Мақалалар

«Елім-айлап» өткен өмір Естелік-эссе

Сонау Еуропадан сумаңдаған суық хабар жетті. Алты Алашқа аты мәлім Хасен Өралтай өтіпті дүниеден. Өмір бойы «Елім-айлап» соққан бір аяулы жүрек тоқтады. Ұлт аспанынан тағы бір жарық жұлдыз ағып түсті.

Күні кеше тілге тиек, ауызға қақпақ қойған заманда Еуропада жүріп, бір өзі ұлт ұранын көтерген қайран Хасекең ғой – ол! Біз әлі аттарын атай алмай жүргенде, Алаш қайраткерлерін жоқтаған да, зерттеген де – сол азамат болатын. Ширек ғасыр бойы «Азаттық радиосы» арқылы тынбай естілген құдыретті дауыс әлі құлағымызда. Хасен Өралтай бар жағынан кешегі Мұстафа Шоқайдың ісін жалғастырушы болды.

Бірақ біз көзі тірісінде сол Хасекеңнің қадірін біле алдық па? Өзекті өртеген өкініш – міне, осында. Бір кезде кеңестік барлау орындары соңына шырақ алып түскен есіл азаматқа тәуелсіздіктен кейін де құрмет көрсетіп, жылы қабақ танытқанымыз шамалы...

Әдебиет газетінің өтінішіне орай, осынау азалы сөзді жазып отырғанда, әр жылдар Хасекеңмен ұшырасқан сәттер көз алдымнан кетпей тұрып алды. Өкінішке қарай, менің Хасен ағамен сағыныса бет көрісіп, етене араласқан кезім соңғы жиырма жылдың айналасы ғана. Біз Хасеннің өзінен бұрын оның әкесі Қалибек хакімді білетінбіз. Шыңжаңдағы ұлттық төңкеріс кезінде Қалибектің есімі Оспан батырмен қатар аталатын. Ұлт азаттығы жолында күресушілер жан-жақты қысымға (үш аймақ әскері, Монғол әскері, Қытай әскері) ұшырап, қолдан күш кеткенде амалсыз шегініп, бас сауғалауға тура келген. Оспан батыр Гансу шекарасында қолға түсіп, ақыры азаттық үшін басын берді. Ал, Қалибек көші Шыңжаңның оңтүстігіндегі Такламакан шөлін басып, Гималайдың қарлы шыңдарынан асып, Үндістанға, одан ары Түркияға өтіп кеткенін естігенде, қажымас ерліктеріне сүйініп, көкірегімізді мақтаныш сезімі кернейтін.

Өткен ғасырдың 60-70-жылдарында сол Қалибек Хакімнің ұлы Хасен Өралтайдың аты шыға бастады. Әсілі, Өралтай – бұл әулеттің ата-тегі емес, жердің аты. Кезінде Ататүрік енгізген Түркия заңы бойынша, әр әулет өздеріне лақап есім секілді фамилия таңдайтын болған ғой. Атасының аты емес, басқа бір көлденең сөз. Бұл туралы түрік жазушысы Әзиз Несиннің сықақ әңгімесі бар. «Несін айтасың, атқа жарымай жүрген түріктерге бұл бір рахат шаруа болды, - дейді ол. – Фамилия таңдау әркімнің өз еркінде. Қорқақтар батырдың атын, сараңдар жомарттың атын алып жатты. Ал, мен нені аларымды білмедім. Содан өзіме «Әзиз, сен осы несің» деп сұрақ қойдым да «Несің» деген фамилияны ала салдым» дейтін-ді. Ал, Шығыс Түркістаннан көшіп барған қазақтарға фамилия таңдау қажет болғанда, көпшілігі өздерінің туған жерлеріне жармасыпты. Мәселен Халифа Алтай «Алтайды» таңдағанда, Хасен – Өралтайды меншіктеген. Бірақ, кейін өзге жұрттар Өралтайды сәл-пәл өзгертіп, Оралтай атандырып жіберді. Ал, әкесі Қалибек Шыңжаңда жүргенде Сауан ауданының хакімі болған кісі ғой. Кейінге дейін көпшілік солай атайтын болғандықтан, «Қалибек Хакім» деген есімді сақтап қалған. Әйтпесе, Қалибектің әкесінің аты – Райымбек.

Жоғарыда айтқанымыздай, сол 60-70 жылдар Еуропаға барып келгендер айтып жүрді: «Қалибектің Хасен деген баласы бар екен. Батыс Германияда, Мюнхенде орналасқан «Азаттық радиосының» тілшісі екен. Өзі түрікше, ағылшынша, немісшеге ағып тұр» деп, онша дабыраламай, оңашада әңгіме қылатын. Барғандардың кейбір көзі ашық, батылдары Хасенмен тілдессе, қорқақтары сөйлесуден қашып, одан бойларын аулақ салады екен. Бірақ ешқайсысы да Хасенді жаман атамайды: «Әкесі сияқты ол да қайтпас ердің өзі екен. Тек, Америка иелігіндегі «Азаттық радиосында» жүргені болмаса...» десетін-ді.

Онда біздің де «Азаттық радиосы» мен «Америка дауысын» астыртын тыңдайтын кезіміз. Біздің елде шетелдік радио толқындарына тосқауыл қойып, өшіруге тырысады. Әйткенмен, оқта-текте Хасен Өралтайдың өр дауысын құлағымыз шалып қалады. Ол кезде анадай «сұмдық» сөздерді айту түгілі, тыңдаудың өзі қорқынышты: «Орыс отаршылдығы» дейді, «Орыс тепкісінде жаншылған аз ұлттар» дейді, «Кеңес халқын тұншықтырған коммунистік идеология» дейді. Кешегі өткен Алаш қайраткерлері: Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжандарды айтады... Кейінгі жиырма жылда Хасен Өралтай «Азаттық радиосы» қазақ бөлімінің директоры болды. 1986-жылғы желтоқсан көтерілісі кезінде Хасекеңнің өр дауысы қырандай саңқылдап, қандай айбынды естілді десеңізші! Ол осы оқиғаны қазақша хабарлап қана қоймай, оны дереу орыс, ағылшын тілдерінде қайталатып, желтоқсан шындығын төрткүл дүниеге түгел естіртті.

Ал, екеуара жеке байланысқа келсек, Хасекең 1980-жылдар менің қос томды «Соңғы көш» романымның бірінші кітабын түрік тіліне аударыпты. Кітап «Көштен соңыра» деген атпен Стамбулда басылыпты. Менің бұдан хабарым жоқ. Арамызда ешқандай хат-хабар болған емес. Бір күні КГБ-ның ресми өкілі мені шақырып алып, біраз тергеуге алды:

- Сіздің бір романыңыз түрік тіліне аударылып, Стамбулда басылыпты ғой. Олармен келісім-шартқа отырып па едіңіз? Қанша қаламақы алдыңыз? – деп сұрақтың астына алды. Мен оларға:

- Түркияда кітабымның басылғанын бірінші рет, міне, сіздерден естіп отырмын. Олармен келісім-шарт жасасып, көк тиын алған емеспін! – дедім қысқа қайырып.

- Ал, сіздің романыңызды аударған Хасен Өралтайды бұрыннан білетін бе едіңіз? Сіздің кітабыңыз оның қолына қалай түсіп жүр?

- Хасен Өралтай көрген адамым емес. Ал, кітапқа келсек, «Соңғы көштің» қазақшасы 40 мың данамен, орысшасы 100 мың данамен шықты. Соның біреуі қолына түскен болар...

Осыдан кейін КГБ мені мазалаған жоқ. Осылайша, сырттай кітап арқылы табысқан Хасекеңмен тәуелсіздік қарсаңында, 1989-жылы, ол Алматыға келгенде бір-ақ жүздестік. Жасы елуді орталаған, сұңғақ бойлы, қараторы жігіт көзге бірден оттай басылды. Бұл сапарда Хасекең жалғыз емес, жүз шақты түрік азаматымен бірге келіпті. Олар да жәй адамдар емес, «туристер» деген атпен түріктің зиялы қауымы Қазақстанды көру үшін әдейі келгені байқалып тұр. Түріктер бұдан ары Бішкекке, одан Ташкентке ұшпақ. Біз Хасекеңмен бірер күн бірге болып, айтар әңгімеміз таусылмай, қимай қоштастық.

Бұдан кейін Хасекеңмен жүздесуіміз – 1992-жыл. Бұл тұста қазақ-түрік қатынастары жолға қойылып, барыс-келіс жиілей бастаған кез. Біз, үш жазушы сондай бір кезекті сапармен тамыз айында Түркияға бардық. Мен, марқұм Рымғали Нұрғалиев және Қойшығара Салғара... Осының алдында Алматыға бір топ түрік қаламгерлері келіп қайтқан, мынау – соның қарымтасы. Біз бұл жолы Түркияны аяға жуық аралап, Стамбул, Анкара, Бурса, Кония, Измир тәрізді ірі-ірі қалаларын асықпай тамашаладық. Түрік сұлтандары жерленген пантеондарға тауап етіп, мұражайларын аралап, университеттерінде кездесулер өткіздік... Ал, осында демалыста жүрген Хасекеңмен Измир маңында ұшырасудың сәті түсті.

Измирден қырық шақырымдай тау бөктерінде Шеризаттың «Қазақ ауылы бар». Шеризат – Қасекеңнің немере ағасы. Бәрі бір Райымбектен тарайды. Ол осында қоралы қой, алалы жылқы ұстап, бие байлап отыр. Шеризаттың қымызы сол тұста түрік элитасын сусындатып, олардан артылғаны Еуропа асып жатқан көрінеді. Қазақстаннан барғандар Шеризатқа соқпай кетпейді екен. Түрік жазушылар қоғамы бізге белгілеген маршрутында «Қазақ ауылы» дабар болып шықты. Ақтылы қой, алалы жылқы өргізген кәдімгі қазақ ауылы Медеу аңғары тәрізді бір сайды алып жатыр. Мені сырттай білетін Шеризатпен шұрқыраса қауышып, киіз үй формасында мәрмәр тастан өрілген үлкен Ақорданың алдындағы беседкада қымыз ішіп отырғанбыз. Бір сөздің кезегінде Шеризат маған қарап:

- Қазір Хасен де осында. Теңіз жағасында демалып жатыр, - дегенді айтып қалды. Біз бірден шұр ете түстік:

- Хасен Өралтайды айтасыз ба?

- Ол кісімен қалай жолығар екенбіз? – десіп жамырасып қалдық.

- Хасен – Мәрмәр теңізі жағасындағы саяжайында жатыр. Егер жолыққыларыңыз келсе, мен оған қазір-ақ хабарлайын, - деді Шеризат асықпай тіл қатып. Соны айтып, беседканың белдеуінде ілулі тұрған телефонға қол созды. – Алеу, Хасенбісің? Демалысың қалай өтіп жатыр? Біздегі жаңалық: Қазақстаннан қонақтар келді...

- Кімдер екен олар?

Шеризат біз де естіп отырсын деді ме, телефон дауысын әдейі қатайтып қойыпы. Хасекеңнің сөздері саңқылдап анық естіліп тұр.

- Үш адам... Жазушылар көрінеді... Ішінде өзің білетін Қабдеш Жұмаділов бар. Қасында Рымғали, Қойшығара деген азаматтар...

- Маған Қабдеш болса жетеді. Қасындағы балшабектерді танымаймын! – деді Хасекең.

Мына сөзді естігенде, Рымғали мен Қойшығара жасып-ақ қалды. Бір-біріне жаутаңдап қарай береді.

- Уақытың қалай? Келесің бе? – деді Шеризат інісінің әлгі сөзіне сәл ыңғайсызданып.

- Барам! Бір сағаттың айналасында барып қалармын, - деді Қасекең.

- Малға жаңа ғана бата істедік. Ет піскенше жететін бол, - деп Шеризат телефонды орнына іліп қойды.

- Хасекеңнің саяжайы сізге таяу жерде болды ғой, шамасы? – дедім мен үй иесіне қарап.

- Оншалық таяу да жер емес, тоқсан шақырымдай болып қалар, - деді Шеризат.

Әртүрлі әңгімемен отырып, уақыттың қалай өткенін аңғармай қалыппыз. Бір мезгілде төменгі бұрылыстан ақсұр «Мерседес» бұлаң ете қалды. Рөлде – Қасекеңнің өзі. Қасында бәйбішесі, түрік қызы Хадиша ханым бар. Құшақтаса көрісіп, шұрқырасып жатырмыз. Жөн сұраса келе, менің қасымдағы Рымғали мен Қойшығараның да тым жалаңтөс «балшабек» емес, ұлтын сүйген зиялылар екеніне Хасекеңнің де көзі жетті-ау деймін, біраздан кейін әңгімелері жарасып кетті. Әсіресе, Алаш қайраткерлерінің шығармаларын жақсы білетін Рымғали Хасекеңнің тілін тез тапты.

Сол күні «Қазақ ауылында» қона-түней жатып, ертеңінде Мәрмәр теңіз жағасындағы Хасекеңнің саяжайына қарай бет алдық.Жол-жөнекей бір биік төбенің басындағыМәриям-ананың (Христостың анасы) кесенесіне соққанымыз есімде. Бір кезде түріктер басып алған Византияның жері ғой...

Ал, теңіз жағалауындағы Хасекеңнің саяжайы екі қабатты, кең аулалы котедж екен. Теңіз дегенің іргесінде жағалауды шәйіп жатыр. Жолға шыққанымызға жарым айдан асып қалған. Үздіксіз жүрістен шаршау да жоқ емес-ті. Екі-үш күн жылы теңізге шомылып, бой жазып, рахаттанып қалдық. Түркияның әйгілі қоғам қайраткері, бір беделді партияның лидері Алыпарслан Түркеш Хасекеңмен дос, әрі көрші екен. Бір күні кешке таман сол Түркештің саяжайында болып, ұзақ пікір алыстық. Екі тілге бірдей Хасекең сөздерімізді ерсілі-қарсылы мүдіріссіз аударып отырды.

Түркияның әр аймағында топтасқан қазақтар бар. Баяғыда Қалибек Хакім мен Халифа Алтайлар бастап барған қазақтар ғой. Реті келгенде солармен кездесу өткіземіз. Сол жылы қазан айында Алматыда дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтпек болатын. Түркия қазақтарын сол Құрылтайға келуге, жалпы атажұртқа қайтуға шақырып жүрміз... Бұл хабарға Хасекең де қатты қуанып, Құрылтайға келуге құлшынып-ақ еді. Амал не, Құрылтайдың тізгінін ұстаған белсенділер Хасен Өралтайға шақырту жібермепті. Түркиядағы саудагер қазақтардың бәрі келген. Тек араларында Хасен Өралтай жоқ. Бірақ мен мұны аяқсыз қалдырмадым. Құрылтай мінбесінде сөйлеп тұрып, иісі қазақтың жоқшысы Хасен Өралтайдың қазақ құрылтайына шақырылмағанын өкінішпен атап өттім. Сол залда «Азаттық радиосының» тілшісі отырса керек. Менің сөзім сол күні кеште аталмыш радиодан беріліп жатты.

Ресми орындар елеп ескеріп шақырмаса да, Хасекең бұдан кейін де Алматыға жиі келіп тұрды. Осында тілшілер пунктін ұйымдастырып, менің, Мұхтар Мағауинның, тағы басқа жазушылардың ел тағдырын сөз еткен мақалаларын «Азаттық радиосы» арқылы эфирге шығарып, күллі қазаққа жария етті. Ол үшін қомақты қаламақы төлеп, нарық қыспағында қалған қаламгерлерге қол ұшын берді.

2008-жылдың жазында Хасекең маған Германиядан телефон соқты. Қысқаша аман-сәлемнен кейін, бірден бұйымтай шаруасына көшкен:

- Қабеке, биыл менің әкем Қалибек Хакімнің туғанына 100 жыл толады. Ол кісіні Шыңжаң қазақтары мен Түркия жақсы білгенімен, Қазақстан жұртшылығы мардымды ештеңе білмейді. Не істейміз? Қалибек Хакімнің 100 жылдығын Алматыда атап өтуге бола ма? Егер осы шаруаны сен қолдасаң, Алматыда той өткізуге атсалыссаң, Қазақстанға барам. Ал, оған мүмкіндік тумаса, үкімет рұқсат етпесе, Түркияға барам да, әкемнің жерлес-туыстарының ортасында ас беріп, хатым түсіртіп, соны қанағат тұтам... Төрелігін өзің айт! – деді қашанда кесіп сөйлейтін дағдысымен.

Мен бір сәт ойланып қалдым. Қасекеңнің не істерін білмей қатты қысылып тұрғанын сездім. Әкесін қазақ еліне кеңірек таныстырғысы келеді, әрине. Бірақ сол ниет іске аса ма, жоқ па, мәселе сонда.

- Алматыға келіңіз, Хасеке! – дедім мен әлдебір тәуекелге бел буып. – Қазақ үшін басын бәй тігіп, қанын төккен, империяға құл болғысы келмей, азаттық аңсап көш бастаған Қалибек әкеміздің мерейтойын мерекелей алмасақ, несіне жер басып жүрміз?! Алматыға алаңсыз келе беріңіз!

Айтарын айтып қалсам да, үлкен жауапкершілікті мойныма алғанымды соңынан сездім. Бейтаныс ортада өлген аруаққа ас беріп, той өткізу – оңай шаруа емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын әлдебір шолақ белсенділер Алматыда Оспан батырдың 100 жылдығын атап өтпек болып, ешкіммен ақылдаспай, Оспанды тек керей руының меншігіне айналдырып, қайран батырдың мерекесін жетім қыздың тойындай қор қылған. Осы тақырыпта ақындар айтысын ұйымдастырмақ болып еді. Оспанның күрес жолынан ештеңе білмейтін ақындар не айтады? Ақыры, ол да нәтижесіз аяқталған. Қалибек Хакімнің мүшел тойы ондай масқараны қайталамауы керек.

Уәде бойынша, Қасекең қыркүйектің басында Алматыға келе қалды да, екеуіміз көп бөгелмей Астанаға жол тарттық. Біздің шаруамыз осында шешілуге тиіс. Анығын айтсам, менің сенетін адамым – Астанада отыр. Ол – сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммет. Қасекең екеуміз қонақүйге жайғасып алған соң, ертеңінде көмекшісі арқылы хабарласып, Министрдің қабылдауына кірдік. Мұхтар Хасен Өралтайдың атына қанық болғанымен бұрын кездеспеген екен. Мұхтар да Алаш қайраткерлерін бір кісідей зерттеген, осы тақырыпта диссертация қорғаған адам. Хасекең екеуінің әңгімелері жарасып, тез шүйіркелесіп кетті. Ал, мен олардың әңгімесін біраз тыңдап отырдым да, әдейілеп келген бұйымтайымызға көштім.

- Ал, Мұхтар, біз өзіңе бір үлкен өтінішпен келіп отырмыз. Мына Хасекеңнің әкесі, Шыңжаңдағы ұлт азаттық күресінің даңқты қаһарманы, өз халқының азаттығы үшін әкімдік мансабын да, малын да, жанын да құрбан еткен, қолынан әбден күш кеткенде соңынан ілескен елін Түркияға бастап барған Қалибек Хакімнің туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Бұл датаны Түркиядағы ағайындар өзінше тойлай жатар. Ал, Хасекең әкесінің мүшел тойын, мүмкіндік болса, қазақ елімен бірге атажұртта атап өтсем дейді. Ал, мүшелтой өткізу – үкіметтің қолдауынсыз бітпейтін шаруа. Сол үшін өзіңнен көмек сұрай келіп отырмыз! – дедім Мұхтар ініме бар беделімді салып.

Қазақта жарым сөзден жәй түйетін, ұлт мүддесін үнемі естен шығармайтын азаматтар да бар ғой. Барлық жерде осындай жігіттер отырса ғой, шіркін!

- Несі бар, мен сіздердің талаптарыңызды қолдаймын. Қалибек Хакімнің 100 жылдық мерекесін атажұртында ел болып өткізуіміз керек! – деді министр бірден шешімге келіп. Соны айтып, өзінің бір орынбасарын, тағы бір бөлім бастығын шақырып алды да, нақты тапсырмалар бере бастады. – Қалибек Хакімнің мерейтойы қазан айының соңында Алматыда өтетін болсын! Салтанатты жиынға Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театры берілсін. Ғылыми конференцияда тарихшылардан кемінде төрт-бес адам баяндама жасасын. Ақпарат құралдары мерекелік шараларды тиісінше насихаттасын. Жиын соңында үкімет есебінен 150 адамға дастарқан жайылсын.

Хасекеңнің сондағы қуанғанын сұрама! Қазақ елі тарапынан өмірі ілтифат көрмеген кісі ғой. Министрден ақ батасын аямай, тілі жеткенше алқап жатыр. Былай шыға бере мені құшақтап, көкірек кернеген қуанышын ағытты-ау бір:

- Айналайын! Бақытыма сені берген құдай мені өлтіре ме?! Аман бол! Саған ризамын. Мен өмір бойы «Елім-айлап» текке тер төкпеген екем ғой... Елім-жұртым бар екен ғой! – деп мені аймалап сүйе береді. – Әй, әлгі қасымызда жүрген атқосшы жігіттер қайда? Мына жеңісімізді атап өтпейміз бе?!

Қалибек Хакімнің 100 жылдық мерекесі Алматыда ойдағыдай жақсы өтті. Ғылыми конференцияда Шыңжаңдағы ұлт азаттық күресі, оның Қалибек Хакім, Оспан батыр сияқты қаһармандары туралы ғылым докторлары Мәмбет Қойгелдиев, Әбдіуахап Қара, Зардыхан Қинаятұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы, Ақеділ Тойшановтар баяндама жасады. Салтанатты жиын ән-күймен әдіптеліп, оның аяғы мол дастарханға ұласты. Жиында сөйлеген менің сөзім кейін «Азаттық аңсаған көш» деген атпен кітапқа басылды...

Сөйткен Хасекең ғой – бүгін бәрімізді қайғы құшағына бөлеп, бақиға жол тартқан. Арыстан жүректі ағадан бұлай тез айрыламыз, оған арнап азалы сөз жазамыз деп кім ойлаған? Тағдырдың ісіне не шара?! Хасекеңді Германиядан – Түркияға апарып, әкесі Қалибек Хакімнің қасына жерледі. Мен сол күндері науқастанып қалдым да, алыс жолға денсаулығым жарамай, марқұмға топырақ сала алмадым.

Не айтамыз? Дүние-жалған кімдерді қапы қалдырмаған, кімдерге сан соқтырмаған. Қалибек Хакім Мекке-Мединеге жеті рет, Хасен ағамыз екі рет барған қажылар еді. Азаттық үшін алысқан ерлердің бақилық мекені Жәннатта болғай!

2012-қараша