Мақалалар

Даланың дархан шежіресі

Бұл күнде зымыран заман өзгерістері біздің қиялымыздан әлдеқайда ұшқыр боп шыққаны әркімге де аян болса керек. Бір сәт өткенді еске түсірелікші: осыдан небәрі он шақты жыл бұрын тәуелсіздік жайында сөз қозғау былай тұрсын, тіпті ол туралы қиялдаудың өзі қорқынышты емес пе еді. Алатау орнынан қозғалып, құласа құлап кетер, әй, бірақ жарты әлемді жайлаған КСРО мен коммунистік партия ешқашан мызғымайтын шығар деп ойлайтынбыз. Әйтсе де, бұл дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ екен. Міне, күні жеткенде әлемдегі ең соңғы, ең құдыретті империя да ыдырап, бостандық, тәуелсіздік дегендер күнделікті ісімізге айналып отыр.

Бір кезде қолдан шығып кетіп, ойда жоқта оралған тәуелсіздік ата-бабаның аңсаған арманы, сол жолда бұрынды-соңды төгілген киелі қандардың  өтеуі екені рас. Бірақ біз дәл осы жолғы өзгеріске ішкі-тысқы дайындықпен, кескілескен саяси күреспен жеттік десек, онымыз асыра айтқандық болар еді. Анығына келсек, баяғы Алаш қозғалысынан кейін бізде ұлт азаттығын ұран қып көтерген бірде-бір партия, не ұйым болған емес. Отызыншы жылдардағы сталиндік репрессияның қазаққа батып кеткені сонша, қабырғасы қақырап, қаймағынан айрылған зиялы қауым ендігі жерде шошаң етіп, бас көтеруден қалған. Бертінде өзге халықтар арасында кеңес билігіне наразы неше түрлі дисиденттер шығып жатқанда, қазақ қауымының тым-тырыс жатып алуы да соның бір дәлелі. Мұндайда бет-жүздік етіп айтарымыз – 1986-жылғы желтоқсан оқиғасы ғана. Бірақ ол да арыдан келе жатқан саналы күрестің сарабдал нәтижесі емес, күлкілдеп тұрған бітеу жараны Кремльдің өзі астамшыл дөрекілікпен жарып жібергені баршамызға белгілі.

Шүкір, тәуелсіздік жөнінде идеялық, теориялық әзірлігіміз аз болғанымен, қазақ халқы бостандықты жатырқаған жоқ, азаттық таңын құшақ жая қарсы алды. Осы арада мынадай заңды сұрақ туады: астыртын ұйымы не партиясы жоқ, етекбасты елде халықты осы өзгеріске біртіндеп дайындаған, империяның іргесін қопсытып, ол туралы әлеуметтік пікір қалыптастырған қандай күш деп ойлайсыз? Біздіңше, ол міндетті абыроймен атқарған – қашанда ұлттық сананың басты тірегі саналатын көркем әдебиет, алдыңғы қатарлы қаламгер қауым. Егер бұл күнде тәуелсіздіктің дәмін татып, ойымызға нұр, бойымызға шыр біте бастаса, өз тізгініміз өз қолымызға тиіп, біреуіміз көсем, біреуіміз шешен атанып жүрсек, осылардың бәрі де қазақтың көркем сөзіне қарыздар.

Әрине, әдебиет халықты қарулы күреске шақырып, өз бетінше төңкеріс жасаған жоқ. Оның есесіне, адамдарды алдағы төңкеріске дайындады. Көне тарих қойнауын ақтарып, халықтың үзіліп қалған зердесін қайта жалғады. Болашақ барар жолды нақты нұсқап көрсетпегенімен, ендігі жерде бұлай өмір сүруге болмайтынын жұрттың санасына сіңірумен болды. Қазақтың бір кезде өз алдына іргелі ел болғанын дәлелдеп, ұлтты ұйқыдан оятуда әдебиеттің, оның ішінде тарихи романдардың атқарған рөлі ерекше дейтін болсақ, соның көш басында ұлы жазушы Әуезовтан кейін, бүгін бәріміз аруағына бас иіп отырған Ілияс Есенберлин тұрғанын ендігі жерде ашық айтуымыз керек.

Рас, біздің елімізде әдебиет те біркелкі болған жоқ. Жалпы, Кеңес дәуіріндегі әдебиетке баға бергенде, мына бір қағиданы есте ұстамаса болмайды. Дүние жүзіндегі барлық отар елдер әдебиеті, негізінен, екі бағытта дамиды десек, қазақ әдебиеті де сол үрдісті айна қатесіз қайталады. Оның бірі – ежелгі реалистік дәстүрден қол үзбеген, ішкі аңсарында еркіндікті көксейтін халықтық бағыт болса, екіншісі – күні үшін империяның сойылын соғысып, коммунистік идеологияның жаршысына айналған,  қазаққа Ресейсіз өмір жоқ дейтін жалған концепцияны пір тұтқан, түбі шикі, жалдамалы әдебиет. Әрине, бұл екі бағыттың қоғамдағы орны, оларға деген ресми көзқарас бірдей болған жоқ. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, өз елінің тарихын, өз заманының шындығын айтуға талпынған жазушылар өмірден өгейлік көріп, қуғын-сүргінге ұшыраса, сарай жағалаған жолбике белсенділер сый-құрметке ие болып, қожаларынан қолдау тауып отырды. Жазушы Ілияс Есенберлиннің өз қатарынан озып, оқырман сүйіспеншілігіне бөленуінің тағы бір себебі – басына қандай күндер туса да, шындықтан таймай, халық жағында қалғандығы деп білеміз.

Ілекеңнің өмірбаяны мен жазған шығармалары жұртшылыққа жақсы таныс. Том-том кітаптарды бұл арада талдап жатудың қажеті шамалы. Тек таңғаларлық бір нәрсе: орыс-қазағы аралас Атбасар қаласында туған, ата-анадан жастай жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген, мектепте де, институтта да орысша оқыған, мамандығы жөнінен тау-кен инженері – Есенберлинді әдебиетке алып келген қандай күш? Жер қойнауын ақтаратын маман инженердің енді келіп, тарих қойнауын ақтаруына не түрткі болды?

Біздің ойымызша, Ілекеңді әдебиетке жетектеп әкелген – ұлтын сүйген үлкен жүрек пен азаматтық ар-намыс, іште жатқан қат-қабат қыжыл екені сөзсіз. Олай дейтініміз, Есенберлиннің өмір жолы аса қиын кезеңдерге тап келді. Ол 32-жылғы аштық апатын көзімен көрді. Әлі қабырғасы қатпаған 16 жастағы балаң жігіт Қарсақбай кенішінде жұмыс істеп, өзін де, қорғансыз іні-қарындастарын да ажал тырнағынан алып қалғаны мәлім. Ұлы отан соғысының қанды қырғыны да болашақ жазушыға көп ой түсіргені күмәнсіз. Ілекең отызыншы жылдардағы репрессиядан жастығымен аман қалса, елуінші жылға келгенде, сол сүзгіге бәрібір ілінді. «Халық жауының» қызына үйленгені үшін жазықсыз сүргінге ұшырап, біраз уақыт түрменің де дәмін татты. Ол әдебиетке келгенде, оны күнкөрістің құралы деп емес, көкіректе беріш боп байланған ащы запыранды тарқату үшін келгені айдан анық. Бұл орайда, ұлы Абайдың өзіне қаратып айтқан: «Ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тіл» деген жолдарын Ілекеңе де айтуға болар еді.

Бұрын әртүрлі жанрда қалам тартып келген жазушының үлкен әдебиетпен мықтап айналысқан кезі – алпысыншы жылдардың ортасы. Әр нәрсенің сәті болатыны рас. Егер, көп жылдар қуғын көріп, әр мекеменің есігін бір қағып жүрген Есенберлинді республика басшысы Қонаев дәл сол тұста «Жазушы» баспасына директор етіп бекітпегенде, оның ойда жүрген, жазылып жатқан көп кітаптары жарық көрер ме еді, көрмес пе еді? Димекең мен Ілекең мамандығы жөнінен әріптес, бірін-бірі көптен білетін-ді. Жолдастық қарызын мәрттікпен өтеген Димекең өзінің батыл шешімімен қазақ әдебиетінде жаңа бір ағымға жол ашқанын, бәлкім кезінде білмеген де шығар. Бірақ, жолы болмай жүрген бір талантқа қол ұшын беріп, батпақтан суырып алғаны анық. Реті келгенде айта кетейік, Қонаевтың ұзақ жылдық қызметінде басқа қателік-кемшіліктері болса болған шығар, бірақ оның әдебиет пен өнерге, жазушыларға жасаған қамқорлығын ешкім де жоққа шығара алмайды.

Өмірінің соңғы жиырма жылында Есенберлин қаламынан артық-кемі жоқ он үш роман туған екен. Мұндай еңбек тек алыптардың ғана қолынан келеді. Ілекеңнің бұл тұстағы шығармашылық қарқынын ұзақ уақыт қыстығып келіп, көзін ашып жіберген фонтанға ұқсатуға болар еді. Жазушы бүгінгі күн тақырыбы мен тарихи тақырыпқа кезек қалам сілтеп отырды. Ілекеңнің өзі жақсы білетін кеншілер өмірінен жазылған «Айқас» романына мемлекеттік сыйлық берілуі кейінгі кітаптарға біршама жол ашты. Арада көп уақыт өтпей қазақтың төрт ғасырлық хандық дәуірін суреттейтін «Көшпенділер» трилогиясы келді дүниеге. Алдымен трилогияның соңғы кітабы «Қаһар» шыққаны есімізде. Өйткені, Ілекең сол кезге дейін талайды сансыратқан Кенесары туралы кітапты алға салуды жөн көрген. Егер цензураның қатаң сүзгісінен «Қаһар» өтіп кетсе, басқалары да соның ізімен өтер деген үміт бар еді. Жазушының сол болжамы расқа шықты. Осыдан кейін жарық көрген «Алмас қылыш», «Жанталас» романдарына дәл «Қаһардағыдай» қарсылық болған жоқ.

Бұл жағдайларды нақты білетінім: сол жылдары «Жазушы» баспасында қызмет істейтін мен Ілекеңнің біраз кітаптарына редактор болып, қол қойдым. «Көшпенділер» трилогиясы түгел дерлік қолымнан өтті. Жоғарыда айтқанымыздай, арнайы филологиялық білім алмаған, өнебойы орысша оқып, ала-құла ортада өскен Ілекеңнің жазбаларында тіл тұтқырлығы, стильдік ақаулар аз болмайтын. Жәй сөйлегенде де маған ол кісінің қазақшасынан гөрі орысшасы жатық сияқты көрінетін. Жиналыстарда орысша мүдірмей шешен сөйлеп кетер еді. Шығармаларының қай жағынан осал соғып жатқанын Ілекеңнің өзі де жақсы білетін-ді. Жалған намыс, өзімдікі ғана жөн дейтін өркөкіректік ол кісіге жат еді. «Көшпенділердің» қолжазбасын маған қарауға беріп тұрып, былай дегені әлі есімде:

- Мен өзі, шынымды айтсам, қаланың жатағымын. Аласапыран кезеңде туып өстік те, қазақтың байырғы тұрмысына көз қанықтыра алмадым. Сондықтан, менің жазбаларымда көшпенділердің киіз үйі мен жасау-жиһазына, ат-көлік, ер-тұрманына байланысты кейбір дәлсіздіктер кетуі әбден мүмкін. Соларды мұқият қарайтын бол. Ал, сөз-сөйлем жағын батыл түзетуіңе болады, қолыңды қақпаймын, - деп өтінгені бар.

Мен шама-шарқымша ағамыздың сол сенімін ақтауға тырыстым. Өйткені біздер, Ілекеңнің жас достары, Есенберлиннің қаламгерлік құдыреті сөз-сөйлемінің әдемілігінде, тіпті тіл байлығында да емес, оның көтеріп отырған тақырыбының маңыздылығында, тарихқа тыңнан жол салуында, сол арқылы ұлттық сананы оятып, үзілген зердені қайта жалғауында екенін жақсы білетінбіз.

Жазушы «Көшпенділерден» кейін көне тарих қойнауына ішкерілей түсіп, «Алтын орда» трилогиясын жазуға кіріскен. Өмірінің соңын ала оны да сәтімен аяқтап шықты. Сөйтіп, Есенберлин көшпенділер өмірінен алты том кітап жазып, қазақ даласының алты ғасырлық көркем шежіресін жасады. Бұл, шынын айтқанда, сол кезде академияның тұтас бір тарих институты атқара алмайтын, теңдесі жоқ еңбек еді. Тарихшыларды да сөгетін емес, ол кезде саясатқа тікелей бағынышты тарих ғылымының қолы байлаулы болды. Қайта, гуманитарлық басқа ғылымдарға қарағанда, образдар арқылы сөйлейтін әдебиетте ептеген еркіндік, аздаған «автономия» бар еді. Есенберлин көркем әдебиеттің осы ерекшелігін өте тиімді пайдаланды. Әсілі, жазушының о баста алға қойған мақсаты да – көркем әдебиет құралдары арқылы айтылмай жүрген тарихты халыққа жеткізу болса керек.

Осы арада айта кететін бір нәрсе, қазақ жазушылары қашанға дейін тарихшының міндетін атқара бермек? Қазір тарихшы ғалымдарымыздың батыл да еркін қимылдайтын кезі туды емес пе? Кейде олар басы ашық нәрсенің өзін дауға айналдырады. Басқаны былай қойғанда, қазақ хандығының нақты қай жылы құрылғаны жайында ғалымдардың әлі күнге дейін бір түйінге келе алмауын ештеңемен ақтауға болмайды. Мәселен, Есенберлин Мұхамет Хайдар Дулатидың жазбаларына сүйене отырып, Керей мен Жәнібек сұлтандардың Шу бойына келіп алғаш ту тіккен мерзімін 1456-жыл деп белгілеген. Ғылымдағы ең анық тұжырым да осы. Соған қарамастан, кейінгі кезде біреулер қазақ хандығының құрылған кезі деп, Көк орда ханы Әбілхайыр өліп, қазақ ордасы біршама нығайған 1468-жылды тықпалап жүр. Не үшін екен, зерттеушілер тарихымызды неғұрлым кемітіп жазуға бейім тұрады. Бұл туралы алысқа бармай-ақ, бәріміз білетін қарапайым мысалға жүгінелікші: осы біз жетпіс жыл бойы Совет өкіметінің құрылған күні деп, азамат соғысы аяқталған, немесе социализм толық жеңген кезді емес, қыстық сарайға алғаш басып кірген 7-қарашаны тойлап келген жоқпыз ба?! Ендеше, белгілі нәрсені көкпарға айналдырмай, қазақ хандығының құрылған мерзімін 1456-жыл деп танып, оның алда тұрған 540 жылдық мерекесіне осы бастан дұрыстап дайындалуымыз керек.

Ілияс Есенберлин – өзінің тарихи романдары арқылы көзі тірісінде-ақ халықтың сүйіктісіне айналған жазушы. Қалың оқырман оның әр кітабын қалай асыға күтетіні, кітап шығысымен қолдан-қолға тигізбей қалай құнығып оқығаны бәріміздің есімізде. Ал, былайғы әдеби қауым Ілекеңді құшақ жая қарсы алды десек, онымыз шындыққа жатпас еді. Жаңалыққа құштар жас қаламгерлер болмаса, өз тұрғыластары Ілекеңді берітінге дейін мойындаған жоқ. Жыл сайын шығып жатқан романдар тасқыны мен жазушыға «Көшпенділер» әкелген абыройды аға ұрпақ, әсіресе, оқулықтардан түспейтін «Совет жазушылары» кешіре алмады. Жазушы да пенде ғой. Кейде үлкен адамдар да қателеседі. Мәселен, Ғабеңнің – Ғабит Мүсіреповтың Есенберлинді ғана емес, жалпы Кенесары қозғалысын түсіне алмауы – соның бір дәлелі.

Мұның сыртында дәл сол жылдары біздің әдебиетте өзіне дейінгілерді де, өзінен кейінгілерді де мүйіздеп шыдатпайтын тағы бір топ болды. Болашақ «Классиктерге» орын әзірлеуді көздеген сол топ ұлы Әуезовтың өзіне шек келтіріп, «Абай жолы» эпопеясы ел аузындағы аңызға құрылған шығарма. Еуропалық үлгідегі нағыз роман да, нағыз маман жазушы да мына бізден басталады» дегенге дейін барғанын осы жұрт ұмыта қоймаған шығар. Сол адамдар Есенберлиннің соңына да шырақ алып түсті. «Көшпенділердің» әр кітабы шыққан сайын мақалалар ұйымдастырып, «оның жазып жүргені көркем шығарма емес, тарихи фактілердің хроникасы» дегенді дәлелдегісі келді. Мұның өзі анығын айтқанда, ағайын арасындағы жершілдік, не жүзшілдіктен туған әдеттегі кикілжің емес, жоғарыда айтылған екі бағыттың, екі түрлі концепцияның арасындағы тартыс болатын. Есенберлиннің қарсыластары тіпті де осал кісілер емес-ті. Олар жергілікті жерде коммунистік идеологияға арқа сүйесе, Мәскеуде империялық саясаттан қолдау тауып отырды.

Мұндайда жазушының біраз уақыты өзін-өзі қорғауға кеткені айтпаса да түсінікті. Жас кезінде өмірдің теперішін көп көрген, соғыста ауыр жарақат алған Ілекеңнің денсаулығы бұрын да мықты болмайтын. Әйтсе де, әлі тың еді. Жазу жұмысынан қанша қажып жүрсе де, жаңа кітабы шыққан сайын қырандай сілкініп, қайраттанып кететін. Біздіңше, жазушының жүйкесін жұқартып, өмірден ертерек кетуіне мынадай екі түрлі жағдай себеп болды ма деп ойлаймыз.

Бастаған шығармасын жазып бітіргенше, жазылған кітабы жарық көргенше тағат таппайтын Ілекең «Мұхиттан өткен қайық» атты бір романын қанша күш салса да шығара алмай-ақ кетті. Бұл сол кездегі бюрократиялық жүйені жеріне жеткізе әшкерелеген шыншыл шығарма болатын. Кітаптың жарық көруіне Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы С.Имашевтан бастап, баспа маңындағы белсенділер түп-түгел қарсы болды. Алматыда қазақшасын шығаруға тиым салғаны өз алдына, орысша аудармасы Мәскеуде «Новый мир» журналында басылайын деп жатқанда, осы жақтан хат жазып, тоқтатып тастады. Имашев бұл арада коммунистік жүйені ғана қорғап қоймай, белгілі бір топтың сойылын соққанында күмән жоқ. Он жылдай әуіреге салған осы кітап жазушының күш-жігерін едәуір сарқып кетті. Сонан кейінгі бір шырғалаң шаруа: «Көшпенділер» трилогиясы орысша аударылып біткен соң, сексенінші жылдардың басында Лениндік сыйлыққа ұсынылған. Ілекең бұл жолы сыйлық алмаймын деп ойлаған жоқ. Өйткені ол жылдары бір халықтың төрт ғасырлық тарихын баяндаған мұндай кесек шығарма КСРО көлемінде ұшыраса қоймайтын. Ал, соңғы турға дейін Ілекеңмен таласып келген Грузин жазушысы Нодор Думбадзенің жұқалтаң романы сол тұста әркімдер-ақ жазып жүрген қатардағы дүние еді. Бірақ, амал не, берекесі мықты, ұжымы берік грузиндер мен қазақтың ішінен шынашақ айналмайтын күншілдері екі жақтап, мәртебелі сыйлықты Есенберлинге емес, Думбадзеге алып берді.

Мәскеу жақтан сәт сайын хабар күтіп жүрген сондай тағатсыз күндердің бірінде, мен жазушылар одағында Ілекеңмен жолығып қалдым. Ағамыздың қабағы пәс, иығы салыңқы екен.

-    Жүре сөйлесейік, - деді Ілекең мені қолтығымнан алып.

Қатар жүрген кісіні қолтықтап алатын әдеті. Сөйтсек соғыста оқ тиіп, пышаққа түскен кемтар аяғына сәл демеу болсын дейді екен ғой. Былайырақ шыққан соң сыйлық жайы әңгіме болды:

-    Мәскеудегі жағдай мәз емес, - деді Ілекең терең тыныс алып. – Бұрын

аппараттағы адамдарға сенбей жүруші едім, кеше сондағы комиссия мүшесі – Шыңғыс Айтматовпен сөйлестім. Грузиндер Думбадзеге сыйлық әпереміз деп, артынып-тартынып Мәскеуде жүрсе, біздің ағайындар менің үстімнен қарша боратып, арыз айдап жатқан көрінеді. Сол баяғы сарын: «Есенберлин хан-сұлтандарды мадақтайды, феодализмді көксейді. Бүлікші Кенесарыны көтермелеп, ұлттар достығына іріткі салып жүр», деп жаппаған жаласы қалмапты. Мәскеудегілердің де ар жағы белгілі ғой, жаңағы сөздерге иланып қалған секілді, - деп күрсіне мұң шаққаны әлі көз алдымда.

Қайран Ілекең аман-есен жүрсе, биыл небәрі сексенге келеді екен. Үлкен жүректі асыл азамат, аса көрнекті жазушы өзінің жетпіс жасын да тойлай алмай, арамыздан ерте кетті. Бірақ артына қанша мұра қалдырды десеңізші! Алпысыншы, жетпісінші жылдарда тарихи романдардың көшін бастаған ол, аз уақыттың ішінде-ақ қазақ әдебиетінде жаңа бір мектеп қалыптастырды. Қазақтың ұлттық санасының оянуына, тарихи зердесінің қайта жаңғыруына өлшеусіз үлес қосты.

Егер Ілияс Есенберлин сәл ары таман, осы ғасырдың бас кезінде өмір сүрсе, сөз жоқ, Алаш қозғалысының қайнаған ортасында жүрер еді. Кейде ол менің көзіме кешегі Ахмет пен Әлиханның, Мыржақып пен Мағжанның ізбасар інісі, сарқыты сияқты болып көрінетін. Әттең, өз ұлтын жан-тәнімен сүйетін Ілекең өзі көксеген тәуелсіздік таңын көре алмай, арманда кетті. Алайда, біздің азат заманымыздың әр сәтінде Кенесары хан бастатқан құрбандардың киелі қаны алаулап тұрғанындай, Ілияс Есенберлиннің де қалам ізі жатыр. Жазушы бақыты деп, сірә, осыны айтар болар!

1995 ж.