырымдай аралыққа бұл осал жүріс емес. Сірә, зорығып кеткен болар, мініп келген сымпыс құйрық көк бие төрт аяғынан бірдей қанжілік боп, тәлтіректеп зорға тұр.

Сөйтіп, Шәкен жездеміз көшіп келген алғашқы айларда-ақ бәрімізді таңғалдырып, туыс іздеудің үлгісін осылай бір көрсетіп еді. Шәкен сол жолы біздің ауылда жарым айдай қонақ болып, сағыныш сарығы басылғанда бір-ақ қайтты.

Мен басқа аудандардағы туыстардың бәріне дерлік аман-сәлем жасап, жыл сайын барып-келіп жүрсем де, Шәкендер тұратын Құндыздыға ат басын тіреудің сәті түспей-ақ қойды. Рас, Қарауыл мен Қасқабұлақтағы Абай мен Мұхтардың мүшел тойларына талай барып жүрдік. Бірақ топтан бөлініп, Шыңғыс сыртындағы Құндыздыға соғудың қисыны келмеді. Айтпақшы, Құндыздыда белгілі халық ақыны Шәкір Әбенов тұратын-ды. Әр жылы Алматыға келгенде менің туыстарымның амандық хабарын сол Шәкір айтып келіп жүрді:

- Туыстарың тегіс аман. Мұқаш нағашың да, Шәкен жездең де, кезінде ел басқарған Қами болыс та аман-есен жүріп жатыр, – дейтін-ді.

Шәкір ақсақалдан мен де оларға дұғай сәлем жолдаймын. Басқасының бәрі түсінікті. «Ал, бірақ біздің Қами ағамызға болыстық қайдан бітіп жүр?» деймін іштей таңырқап. Сөйтіп жүргенде Құндыздыға барудың да сәті түсті-ау! Менің «Дарабоз» романыма материал жинап, жазуға кірісіп жүрген кезім болатын. Бас кейіпкерлерімнің бірі, қолбасы Қабанбайдың үзеңгілес серігі Ақтамберді жыраудың зираты сол Құндызды ауылының қасында екен. «Іздегенге – сұраған» деген осындай-ақ болар. Бір күні пойызбен Аягөзге бардым да, қасыма атқосшы ертіп, жеңіл көлікпен Құндыздыға тарттым да кеттім.

Мен, әрине, ең алдымен Құндызды ауылының іргесіндегі Ақтамбердінің басына барып, ұл жырауға тауап еттім. Біреуден сұрастырсам, менің туыстарымның біразы әлі де сол ауылда отыр екен. Мұқаш нағашым (бұл баяғы Бөрте атты көкпарда мерт қылатын Мұқаш қой), Шәкен жездем, Қами болыс... бәрі қаз-қатар үй тұрғызып алыпты. Тек Байжокенің өрен-жараны осыдан бірер жыл бұрын теміржол бойындағы Үшбиік деген жерге көшіп кетіпті. Бұлар менің Ақтамбердіге келгенімді білмейді. Әдейі бізді іздеп келді деп мәре-сәре.

Бір байқағаным, ана жылы шекарадан өткенде жастары елуге енді ілінген құрдас жігіттер қазір жетпіске таяп, шар тартып, шал бола бастапты. Балалары ержеткен. Әрқайсысы әр шаруаның басын ұстап, әкелерін      ауыр жұмыстан босатыпты. Тұрмыстары түзеліп, күйлі-сыйлы ақсақалға айналған... Арғыбетте Ақыш нағашымның малын бағып, егінін салып жүретін Қами ағамыз бұрын да борбиған етті-женді кісі еді, қазір тіпті толысып, ақбөртеленіп, семіздіктен аяғын әрең басатын дәрежеге жетіпті. Оны осындағы ел «Қами болыс» дейді екен. Бір оңашада Шәкен жездемнен осының мәнісін сұрадым. Сөйтсек, мәселе былай болыпты. Бұлар алғаш көшіп келгенде тобықтының шалдарының алдында тым сорлы болып көрінгісі келмей, арғыбетте өздерінің ел басқарған бай, мырза, болыс болғандарын айтады ғой. Түр-тұлғасы келіп тұрған Қамиды «болыс» деп атап, Шәкен – болыстың шабарманы, Мұқаш оның ас пен тойда арысқа салатын бас палуаны боп шығады. Қалай сенбейсің, Шәкен мен Мұқаш «Болыс-еке» деп, Қамидың галошын салып, құрдай жорғалап тұрса... Шүкір, содан бері бұлар «Қами болыстың» арқасында жиын-тойда үнемі төрде отыратын болыпты.

Оның үстіне, Қами ағамыз «болыс» десе дегендей, сөзге ұрып тұр. Қытай жеріндегі небір оқиғаның майын тамызып, әңгімелейді-ау келіп. Ол қазір сөйлеу мәнерін өзгертіп, ыңыранып, «болысша» сөйлейтін болған. Өзінің елге қалай билік айтқаны, мына шауып кел шабарманы Шәкенді жіберіп, бағынбаған телі мен тентекті алдына әкелдіріп, көкала қойдай етіп қалай сабатқаны ұзақ-сонар әңгіме болады. Қами қытайдың боқтық араласқан бес-алты ауыз сөзін біледі екен. Әңгіме арасында қытайша балдырлап та жібереді. Оның сөзін Шәкен қазақшаға аударған болады. Несін айтасың, бұлар – өз алдына бір «театр».

Бәрінен де, Қамидың арғыбеттегі қожайыны Ақыш туралы айтатын әңгімесі қызық. Менің сұрауым бойынша, сол әңгімесін тағы бір рет қайталады:

- Қытай жерінде жүргенде, менің Ақыш дейтін малайым болды, – деп бастайды Қами әңгімесін. – Өзі айтқанды екі етпейтін, біртоға, момын жігіт. Бар міні – ұйқышылдау әбілет басқыр. Бір күні өздеріңіз білетін Бөрте атпен Шәуешекке барып, Уәли мекемесіндегі бір жиынға қатынасып, кештетіп ауылға келе жатсам, әлгі Ақыш бағып жүрген сиырларын пісіп тұрған егінге қаптатып жіберіп, өзі бір талдың көлеңкесінде қорылдап ұйықтап жатыр. Өмірде мұндай ашуланбаспын. Ақышты Бөрте аттың бауырына алып, қамшының астына алмайсың ба келіп... – деп сәл аялдай бергенде аяқ жағын Шәкен іліп әкетеді.

- Онысы рас. Анау-мынауға желп етпейтін болыс-екең сол күні қаһарына бір мінді-ау! – дейді әңгіменің отына май құя түсіп. – Біз Ақыш байқұсты әрең дегенде арашалап алдық... Оның өзінде де бар, мойын созып, бас жарып тұрған егінге қалың сиырды қаптатып жібере ме?!

- Сол Ақыш деген малайыңыз өтті ме осы жаққа? – дейді арғыбеттегі өмірден бейхабар көршілердің бірі.

- Ақыш біздің көшпен бірге Аягөзге дейін келген. Алаңғасар неме сол арада бірден адасып қалыпты. Естуімше, әйтеуір, аман көрінеді, туыстарын сағалап, Жарма жаққа келіп қоныстанса керек, – дейді Қами «болыс» маңғаз пішінде...

Осылайша, менің туыстарым өздері ойдан шығарған әңгімемен бір-бірінің көңілін көтереді екен. Әрі көптен көріспей кеткен ағайынды осылай еске алып, сағыныш сарығын басатын болса керек... Мен кейін Жарма жаққа бір барғанымда Қамидың әңгімесін Ақыш нағашыма айтып бергенмін. Ақаң құрдастарының жат елде істеп жүрген қылығын естіп, «әй, Қами-ай» деп қарқ-қарқ күліп, марқұм бір рахаттанып қалып еді.

Мен сол жолы Ақтамберді туралы біраз деректер жинап, әрі туыстарымның ортасында аунап-қунап, Алматыға олжалы оралдым. Жоғарыда аталған адамдар Атажұртқа келген қандастардың алғашқы буыны еді ғой. Оларға жаңа қонысқа жерлесу, сіңісу оңай болған жоқ. Олар реалды өмір мен естеліктер арасында қақ жарылып өмір сүрді. Өз өмірлерінен неше алуан ертегі-аңыздар ойлап шығарды. Қазір жоғарыда біз атаған адамдардың бірде-бірі қалған жоқ бұл дүниеде. Солардың бәріне атажұрттан топырақ бұйырды. Тәңірім марқұмдардың бақилық мекендерін жарық еткей!

Қазір солардан тараған екінші, үшінші буын дүниеге келді. Жастардың жергілікті тұрғындардан еш айырмасы жоқ. Туған жерге деген сағыныш та, естелік те жоқ ойларында. Қайда барсаң бір қалыптан шыққандай жандарды көресің. Ілгері оздық па, кері кеттік пе, кесіп айту қиын.

2014 - қараша