Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Мақалалар

Біздің ел кіріптарлықтан қашан құтылады? "Жас Алаш", 18-шілде, 2019


Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов жақында редакцияға хабарласып, елдегі бүгінгі жағдайларға байланысты өзін толғандырған көкейтесті мәселелермен бөліскісі келетінін білдірді. Сондай-ақ «Мен қорықпай айтам, сіздер соны өзгертпей басыңыздар» деген шарт қойды. Біз келістік. Уәде бойынша, қаламгердің айтқандарын қаз-қалпында жариялап отырмыз.

Өз сөзі
Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, жазушы:

Қытайға қарсы бір ауыз сөз айта алмаймыз
Соңғы уақытта елдің бәрінің назарында жүрген жағдайдың бірі – Cайрагүл оқиғасы. Ол Қазақстанға бұрынырақта өтіп кеткен күйеуі мен екі баласына қосылу үшін келген. Мұндай бөлініп-жарылып қалған отбасылар көп. Қазіргі негізгі мақсат – сол бөлінген отбасыларды қосу. Панфилов аудандық соты Сайрагүлдің ісін бір жарым жыл қарады. Не босқындық атақ бермеді, не азамат ретінде қабылдамады. Оған біздің соттың дәрмені жетпеді. Ұят нәрсе! Қарап тұрсаң, бізде қазір кімдер жоқ: қала мен далада жүз мыңдаған қытай жүр. Шеттен келген сондай кірмелердің неше түріне орын бар. Ал атажұртына келген қазақтың бір қызын қабылдай алмадық. Мұны қалай түсінуге болады?! Бүкіл ел біледі, Біріккен Ұлттар Ұйымы, бүкіл Еуропа, ЕҚЫҰ хабардар. Солар ара түсіп, Сайрагүлге ақыры Швециядан орын беріп отыр.

Бұл мәселені шешуге соттардың шамасы келмесін, жарайды делік. Бірақ бізде бір емес, екі президент бар ғой! Сайрагүлге жасалып жатқан қиянатты солар естімеді ме? Білмеді ме? Бүкіл хұқық қорғау органдарын, Қауіпсіздік кеңесін қолына ұстап отырған Нұрсұлтан Әбішұлы білмеді деп айтуға болмайды, білді. Ендеше, солар біле тұрып, көре тұрып, осындай бассыздыққа неге жол берді?! Бір қызды сыйдыра алмай, сонау Швецияға неге жіберді? Сұрақ па? Сұрақ. Ел алдындағы сұрақ бұл. «Неге бұлай?» деп мен де толғандым. Әркімдерден, мамандардан сұрадым. Ойлана келе түйгенім, біріншіден, біздің билік шеттегі диаспораға, соның ішіндегі Қытайдағы қазақтарға өте немқұрайлы қарайды. Екіншіден, Қытайға қарсы бір ауыз сөз айта алмаймыз. Сайрагүлдің мұнда тұрақтай алмауы – Қытайдың нұсқауы. Қарсы сөз айта алмайтын себебіміз – біз Қытайға қарызға батып қалғанбыз. Біреу – 20, енді біреу 30 миллиард дейді, нақты есебін білмеймін, бірақ ең кемі, осынша қарыз екенбіз. Ал қарыз алған кісінің күні қараң. Біреуге кіріптар боласың да отырасың, сол қарыз үшін талай Сайрагүлдер құрбан болады. Бүкіл дүниежүзінің алдында масқара болдық. Өзі тағы Швецияға барғанын қарасаңшы. Швеция қандай ел? Біз швед академиясына Нобель сыйлығын аламыз деп жыл сайын кандидатурамызды ұсынып келдік емес пе өткен жылға дейін. Сайрагүл тура, міне, сол елге барып отыр. Ал осыдан кейін олардың бізге көзқарасы қандай болуы мүмкін? Адам құқығын қорғайтын сиқымыз – мынау, демократиямыз – анау. Шынын айтқанда, біз бұл жағынан өте ұятты жағдайдамыз.

Біз ақшаның жолындағы жарысқа түстік
Біз тек Қытайға ғана емес, дүниежүзіне қарыз екенбіз. Экономистердің айтуынша, оның мөлшері 170 млрд доллар шамасында көрінеді. Қазақстанда әрбір сәби 9000 доллар қарызбен туады екен. Ал осы қарызды кім төлейді? Біз ол туралы ләм-мим демейміз. Ол ақшаға не алды, қайда кетті, оны да білмейміз. Өткенде президент ауысты. Жеті кандидат ұсынылды. Соның бірде-біреуі осы қарыз жөнінде ауыз ашқан жоқ. Бұл өзі біреу төлейтін нәрсе ме, әлде осылай, мемлекеттің мойнында асылып тұра бере ме? Мен үкімет мүшелерінен осыған жауап күтемін.

Қарыз жөнінде айтсам, бізге жанашыр адамдар болған. Біз тәуелсіздік ала салысымен, 1992 жылы Түркия президенті Тұрғыт Өзал Алматыға келді. Республика сарайында үлкен кездесу болды. Мен соған қатыстым. Нұрсұлтан Назарбаев өзі қасында отырды. Сонда Тұрғыт Өзал: «Қазақтар, сендер асықпаңдар және саспаңдар. Біреуден қарыз алып, кіріптар болмаңдар. Өздеріңде бәрі бар. Өз астығы, мұнайы, кені, азық-түлігі өзіне жететін, ешкімге күні түспейтін, дүниедегі санаулы мемлекеттің бірісіңдер. Ешкімге қарыздар болмаңдар. Өздеріңнің бейтарап қалыптарыңды сақтап, баяу дамып отырсаңдар болды», – деді. Мен соны блокнотыма жазып алғам. Бәріміз шапалақ ұрдық. Бірақ Тұрғыт Өзалдың кеңесін құлаққа ілмедік. Біз ақшаның жолындағы жарысқа түстік. Тура біреу бәйгеге қосқандай, біресе 50 елдің, біресе 30 елдің қатарына қосылмақ болдық. Менің «30 елдің қатарына қосылармыз, қосылмаспыз, бірақ Қазақстан мен үшін ылғи бірінші орында» деген бір сөзім бар. Біз осылай, қалтамызды қалыңдатқанша, миллиардерлерді көбейткенше асықтық. Қарызға батып қалған себебіміз – осы.

Шеттегі диаспораны менсінбеу Қажығұмардан басталған
Жалпы, біздің Қытайдағы қазақтарға көңіл бөлуіміз, ие болуымыз өте сылбыр, өте салқын. Олардың көрмегені жоқ: ұлт ретінде жанышталып жатыр, он мыңдаған адам қамауда отыр, ішінде менің туысқандарым, сүйек шатыс құда-жегжатым да бар. Солардың осындағы жақындарының көбі «көмектесіңіз» деп, маған жылап келеді. Менің қолымнан не келеді?!

Қытайдағы қазақтарды туыттан шектеп, екі баладан асып кетсе, әйелдерді қуып жүріп түсік тастатып, өсіп кеткен нәрестелерді жарып алып жатыр. Оған дағдыланбаған қазақ әйелдерінің көбі өліп те кетті. Сонда да «бұл біздің ұлттық салт-санамызға жат нәрсе» деп бір ауыз араша түсе алмадық, айтпадық. Халықаралық беделіміз жоғары дейміз, өзімізге өзіміз разымыз. Бірақ беделіміздің жоғары екенін осындай жағдайда көрсетуіміз керек еді. Бізді сыйласа, диаспорамызды сыйлайды, Қазақстанды қаншалықты бағалайтыны сол жердегі қазаққа деген көзқарасынан көрінеді. Қазақта: «Иесін сыйласаң, итіне сүйек сал» деген мақал бар.

Қазір көші-қон түгіл, барыс-келіс тоқтап қалды. Бері өтіп қайтқан адам дереу қамауға алынады. Көші-қонға түрлі кедергілер қойдық. Шынын айту керек, біздің билік сырттағы қазақтардың келуі емес, келмеуі жағында қазір. Келушілерге қойылатын шарттардың бірі – ол жақта жүргенде сотталмаған болуы керек, әдемі мінездеме алып келуі тиіс. Сонда ғана келеді. Ал осы қандай қисынға келеді? Бодан болып отыр ғой олар. Ал бодандық деген – кәдімгі құлдық. Демек, қорлық көруің де, түрмеге түсуің де, өз азаттығың үшін күресем деп одан зорғыға тап болуың да мүмкін.
Қажығұмар деген қазақтың классик жазушысы 40 жыл түрмеде отырды. 20 жыл Тарым лагерінде, одан кейін Үрімшінің абақтысында жатты. Өзі – үржарлық, 1932 жылы ашаршылықта жеті жасында Қытайға өткен. Сол өлерінде Құдайдың зарын ғып хат жазды президентке. «Атамекеніме барып жатайыншы, маған екі метр жер беріңдер» деп. Сол хатты біз Жазушылар одағынан қабылдап, президентке жолдап беріп отырдық. Ешкім тұяғын қимылдатқан жоқ. Қажығұмар осыдан 10 жыл бұрын, 85 жасында Шәуешекте қайтыс болды, қабірі сонда. Біз соның Үржардағы туған топырағына келіп өлуіне мүмкіндік бермедік. Сайрагүл синдромы жаңа пайда болған жоқ. Шеттегі диаспораны менсінбеу – сол Қажығұмардан басталған нәрсе.

Мен, мысалы, Такламакан шөліндегі Тарым лагері туралы повесімде екі тұтқынның сол түрмеден қашқан бойы біздің шекарадан қалай өткенін жаздым. Ал соларды ана жақтағы түрмеден келдің деп қайтарып жіберуіміз керек пе?! Қытай адамдарды өз саясатына көндіреді. Көнбеген кісіні түрмеге жабады. Қажығұмар неге 40 жыл отырды? Өз ұлтының сөзін сөйлегені үшін! Міне, осындай көзіқарақты, сергек адамдардың көбі жазаланған ол жақта.

Мен босқындықтың, көші-қонның не екенін жақсы білетін адаммын. 1962 жылы 10 сәуірден 1 мамырға дейін, 20 күннің ішінде 200 мың қазақ көшіп өтті бері қарай. Біз соны қыс бойы дайындадық. Шәуешектің өз қаласы түгел, одан кейін Шәуешек, Шағантоғай аудандары тегіс және Толы ауданының жартысы өтті. Құлжадағылар өте алмай қалды. Өйткені ол жақта ұйымдастыратын кісі болған жоқ. Шәуешектегі жағдайды естігеннен кейін, «Біз де советке өтейік деп едік, соған рұқсат берсеңдер» деп, адамдар жиналып өкімет орындарына барыпты. Обкомның үстінде пулеметпен қарауылдар тұрған екен, бәрін қырып тастапты. Сөйтіп, жүздеген адамның қаны төгілген.

Бекер обалы қане, Совет өкіметі сол 200 мың адамды бір айдың ішінде жұмысқа орналастырды, екі айдың ішінде қып-қызыл паспорт берді және оны аламыз деп ел ауданға да, облысқа да барған жоқ. Тізімдеп алып кетті де, өздері әкеліп үлестіріп берді. Ал қазір ше? Ақша жасаудың көзіне айналдырып алған. Алақандай төлқұжат алу үшін ел сабылып бес жыл жүреді. Оған да тамыр-таныс керек. Баяғыда келгендер өз құжатын осы соңғы бір-екі жылда әрең алып болды.

Маған кезек тимей-ақ қойды...
Ана жылдары, елорда көшпей тұрғанда президент бізді Алматыда бестеп-ондап, ондап-жиырмалап қабылдап тұрушы еді. Сондай қабылдаулардың бірінде: «Мен өз жағдайымды айтпайын, Қытайда абақтыда жатқан бір жазушының жағдайын айтайын. Дүниежүзі қазақтарында жалғыз президент бар. Ол – сіз. Қажығұмар Шабданұлы 40 жыл өмірін Қытайда түрмеде өткізді, онда да «Қазақстанның жансызы» деп айыпталды. Қазір жасы 80-де, елге келгісі келеді, осыған бір қайраныңыз бар ма? Соған көмектесіңізші», – дедім. Көмекшісіне «жазып алшы» деді. Ол жазуын жазып алды, бірақ түк істелген жоқ. Қажығұмарды іздеген, сұраған, абақтыдан босатқан ешкім болмады. Қажығұмар ақыры өзі шығып, өмірінің соңын Шәуешекте мырзақамақта өткізді.
Екінші рет Семей облысын Өскеменге қосқалы жатқанда қабылдауына жазылғанмын. «Семей облысы – Абай, Шәкәрім, Әуезов, бір кездегі Ақтамберді, Ақтайлақ би, Әсет, Әріп туған, ұлы аруақтар шыққан, Алашорда қайраткерлері Алаштың туын тіккен жер. Ол біреуге қоса салатын облыс емес. Қырық жыл полигонның зардабын тартты, ерекше мәртебе, үлкен жеңілдік беретін өңір» деп айтам деп ойлап, қаншама рет талпындым. Кім көрінгенді қабылдап жатты сонда. Маған кезек тимей-ақ қойды. Сөйтіп жүргенде бір күні Семей облысын Өскеменге қосу туралы жарлық шығып кетті. Сосын, қабылдау бөліміне телефон соғып, «мені тізімнен алып тастаңдар, кірмеймін» дедім, өйткені уақыт өтіп кетті.

Шекарадағы аудандарды кім үшін босатып жатырмыз?
Мен ара-арасында Қытайға бірнеше рет бардым. Бұрын Шәуешек қаласы мен Бақты шекарасының арасында 20 километрдей бос жер бар еді. Алдыңғы жылы барсам, қалың елді шекараға тіреп тастапты. Қала тура шекараға қарай өскен. Бұл – Қытайдың саясаты. Ал біз қайттік? Біз шекарадан 80 шақырым, 100 шақырым шегіндік. Мақаншыны Үржарға, Ақжарды Ақсуатқа, Марқакөлді Күршімге, Катонқарағайды Үлкен Нарынға қостық. Нарынқолды әкеп Кегенге қосып еді, құдай оңдап, әйтеуір, қайта бөлді. Әкімшілік орталық кеткеннен кейін халық та көшеді екен. Әрқайсысының 40-50 мыңнан халқы бар болатын солардың. Қазір қатты азайып кетті. Семейде 14 аудан бар еді, соларды бір-біріне қосып, жеті ауданға түсірді. Шындықты айтсаң, сені бәрі халық жауындай көреді. Ал «дос жылатып айтады». Біреулердің мақтағанына мәз боламыз, мақтаншақпыз. Сол сырымызды қонақтар да біліп алған. Босағадан аттай беріп мақтайды бізді. Басшымыздан бастап, қосшымызға дейін соған бөркіміз қазандай болады.

Жалпы, біз шекарадан неге шегіндік? Шекарадағы аудандарды кім үшін босатып жатырмыз? Осы ұсынысты жасаған кім? Жоғарыдағы билік осыған да жауап берсін. Бұл, меніңше, халықтың қамы үшін, еліміздің тәуелсіздігі үшін жасалып жатқан нәрсе емес. Шекаралық аудандардың мәртебесін қайтадан қалпына келтіру керек.

Жазып алған Р.РАҚЫМҚЫЗЫ
«Жас алаш» газеті, 18 шілде 2019