Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Мақалалар

Біз ағаларымызға қарап бой түзедік


Шекарадан небәрі жиырма шақырымдай жерге орналасқан Шәуешек шаһарына Совет одағының, қала берсе Қазақстанның ықпалы өте күшті болды. Бұл қаланың екі ел арасындағы сауда-саттықты дамытуға қосқан үлесі өз алдына, саяси-әлеуметтік, мәдениет саласында да көрші елдің тигізген әсері айтарлықтай. Басқасын былай қойғанда, Совет өкіметінен қуғын көрген «Алаш» қайраткерлері, тағы басқа ұлтжанды азаматтар ең алдымен Шәуешекке барып тұрақтады ғой. Олар онда жәй барған жоқ, сол елдің санасын оятқан, қолдарына бір-бір шырақ ұстап барды.

Бәлкім, соның шарапаты болар, басқа аймақтарға қарағанда, Шәуешек жастарының оқуға, өнер-білімге деген ынтасы өте жоғары болды. Міне, осындай ерте оянып, білімге талпынған жастардың бірі – Телмұхамет ағамыз еді.

Темең сонау отызыншы жылдардың өзінде-ақ өлке орталығы Үрімжіге барып, Мұң-қа (мұңғыл-қазақ) мектебінде оқыған. Бұл өзі орта дәрежелі мектеп саналғанымен, қоғамдық білімдерге де, қытай тіліне де жетілдіретін, аз ұлттарға арналған бірден-бір оқу орны болатын. Осы мектепті үздік бітірген Телмұхамет Қанағатов басында біраз жыл Манас ауданында да мұғалім болып, қырқыншы жылдар әр аймақта ұлтазаттық күресі қызған кезде Шәуешекке келеді.

Бұл тұста аймақ орталығы Шәуешекте бұрын Үрімжіде әр жылдар білім алған төңкерісшіл жастар бас құраған-ды. Олар: Дубек Шалғынбаев, Жағда Бабалықов, Ахметқали Бітімбаев, Балқаш Бапин, Қалдыбай Қанапиндер еді. Осылар өз орталарынан «ұлтазаттық ұйымын» құрған. Телмұхамет те Шәуешекке келісімен осы ұйымның жұмысына белсене араласып кетті.

Төңкерісшіл жастардың күш шығаруымен, 1945-жылы тамыз айында Шәуешек бейбіт жолмен азат болды. Құлжа, Алтай, Тарбағатайды қамтыған үш аймақта «Шығыс Түркістан» республикасы құрылды. Шәуешек кадрдан тарыққан жоқ. Кешегі төңкерісшіл жастар әр саланы тіреп тұра қалды. Телмұхамет ағамыз осында Шәуешекте аудан әкімінің орынбасары, одан Дөрбілжін ауданының әкімі болды. Арада екі-үш жыл өткенде Тарбағатай аймағының уәлиі (губернаторы) болып көтерілді. Осыдан кейін біраз жыл Үрімжідегі өлкелік үкіметте басқарма бастығы болды. Ақырында Тарбағатайға екінші рет уәли болып, осы қызметте жүргенде 1961-жылы атажұрт Қазақстанға көш түзеді.

Әрине, Темеңдер үлкен қызметте жүргенде, біз мектепте оқушымыз. Сырттай қызыққанымыз болмаса, қоян-қолтық араласқамыз жоқ. Бірақ халық ол кісіні жақсы атайтын. Біз жастар сол кісілердей болсақ деп армандайтынбыз. Біз Гимназияда оқып жүргенде, Темең – аймақтың уәлиі. Бір жылы қыста «Халық бақшасының» ішіндегі алаңқайға мұз қатырып, Уәлидің өзі келіп, конкишілер жарысын өткізді. Өзі де аяғына конки байлап, оқушылармен бірге сырғанағаны есімде. Темеңді алғаш рет жақын жерден көргенім осы. Көз шарасы кең, сұңғақ бойлы, аққұба кісі екен. Бізге талайға келген үлкен адам сияқты көрінуші еді. Қазір есептеп көрсем, сол кезде әлі қырыққа да келмеген жас жігіт екен ғой.

Темеңдер, «есің барда елің тап» дегендей, жоғары қызметте жүріп, өз басына әлі жаманат жапсырылмай тұрғанда, атажұртқа бет түзеді. Ел ағаларының бірінен соң бірі атажұртқа жүк салуы былайғы жұртты да оятқаны сөзсіз. Солар кеткен соң, тура бір жылдан кейін 1962-жылы, Тарбағатай халқының дүрк көтеріліп, Қазақстанға босып өтуі жайдан-жай емес. Кезінде осы көшті ұйымдастырып жүрген біздер ағаларымыздың патриоттық бастамасын үгіт-насихатымызға талай рет пайдаланғамыз.

Атажұртқа келгенде Темең небәрі 43 жаста екен. Қартайып тұрған жоқ еді. Қызмет істеу, ел басқару тәжірибесі де жеткілікті болатын. Тек орыс тілін білмеуі кедергі болды біздің ағаларымызға. Қытайда бас прокурор болғандар, Аймақ бастығы болғандар, генералдар мен полковниктер мұнда келген соң жәй күнкөрістік қана кіші-гірім қызметтерді қанағат тұтты.

Темең ұзақ жыл Ғылым академиясында, М.Әуезов атындағы әдебиет институтының қолжазбалар қорында қызмет істеді. Көне қолжазбаның бәрі дерлік араб жазуында. Ол жазуды Темең сықылды ескі көздер ғана таниды. Сонан кейінгі бір міндеті – ел ішіне шығып, ауыз әдебиеті мен фольклорлық мұраларды жинау болатын. Бұл қызмет Темеңе бүкіл Қазақстан жерін аралауға мүмкіндік берді. Бұл күнде институттың қолжазбалар қорын ақтарсаңыз көптеген көне мұраның соңында: жазып алған – Телмұхамет Қанағатов деген есімді көресіз. Былайғы жұрт біле бермейтін Темеңнің елге сіңірген бір еңбегі осындай.

Жоғарыда айтқанымыздай, ағаларымыз атажұртқа келген соң мансап, лауазым жағынан біраз ұтылғанымен, түптің түбінде бәрібір ұтысқа шықты. Оның ең бастысы, ұрпақтарын жат елдің босағасында қалдырмай, өз үйіріне әкеліп қосты. Олардың ел қатарлы білім алуына жол ашты. Өз басым іштей араласып кетпегенмен, Қанағатовтардың кейінгі жас буынын тілектес көңілмен сырттай бақылап жүремін. Есей Қанағатов – талантты педагог. Ол ұзақ жыл Алматы мектептерінің бірінде мүдір (директор) болды. Ал, Елсияр Қанағатов – қазір спорт саласындағы басшылардың бірі. Аяқалысы жаман емес, ол араласқаннан бері алтын медалді чемпиондардың қатары көбейіп келеді.

Қазақта «әке көрген оқ жонар» деген сөз бар. Атаның қанындағы жақсы қасиеттер осылай ұрпақтар арқылы жалғаса бермек.

2015 – қаңтар.
Қабдеш Жұмаділов Қазақстанның халық жазушысы