Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Мақалалар

Елін сүйген, ақпейіл азамат еді


Бұрын қонысымыз шалғай, өрісіміз бөлек болғандықтан, осы бертінге дейін Тұрсынхан ағамен (менен екі жас үлкен-ді) қоян-қолтық араласқан жоқ едік. Ол кісімен етене таныс болғаным - олар Алматыға көшіп келгеннен кейінгі он-он бес жылдың айналасы. Сол біліспей өткен жылдардың есесін қайырғандай, кейінгі кезде өте жиі араластық. Өзара сыйлас, пікірлес, дәмдес болдық.

Біздің басымызды қосқан - қасиетіңнен айналайын ата-баба аруағы. Біз Тұрсынхан ағамен Сыр бойындағы Төлегетай бабаның кесенесін салған кезде, әр каладағы қолбасы Қабанбайдың ескерткіші ашылғанда жұп жазбай бірге жүрдік. Республикалық Қабанбай қорының мен - президенті, Тұрсекең - сол қордың белсенді мүшесі болды. Түркістан қаласында, Талдықорғанда тұрғызылған Қабанбай ескерткішінің ашылу салтанатына бірге барып, қуанышты бірге тойладық.

Өтерінен біраз жыл бүрьш Тұрсынхан аға мені өзінің ата мекені Ұлытау өңірін бірге аралап қайтуға шакырып еді. Менің он екі томдық таңдамалы шығармаларымның жиырма-отыз жинағын күні бұрын Жезқазғанға жөнелтіп, ел-жұртты құлақтандырып қойған-ды. Амал не, дәл жүрер кезде денсаулығым сыр беріп, сырқаттанып қалдым да, сол сапарға қатыса алмадым. Тұрсекең Ұлытауға біраз адаммен өзі барып қайтты. Келген соң ол жақтағы халықтың мені келеді деп күткенін, ертіп барған адамдарының кейбіреуіне көңілі толмағанын айтып, менің бармай қалғаныма қатты өкінгені есімде.

Біз сол жылдары Шымкент қаласында да қолбасы Қабанбайға ескерткіш орнатуға бастама көтеріп, ол ескерткішті Қабанбай көшесі басталатын теміржол вокзалы алдындағы гүлзарға қоюға келіскенбіз. Қала әкімдігі жұрттан жиналған қаржыға батырдың атпен тұратын ескерткішіне заказ беріп, біз соның эскиз-моделін көріп қайтсақ деп жүргенбіз. Бірақ, амал не, біздің ол ойымыз іске аспады.

Бір күні Тұрсынхан аға келді біздің үйге. Біртүрлі ұнжырғасы түскен, қапалы. Мен отбасында бірдеме боп қалды ма деп, мән-жайды сұрап жатырмын. Жоқ, мен ойлағандай емес, үйіші дін аман. Мәселе ескерткішке байланысты екен.

- Шымкенттегі әкім-қаралар уәделерінде тұрмады. Қолбасы ескерткішін вокзал маңында емес, ешкім бармайтын қаланың бір шетіне, Қабанбай  көшесінің құрдым аяғына тұрғызғалы  жатқан  көрінеді, - деді Тұрсекең қабағынан қар жауып. - Онысы ат үстінде тұрса бір сәрі-ау, жаяу Қабанбай!

- Батырдың тұлпары қайда?

- Солар сірә, Қубас атты соғымға жығып алған-ау деймін! – деді Тұрсекең ызалана езу тартып.

Біз, Тұрсекең екеуміз сол күні баспочтаға барып, Шымкент қаласының әкіміне жеделхат жолдадық. Онда, он сегізінші ғасырда қазақта жаяу әскер болмағаны, ал, қолбасы ескерткіште тұлпарының үстінде, бес қаруы бойында тұруы қажет екені айтылған. Ең соңында «Қолбасы қазір ондай ескерткішке зәру емес, жаяу Қабанбайды халыққа көрсетпей-ақ қойыңыздар» дегенбіз. Алайда, әкім-қарарлар біздің сөзімізді кұлақтарына қыстырған жоқ, өз білгендерінше істей берді. Кейін Шымкентке барып келгендерден естідік: қолында қамшысы бар, бақташыға ұқсайтын бір шалдың мүсіні қаланың бір бұрышында тұрған көрінеді.

Қазір Қазақстанның алты қаласында Қабанбайға арналған ескерткіш бар. Барлығы ат үстінде, ұрпақ есінде мәңгі қалатындай бес каруымен, қаһарлы қалпында тұр. Біз Түркістандағы Қабанбай ескерткішінің ашылу салтанатында Шымкенттік әкімдермен ұшырасып қалдық. Салтанатты жиында жаяу қалған қолбасы туралы өз ойымызды жасырмай айттық та... Түркістандағы ескерткішті Нысанбай деген азамат өз қаржысына салдырған. Күре жолдың бойында сонадайдан көрінетін ат үстіндегі айбынды ескерткіш. Ал, миллионға жуық халқы бар Шьшкент қаласының әкімдері Қабанбайдың тұлпарын «асап қойып», жаяу қалдырғаны анау...

Тұрсынхан аға дастарқаны мол, үйінен конақ үзілмейтін, қолы ашық, көпшіл адам еді. Мен ағамыздың барында ол үйден талай рет дәм таттым. Көп азаматтармен таныстым. Бір жолы Германиядан келген Хасен Өралтайды көп адаммен бірге қонақ етті-ау! Былайша, алты аласы, бес бересісі жоқ, тек шетте жүрген Алаштың ұлтжанды азаматына үйінен дәм татырғысы келген...

Тұрсынхан аға қайтыс болғанда, жаназаға адам көп жиналды. Қарапайым зейнеткермен қоштасуға қарақұрым халык келгенін көргенім осы. Дастарқан басында айтылған алғысқа толы жылы лебіздер кандай!.. Бәрі де Тұрсекеңе борыштар, қарыздар адамдар. Араласқан жандардың бәрі де ол кісіден тек жақсылық көріпті. Мен соларға қарап отырып: «Адамның кім екендігі тірі жүргенде емес, өлгенде білінеді екен-ау» деген ойға келдім.