Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Мақалалар

Қазақ халқы Шыңғысхан әулетіне қарыздар. "Жас алаш", 3-қыркүйек, 2015


Максат: – Қабдеш аға, биыл 550 жылдығы тойланғалы жатқан. Қазақ хандығының құрылуы, Жәнібек пен Керейдің өз алдына Орда тігуі жөнінде айтып берсеңіз...
Қ. Жұмаділов: – Жалпы, биыл біздің қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын атап өткеніміз – дер кезінде істелген шаруа деп білемін. Бұл – қазір біз үшін өте өзекті, қажетті, өте зәру мәселе болып отыр. Себебі, бұған дейін, тіпті осының алдында ғана қазақ тарихы туралы неше алуан алыпқашты әңгімелер болды. Биік мінбелерден: «Бізде хандық болған жоқ, мемлекет болған жоқ, шекара да болған жоқ» деген ұщқары пікірлер айтыла бастады. Оны өзіміз ғана айтып қоймай, көрші елдердің иделогтары іліп әкетіп, бізді ашық табалап, қорлаған кездері де болды. «Бұл қазақта бұрын мемлекет болмаса, шекара болмаса, жеке хандықтары да болмаса, бұларға тәуелсіздік не керек» дегенді ашық айта бастаған. Осыны Ресейдің Лимонов, Жириновский сияқты шовинист идеологтары ғана емес, мемлекет басшылары да айнытпай қайталады. Соны айтқан Путиннің сөздері сағат-минутына дейін менде жазулы. Бұл, айналып келгенде, қазақты қорлау, табалау, намысқа тиіп, кемсітуден басқа ештеңе емес.. Қазақта ел болмаған, жұрт болмаған, хандық болмаған деген сөз - біздің бүткіл тарихымызды жоққа шығару ғой. Егер біз дәл биыл қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтпесек, ол біздің елдігімізге, тәуелсіздігімізге сын болар едіі. Бұл әлгі қазақта ел болмаған, мемлекет болмаған деген жалалы сөздерге дер кезінде қайтарған жауап болды.

Ал енді біздің қазақ хандығы қалай құрылды, ол үшін қандай алғышарттар жасалып еді деген мәселеге келсек, мұның алдында түріктерде «Алтын Орда» деген үлкен қағанат, империя болды ғой. Бұл – Шыңғысханның өситеті бойынша, немересі Батудың тұсында құрылған қағанат. Орыстар «Алтын Орда» деп атаса, басқа елдер «Қыпшақ мемлекеті» деп атаған. Оның билігі үш ғасырға созылды. Бүкіл 13, 14 және 15-ші ғасырдың ортасына дейін. Оған Евразия түгел қарады. Бүкіл Орта Азия, Еділ бойы, бүкіл Кавказ, Иран, Ирак, бүкіл Ресей түгел «Алтын орда» аталған қыпшақ мемлекетіне бодан болып тұрды.

Не нәрсенің басы болса, аяғы да болады. Еш нәрсе де мәңгілік емес. 15-ші ғасырдың басына келгенде Алтын орда да ыдырай бастады. Өзара алауыздық, таққа талас, биліктің әлсіреуі бірте бірте империяның ыдырауына әкеп соқтырды. Сонымен бодандықтан құтылған Ресей өз алдына Москва княздығын негіз еткен жеке мемлекет болып бөлініп шықты. Алтын Орданың негізін құраған хандықтар: Еділ бойындағы Қазан хандығы (қазіргі татарлар), Астрахань маңындағы Ноғайлы хандығы, Қырым хандығы болып, паршаланып кетті. Ал Орта Азияға келсек, Жошының әулеті, Шағатай әулеті Ақ Орда, Көк Орда болып енші бөлісті. Бүкіл Мәуренақыр Шағатай ұрпағына қараса, қазақ даласы Жошы ұрпағының үлесіне тиді. Осындай бөлініс кезінде көшпенді қазақ руларының басын құраған Орысханның ұрпақтары Әз Жәнібек пен Керей хан Шайбанилердің үстемдігінен ірге бөліп, қазіргі Жамбыл облысы аумағындағы Қозыбасы деген жерде қазақ хандығының дербес туын тікті. Әрине, ол жерге 200 мың шаңырақ бірден келе қалмаған. Керей мен Жәнібектің соңынан еріп, біртіңдеп жинала берген. Біз қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтіп жатырмыз, бұл дегеніңіз - 1465-тен бастағанымыз. Ал, 1465-те хандық нығайған кез. Ал енді бір тарихшылар алғаш көшіп келіп, ту тіккен 1456-шы жылдан бастау керек дейді. Олай есептейтін болсақ 550 жылдығы емес, 560 жылдығын атап өткен болар едік. Бірақ тарих үшін он жылдың ары-берісі жоқ. Ол кезде Жетісу аймағы Моғолстанның жері болып есептелетін. Бүкіл Қашқария, Ұлы жүздің Дулаттары Моғолстанға қарап тұрған. Анығында, бұл қазақ руларының шоғырланған жері еді. Сондықтан Әз Жәнібек пен Керейдің өз туларын неқұрлым қазақ ортасына әкеліп тігуі тегін емес. Сонымен, Көк Ордаға негізінен отырықшылар қараса, Ақ Ордаға көшпенділер иелік етті. Қазір қазақ рулары көптеген түрік мемлекеттердің құрамында жүр. Наймандарды немесе Дулаттарды алыңыз, Қоңыратты алыңыз. Олар өзбектің де, қарақалпақтың да, башқұрттың да құрамында жүр. Сол рулар жан-жаққа тарап, мүлде жойылып кетпей тұрғанда қазақ руларының басын қосып, хандықтың туын тігу – тарихтағы аса үлкен оқиға. Яғни, мұны қазақ тарихының, қазақ халқының қайта туған күні деп қарасақ та болады. Ал егер сол жылы Әз Жәнібек пен Керей хан қазақ хандығының туын тікпесе, қазақ хандығын құрмаса, кім біледі, қазір кімнің босағасында отырарымызды... Біз қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау өте қажет, әрі өте маңызды мәселе дедік. Оның екінші жағы тағы бар. Біз осы тойды тойлай отырып, қазақ тарихында бүгінге дейін бұрмаланып келген, айтылмай келген қатпарларды ашуымыз керек. Керей мен Жәнібек қазақтың хандығын құрған қазақ екен. Ендеше, оның арғы жағында кімдер бар? Оның әкесі кім, бабасы кім? Олар кімнің әулеті? Олар – әрине, Шыңғысханның әулеті. Қазір шежірешілер Әз Жәнібек пен Шыңғысханның арасын есептеп бере алады. Әлде он ата, әлде сегіз ата. Ал Шыңғысхан кім? Осы күнге дейін біз жалған түсінікпен, отаршылдардың зорлап таңған тәліміменен жүріп келдік. Шыңғысхан моңғол екен дедік. Ол түрік те емес, қазақ та емес дедік. Әйтеуір, ұлы қағанды қазаққа, не түрікке жолатпау жағында болдық. Шыңғысханды түрік халқына қоспау, түріктерді біріктірмеу - алдын ала жоспарланған саясат болатын...Ал қазір жаңа деректер ашылып жатыр. Моңғолдың құпия шежіресін немесе Рашидидинің тарихи еңбектерін орысшаға аударғанда қасақана теріс-қағыс аударған ғой. Шыңғысханның түрік екенін айтатын жерді әдейі қалдырып, сызып тастап отырған.

Сұрақ: – Қазақ халқы төрелер тұқымына қарыздар десек те болғандай. Әсіресе, Қазақ хандығын құрып, жеке мемлекет жасап бергеніне. Бірақ төре тұқымы сол мемлекетті аяғына дейін неге ұстап тұра алмады? Жалпы, төрелер жайында Сіздің ойыңыз қандай?
Қ. Жұмаділов: – Төрелер қазақ халқының ішінде, тек қазақ хандығында ғана бар.. Шыңғысханды «моңғол» деп жүрміз ғой. Бірақ қазіргі Моңғолияда Шыңғысханның бірде-бір әулеті жоқ. Шыңғысхан төре деген рудан шықса, Моңғолияда төре деген ру жоқ. Ана жылдары делегациямен бірге Шота Уалиханов ағамыз Монғолияға барып қалған екен. Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге. Сонда оны үш күнге сұрап әкетіп, Шотаның қолынан ұстап, етегін сүйіп, моңголдар өліп қала жаздапты. Шыңғысханның тұқымы дегенге. Ал Шыңғысханның моңғол емес екені, төре тұқымының Моңғолияда жоқ екені айдан анық. Төрені төбесіне тұтатын халық - ол біздің қазақтар ғана. Төрені төрге отырғызу, төреге билік беру басқа ұлттарда жоқ. Төрелерді құрметтейтін ел – біз ғана. Өйткені төре біздің қазақ ортасынан шыққан. Қазақтың бір руы. Сонау Шыңғысханнан бері төре тұқымы біздің түріктердің басын құрап, ел билеген ру. Сол төрелерге билік бергеніміз өте дұрыс болған. Содан кейін-ақ қазақ өзара таққа таласуды қойған. Үш жүз болып, қырық ру болып, тайпа болып, таққа мен отырамын демеген. Небір дүлдүл билер, (Төле би , Қазыбек би секілді), одан қала берсе соңында қалың елі бар Қабанбай, Бөгенбай секілді батырлар да «мен хан боламын» деп билікке таласпаған. Өйткені бұл әбден бекіп қалған заң. Қазақты төрелер билеуі керек. Бұл өте дұрыс шешім болды. Әз Жәнібек пен Керейдің ұрпақтары: Керейдің ұлы Бұрындық, Әз Жәнібектен тараған Қасым хан, одан Хақназар хан, одан Тәуекел хан, осылай кете береді. Әз Тәукеге дейін, Абылайға дейін, Одан Кенесарыға дейін. Ал осылардың бәрі де қазақ халқы үшін, қазақтың басын құрау үшін еңбек етті. Кейбір хандар осы жолда басын берді.

Сұрақ: – Олардың барлығы қазақ тілінде сөйледі, ғой, моңғол тілінде емес?
Қ. Жұмаділов: – Әрине, – хандардың ана тілі – қазақ тілі болды. Ол жайында тарихи құжаттар жеткілікті. Өз халқы үшін басын берген хандар басқа ұлттарда кездеспейді. Мысалы Салқам Жәңгір майданда мерт болды, Хақназар хан да майданда қаза тапты. Ал, Тоғым хан 1530-шы жылдары қырғызды қорғап қаламын деп, Ақсу хандығымен теңсіз соғыс кезінде тоғыз ұлымен бірге қаза болған. Бұлардан басқа, қазақ үшін, қан майданда басын берген сұлтандар қаншама! Сондықтан біз төрелерге, Шыңғыс әулетіне қарыздармыз. Дер кезінде ел болғанымыз үшін, ұлт болғанымыз үшін. Бізді қорғап қалғаны үшін! Және олар қазақты ғана қорғап қалған жоқ, өзге де түрік халықтарын қоса қорғады.

Сұрақ: – Төрелер ауызбірліктен неге айырылды? Алауыздық неден туды?
Қ. Жұмаділов: – Төреден шыққан ең соңғы хан Кенесары азаттық жолында басын берді ғой. Бәрі жабылып жүріп, орысы бар, қоқаны бар, қырғызы бар, алдап қақпанға түсіріп, басын жойды. 19-шы ғасыр басында хандық жойылғаннан кейін төрелердің өз арасында алауыздық болғаны рас. Ол алауыздықты кім туғызып отыр? Орыс отаршылдары. Біреуіне жем тастап, екіншісін шетке қағып, үшіншісіне қысым жасап...Аға сұлтан дейтін мәнсап шықты. Төрелерден Шыңғысы бар, Құдаймеңдесі бар, Бөкейі бар, Аға сұлтандықты місе тұтты, соған разы болды. Орысқа қарайтын болып, бодандықты қабылдады. Ал Қасымның әулеті оған келіспеді. Орысқа қарсы Қасым төренің бас көтеретіні, Кенесары көтерілісінің шығатыны сондықтан. Төрелер осы берітінге дейін күрестен тайған жоқ. Мысалы, Шоқанды алайық, оның орнын немен толтырасың... Одан кейінгі Әлихан Бөкейхановты алайық. Бүкіл Алаш жұртының көсемі. Алаш идеясының туын көтеруші. Бұл – олардың ата-бабасынан келе жатқан қасиет. Мен өткен жылы «Ханның басы қанша тұрады?» деген повесть жаздым. Кенесарының қолға түсуі, опасыздардың сатып кетуі. Рүстем төре мен Сыпатай батыр кеше әскер әкеп қосып, шайқас алдында жылыстап шығып кеткені. Қоқан мен қырғыздың қалың әскері алдында ханның мың ғана сарбазбен қоршауда қалуы, ақырында қолға түсіп, мерт болғаны туралы. Бірде жолдастары Кенесарыдан сұрайды ғой: «жеңеміз бе, жоқ, әлде жеңілеміз бе?» деп... Сонда Кенесары: «Мәселе жеңісте емес, күресте. Егер біз ақырғы деміміз шыққанша күреспесек, азаттық үшін алыспасақ елден ұят болар еді. Әруақтардан ұят болар еді. Ертең атамыз Абылайдың әруағы алдында не бетімізді айтамыз» деген екен. Осы сөзде Кенесарының бүкіл мақсат-мұраты тұр. Ал енді өзара алауыздық болса, бұл – орысқа бейімделіп, мәнсапқа сатылып кеткендердің ісі. Оны да ыдыратып отырған - Ресей империясы. Олар ақша мен сый-сияпатқа рубасыларын сатып алып отырған. Генералдар Ұлы жүз рубасыларымен, қырғыздармен тіл біріктіріп, мынадай тор құрған ғой. «Біз Кенесарыны Арқа жақтан ығыстырып қуайық, сендер мына жерде қақпаны ашып отырыңдар» деген. Ішінде Рүстем төре бар, Сыпатай батыр бар, барлығын бір жыл бұрын генерал Вищневский жинап алып, орден беріп, шенді шекпен жауып, арнайы тапсырмамен таратқан. Міне, осы сценарий бойынша Кенесары қолға түсті. Күші басым жауға шамалары келмеді. Ал Әлихан Бөкейханға келсек, балшебектерге ол да төтеп бере алмады. Ол үшін оларды кінәлауға болмайды. Себебі, империяда қарудың барлық түрі болды. Көк темір құрсанған әскерге қарсы не істейсің? Кенесарының Жетісуға келуі - жетіскендіктен емес, уақытша болса да бой тасалау. Бір ғана үміт болды, қырғыздарды көндіріп, соңымнан ертем деп ойлаған. Өйткені олар Қоқаңның қоластында бодан болып тұрды ғой. Содан кейінгі үміті – оңтүстіктегі, Сыр бойындағы қазақтарда болатын. Бірақ ол ойы да жүзеге аспады. Соңынан ереді деген рулар кербағып қалды. Қырғыздар екіжүзділік танытып, сатып кетті. Төрелердің жолы болмаған себебі сол.

Сұрақ: – Шыңғысхан туралы да талас пікірлер көп...
Қ. Жұмаділов: – Шыңғысхан жайында әліге дейін таласып жүрміз, бірақ оның түрік екені айдын анық. Бұдан кейін «Шыңғысхан моңғол» деген сөзді айтпауымыз керек. Біздің баспасөзде, не көркем шығармада ондай сөз айтылмауы керек. Ал енді ішкі таласқа келсек, біреулер оны қият деп, енді біреулер жалайыр деп жүр. Бұл енді маңызды нәрсе емес. Алдымен түрік болсыншы. Қият та – түрік, Жалайыр да – түрік, бәрі – қазақтың рулары. Мұхтар Мағауин 4 томнан тұратын Шыңғысхан туралы кітап жазды. Шыңғысханның түменбасылары мен барлық нояндары, мыңбасылары түгел түрік екен. Бірде-бір қалмақ, бірде-бір моңғол жоқ. Орыстардың өз есебі бойынша, Бату ханның 250 мың әскерінің ішінде төрт-ақ мың моңғол текті сарбаз болған екен. Оның өзі таза моңғол емес, бергі шеттегі ойраттар. Мен Ресейде шығатын «Новое время» деген газеттен оқыдым. «Бізді 300 жылға жуық моңғол-татарлар билеп тұрды» дейміз. Бірақ орыс тіліне енген бірде бір моңғол сөзі жоқ, ал оның есесіне, мыңдаған түрік сөздері еніп кеткен екен. Сонда біздің «моңғол» деп жүргеніміз түрік болғаны ма?» деп сұрақ қояды газет. Тарихта өзі сөйлеп тұратын осындай айғақтар көп. Біз соларды іске асыруымыз керек. Ең бастысы, Шыңғысхан секілді бабамыздан безбеуіміз керек қой. Ондай ұлы баба әркімнің маңдайына біте бермес! Басқа кімнің Шыңғысхандай бабасы бар екен? Шыңғысхандай данышпен қолбасыдан, Шыңғысхандай ұлыдан кім қашады? Біз, яғни қазақтар ғана қашыппыз. Бұл енді отаршылдардың тәлімі ғой. Шыңғысхан мен түріктердің басын қоспау, түрікке жолатпау, Шыңғысханды айдаладағы қауіп-қатері жоқ моңғол еліне теліп беру – арыдан ойлаған неткен зымияндық десеңші! Ал моңғолдар екі миллионға жаңа толды. Шыңысханнан бері тоғыз ғасыр өтті ғой. Шыңғысханның тұсында шағын ғана тайпа моңғолдар әлі ел санатына кірмеген. Қазір Шыңғысханның дайын даңқына ие болып отыр.

Сұрақ: - Ұлыбритания, Испания, Жапония елдерінде өздерінің билеуші әулетін әтуерлеп бөлек ұстайды ғой. Сол секілді бізде де төре тұқымын қайтадан жаңғыртып, номеналды түрде болса да ұстап тұру қажет деп ойлайсыз ба?
Қ. Жұмаділов: - Жоқ, мен олай ойламаймын. Өткенде біреулер хандықты қайта құру керек деп әңгіме қозғағаны рас. Бірақ қазір хандықтың да, төрелердің де заманы өтті ғой. Олар тарихта өз рөлдерін ойдағыдай атқарды. Ал қазір дүниеге демократия үстемдік етіп отыр. Демократия бізге де жат емес. Біз тумыстан демократияшыл елміз. Қазақтың дала демократиясы деген болды. Мен «Дарабоз» атты қос томды романымда, шамам келгенше, соны көрсетуге тырыстым. Қазіргі екі палатадан тұратын парламент Қазақ хандығы тұсында да болған. Абылай тұсында жоғарғы Хан кеңесі мен билер кеңесі қатар жұмыс істеді. Абылай билер кеңесін біраз шектеді. Жоғарғы Хан кеңесінде рубасылар, қолбасылар, батырлар шықты бірінші планға. Ал билер жер дауы, жесір дауы секілді ішкі мәселелерді қарады. Мысалы, Абылай өз атынан ешкімді өлім жазасына кеспеген. Кейін қырғыздарды шауып, ел ішіне кіргенде, әр манаптың үйінің қасында дар ағашы тұр дейді. Демек, манаптар өзіне жақпаған адамды сотсыз-ақ дарға аса беретін болған. Абылай осы дар ағаштарын жинатып алып өртеткен екен.

Сұрақ: – 15 ғасырға қайта шегінсек. Сол замандағы қазақ әдебиеті жайында айтып берсеңіз. Әдебиет қалай дамыды. Қазақ әдебиетінің басында кідер тұрды ?
Қ. Жұмаділов: - Ол жыраулар заманы еді ғой, ақындар кейін шықты. Жыраулар әрі батыр, әрі жырау болды. Қазақ хандығы алғаш құрылған кезде Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіздер қазақ хандығын қолдады. Өздерінің жырларында еркіндікті, бірлікті дәріптеді. Себебі, азаттыққа олар да мүдделі болатын. Бұрын көрінгеннің босағасында жүрген жыраулар рулардың бір жерде бас қосқанын қалады. Асан қайғының Әз Жәнібекке айтқан, Доспамбеттің Би Темірге айтқан сөздерінде негізінен өріс, қоңыс мәселесін қозғады. Асан қайғының қазақ хандығы үшін Жерұйықты іздеуі. Осының барлығы - иделогия. Бір кезде ноғайлы бөлек тұрды бізден. Еділдің бойы, Астрахань жақ. Олар Әз Жәнібектің тұсында емес, Хақназардың тұсында келіп қосылды. Сонда ноғайлылар өзінің жырауларымен, елімен, жұртымен келіп қосылды. Одан кейін Моғолстандағы қазақ рулары, Еділ – Жайықтағы Кіші жүз рулары қазақ халқының санын молайтты. Қасым ханның тұсында 200 мың әскер шығарады екен. Бұл - қазақтың әбден көркейген кезі. Совет заманында бізді Бұқар жыраудан ары аттап бастырмайтын. Одан әріге барсаң қазақ хандығы сөз болады, бүкіл түрік дүниесі еске алынады. Ал ол әңгіме орыстар үшін тиімсіз. Қайта құдай сақтап, «жылымықтың» кезінде, 60-шы жылдарда жыраулар поэзиясы жарыққа шығып, ол туралы Мұхтар Мағауин диссертация қорғады. Ол диссертацияға бірден докторлық атақ беруге лайық болса да, кандидаттық атақпен шектеді.

Сұрақ: – Қасым ханның дәуірін қалай суреттеуге болады.
Қ.Жұмаділов: - Керей мен Жәнібек – немерелес, Орысханның ұрпақтары. Екеуі келіп қазақ хандығын құрды. Керейдің жасы үлкен болғандықтан оны хан сайлады. Бірақ әскери қолбасылық Жәнібекке жүктелді. Жалпы, Шыңғысханнан келе жатқан бір үрдіс бар. Мұрагерлік тәртіп. Мысалы, хан өлген соң оның баласының хан болуы шарт емес. Билік немере інісіне немесе ағасының баласына, әйтеуір таланты, білімі, батырлығы асып тұрған басқа адамға ауысуы керек. Мысалы, Әбілмәмбет қайтыс болғанда, орнына өзінің ұлы Әбілпейісті қоймай, аталас ағайыны Абылайды сайлауы. Бұл – әсілі, Шыңғысханнан келе жатқан нәрсе. Кейбіреулер Әз Жәнібектен, кейін оның ұлы Қасым хан болды дейді, ал, шындығында, Әз Жәнібектен кейін Керейдің ұлы Бұрындық, Бұрындықтан кейін Қасым хан болды. Негізі, Бұрындық батыр кісі болғанымен ішкі, сыртқы мәселені шешуде, дипломатияға шорқақтау болыпты. Сол себепті Бұрындық орнынан түсіп, орнын Қасым ханға береді. Қасым хан әрі жауынгер, әрі дипломат, әрі өте ақылды, кемеңгер кісі болған. Ол кезде қалмақпен соғыс әлі бастала қоймаған. Ол көбінше Оңтүстіктегі өлкелерді, Сырдың бойын азат ету машақатымен жүрді. Және ноғайлыны бері тарту, мына жақта Қиуа, Қоқаны бар, Бұқара хандығымен тіресу. Олар баяғыда қазақ хандығынан бөлініп қалған руларға есе-теңдік бермей, Шайбани тұқымы қазаққа қайта шапқан кездері бар. Солардан қорғану, Сыр бойындағы қалаларды қайтарып алу, осының барлығы Қасым ханның тұсында жүзеге асқан. «Қасым салған қасқа жол» атты заңдар топтамасын шығарған. Қасымхан 1520-шы жылдары қайтыс болады. Осыдан кейін қазақ хандығы едәуір әлсіреді. Арада 2-3 жылдан билік құрған бірнеше хан өтті. Тек Хақназардың тұсында ғана қазақ хандығы қайта көтерілді.

Сұрақ: – Ал Есім ханның қандай ерекшелігі болды? «Есім ханның ескі жолы» деп неге айтады?
Қ. Жұмаділов: – Еңсегей бойлы, ер Есім. Тәуекел ханнан кейін шықты ғой. Еңсегей деп ұзын бойлы, алып тұлғалы адамды айтады. Ал «Есім ханның ескі жолы» дегені – бұдан кейін де заңдар болғанын білдіреді. Есім хан өте қатал адам болған. Жоңғар қалмақтарымен соғысты алғаш бастаған – сол. Жоңғарға соғыс ашып қана қоймай, олардың бір бөлігін бодандыққа түсірген. Есімнен бұрын, Тәуекелдің тұсында да ойраттардың бір бөлігі қазақ хандығына алман төлеп тұрған. Есімханның тұсында Ташкенге Бек қойған өзінің туысқаны Тұрсын хан бүлік шығарғанда, Ұлы хан Ташкенге жорық жасап, Тұрсын ханның басын алады. Бүлікке қатысқан Қатаған руы аяусыз жазаланып, бір бөлігі Қашқария жеріне ауып кетеді. Сөйтіп, Қатаған мен Шанышқылы рулары Есім ханның қаһарына ілігеді.

Сұрақ: – 17-ші ғасырдың орта тұсында қазақ даласына жоңғарлар келе бастапты. Жалпы, Қазақ-жоңғар соғысы туралы, Салқам Жәңгір тұсындағы «Орбұлақ шайқасы» туралы не айтасыз?
Қ. Жұмаділов: – Біз жоңғардан неге жеңілдік, неге Ақтабан шұбырындыға ұшырадық? Осы сұраққа жауап іздеп, кезінде «Дарабоз» атты қос томды роман жазғанмын. Былтыр керей ер Жәнібектің үш жүз жылдық тойына арналған ғылыми конференцияда сөз сөйледім.Онда да осы мәселе қамтылды. Шынында да, біздің қазақ жоңғардан неге жеңілді? Сан жағынан жоңғарлар қазақтың үштен біріндей ғана... Осы жеңілісті біздің тарихшылар әртүрлі түсіндіргісі келді. Біреулер айтады «жоңғар жорыққа шыққан уақыт көктем болатын, ат арық, мал төлдеп жатқан кез еді» деп. Екінші біреулер «қалмақтар соғыс жарияламастан, тұтқиылдан бас салыпты» дейді. Ал шынтуайтына келгенде, осының екеуі де себеп бол алмайды. Көктемгі көкөзек шақ қалмақ пен қазаққа бірдей... Екеуі бір белдеуде жатыр... Екеуі де алдындағы төрт түлікке, мал сүмесіне қараған ел. Қазақтың аты арық болғанда, қыс бойы жоңғардың атына біреулер сұлы беріп семіртіп қойып па? Сондықтан ол себеп бола алмайды. «Шабуыл аяқ астынан болыпты, біз білмей қалыппыз...» Бұл да хандарды ақтайтын сөз емес. Егер сенің ата жауың басып кіргелі тұрғанын білмесең, несіне хан болып отырсың?! Барлаушыларың қайда? Анығында, шетелге барлаушы жіберу Абылай тұсында ғана жүзеге асқан. Ақтабанның ащы сабағын Абылай ғана пайдаланды.

Әз Тәуке – сөз жоқ, ақылман хан болды. Ел ішін жақсы басқарды. Беделді билерді маңайына топтап, «Жеті жарғыны» жаздырды, заң шығарды. Өз заманында бұл - ілгері басу болды... Бірақ Әз Тәукенің де мүлт кеткен жері бар... Бұл өзімен аталас, бақталас сұлтандарды билікке жолатпау үшін, оларды әлсірету үшін, әр жүздің басына сұлтандарды қоймай, билерді қойды. Ұлы жүзге Төле биді, Орта жүзге Қазыбек биді, Кіші жүзге Әйтеке биді қойды. Демек, негізгі билік билердің қолында болды. Билер де ақылды адамдар, ел ішін жақсы біледі, бірақ ол кісілер жауынгер емес еді. Жаугершілік заманда елді батырлар, сұлтандар басқаруы керек еді. Ал, Әз Тәуке оларды бақталасым деп тауып, биліктен ығыстырды. Осы билер заманында қазақтың жауынгерлік рухы қатты төмендеп кетті. Осыны Жоңгар қонтайшысы Сыбан Рабдан біліп отырды. Және оның әскері де дайын болатын. Осының алдында ол Үрімжінің ары Баркөл деген жерде қытай әскерінің шабуылын күтіп отырған. Алайда, сол 1722-жылы қытай императоры Қанси өлді де, ел қара жамылып, жоңғарға шабамыз деп отырған жоспарын бір жылға тоқтатты. Ал коңтайшы дайын тұрған әскерді қазақ даласына жапты да жіберді. Оларға олжа керек еді. Қалың әскерді қамдау үшін ас керек, ат керек. Сөйтіп, бейқам жатқан қазақтың билері мен дарынсыз хандары қапыда қалғаны рас. Ол кезде Әз Тәуке өлген, оның орнына Қайып хан, Батыр сұлтандар таласып жатқан. Кіші жүзді Әбілқайыр, Ұлы жүзді Жолбарыс билеп тұрды. Нәтижеде қазақ жоңғардан оңбай жеңілді.

Сан жағынан өзімізден үш есе кем, кеше ғана Тәуекел ханға бодан болған қалмақтар бізден аямай өш алды сол жолы. Ол кезде қалың ел Сыр бойында, Арыс пен Шу алқабында қыстайтынды-ды. Сол жерде отырған қазақ руларын бірден басып қалды ғой. Әркім әр жаққа бас сауғалауға тура келді.
Тарих ғылымы ешкімнің бет-жүзіне қарамауы керек. Бәленшенің көңіліне келе ме, түгеншенің беделі түсіп қала ма... демеу керек. Тарихи шыңдық барлығынан биік тұруы керек. Жалпы жоңғарларға қатысты бізде қате көрсетіліп, қате тойланып жүрген жайлар аз емес. Мәселен, Батыр қоңтайшының Салқам Жәнгірге шабуыл жасайтын тұсы. Жаңа «Орбұлақ» деп қалдың. Негізінде Орбұлақта ешқандай шайқас болмаған. Шайқас қай жерде болған?.. Қырғыз шекарасында, Қарқарадан қырғызға асатын Санташ асуында. Өйткені Батыр қоңтайшы осының алдында Енесейдегі қырғыздарды көшіріп әкелген, үш мың түтін. Бала-шағасына мал бақтырып, еркегін әскерге алған. Енді Алатаудағы мына қырғызды алып кетуге келе жатты ғой. Аз емес, 50 мың әскермен. Иә, сол жылы қырғызды көшіріп әкетуі де мүмкін еді, егер қазақ хандығы араша түспесе. Арттағы қалың қол келгенше, Салқам Жәңгір Кегеннен қырғызға асып түсетін Санташ асуында отқарулы бес жүз мергенмен тосып тұрып, жоңғар әскерін көп шығынға ұшыратқан. Осы шайқасты кейбір жігіттер «біздің ауданда, Орбұлақта болған» дейді. Қарқара жайлауы олар үшін бөтен бе сонда? Орбұлақта қазылған окоптың орнын көрген-мыш. Жалпы қазақ пен қалмақ окоп қазып соғыспаған ғой. Бұл туралы дау болмауы керек. Атты әскерге қажеті – қылыш пен найза, садақ пен айбалта. Ал Орбұлақта қазылған ордың ізі бар көрінеді. Ол – окоп емес, ертеде аңдарды қамап ұстауға арналған аранның орны. Соны кейбіреулер қазылған окоп деп жұртты шатастырып жүр. Биылғы хандықтың 550 жылдығы кезінде осы сияқты қателіктерді түзетуіміз керек.

Сұрақ: – 18-ші ғасырдағы қазақтың ең ауыр жарасы – Ақтабан шұбырынды. Осы қасірет қазақтың қақ жарымын алып кетті дейді. Аягөз, Бұланты, Аңырақай шайқасы туралы не айтасыз?
Қ. Жұмаділов: – Бұлантыдан бастайық. Ақтабанның кезінде Абылай ханның өзі Үргеніштен бір-ақ шығыпты. Әкесі соғыста өлген соң, шешесімен ілесіп, ауған елмен бірге кете берген ғой. Ол кезде Абылай 12 жастағы бала. Артынан Ораз аталық іздеп барып, оны елге алып қайтады. Сөйтіп, Абылай ел басына төнген ауыр қайғыны сезініп өсті. Кейін жеңілістің себептерін шұқшия зерттегені сондықтан. Ораз аталықпен бірге алдымен оңтүстікке келеді. Бір жылға жуық Төле бидің түйесін бағады. Онда бүкіл оңтүстік өлкесі жоңғардың қол астында. Төле бидің бір кереметі, ол жоңғардың ұлы қонтайшысы Қалдан Серенмен тіл табысып, жоңғарға алман төлеп тұратын болып, халықты ешқайда бостырмай, елін де, жерін де сақтап қалды... Төле бидің Қалдан Серен атынан Тәшкен уалятына (1733-ші жылдан 1745-ші жылға дейін) 12 жыл Бек болатыны осы кез. Тарихты білмейтін біреулер «бұл - Төле биге күйе жаққандық» деп менімен әлі күнге дейін қырғи қабақ. Ол – Төле биге күйе жағу емес, қайта Төле бидің ұлылығын ашу ғой. Жаугершілің кезінде, өз елін ешқайда бостырмай, жан-жаққа бытыратпай ұстап тұру - оңай шаруа емес.

Иә, алғашқы теке-тірес Бұлантыда болды. Ол қазақтың біршама ес жинап, Әбілқайыр, Барақ секілді сұлтандар атқа мінген кез. Сосын халықтан шыққан Қабанбай, Бөгенбай, Тайлақ, Саңырақ сияқты батырлар бас құрап, Бұланты бойында алғаш рет жаудың бетін қайтарады. Жоңғардың барлық әскерін емес, әрине, сол жаққа барып қалған бір бөлім жасағын тойтарады. Осы жеңіс қазақтың рухын көтерді. Тегінде, біз жоңғардың басып алған жерлерін жақсы білуіміз керек. Қазір жұртта сол туралы жөнді түсінік жоқ. Жоңғарлар бүкіл Шығыс Қазақстан облысын, бұрынғы Талдықорған облысын, Алматы облысын, Жамбыл облысын, Шымкент облысын, Түркістанымен қоса, отыз жыл бойы басып жатты. Бір жыл емес, 5 жыл емес, 30 жыл. Сонда Орта жүз жағы, оның ішінде наймандар Алтай, Тарбағатайды тастап, Арқаға ауып кетті. Алтай мен Тарбағатайдың қалай иен қалғаны жөнінде Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында нақты айтылған. Жау қолында қалған жерлерді білу,сол кездегі хандар мен батырлардың еңбегін бағалау үшін керек. Мәселен, оқулықтарда 1941-ші жылы немістердің басып алған жерлерін қара бояулы стрелкамен көрсетіп қоямыз ғой. Сол секілді жоңғардың да басып алған жерлерін оқулықтарда белгілеп қойсақ артық емес.

Алакөл мен Аңырақай шайқасы жөнінде де қате түсінік бар. Біз Аңырақай деген жерде қалмақты аңыратып тұрып жеңіппіз. Қалмақтар жылап, еңіреп, құрып кете жаздапты. Бұл – бекер сөз. Ол кезде басып алған жерлерінен қалмақ әлі қайтқан жоқ болатын. Аңырақайда, сосын Алакөлде шайқас болғаны рас. Осы екі соғыс бір жылда, біреуі көктемде, екіншісі күзде болды. Алакөлдегі шайқас Абылайдың 20 жасында Шаржды жеңіп, алғаш көзге түскен кезі. Ал Аңырақай, Еңірекей – қалмақты аңыратқан, еңіреткен жер емес, қазақ жерінің ежелгі аты. Екі сайдың аузында жел аңырап тұрған жерді қазақ аңырақай дейді. Ал, еңіске қарай екпіндей аққан судың аңғарын Еңірекей деген. Осы жерлерде соғыс болғаны рас. 1730-шы жылдары текетіреске жарағанымыз, біз осы жерге қалдырып кеткен жоңғардың гарнизондарымен соғыстық, негізгі әскерімен емес. Ал жоңғардың негізгі әскері Баркөлде қытаймен соғысып жатты. Қалдан Сереннің өзі де сол жақта жүрді. Сол кезде осында қалдырылған жасақтарымен айқасып, жеңіп жүрдік. Ал түбегейлі қазақ жерін жоңғардан тазарту жорығы 1750-ші жылдары басталды. Өйткені 1741-1743-ші жылдары Абылай жоңғар ордасында тұтқында болды. Аз әскерімен қоршауда қалып, шарасыз қолға түскен. Қасында уақ Өтеген батыр бар. Ал тұтқыннан оны кім босатты? Бірнеше рет қазақтан делегация барды. Олардың арасында Өтеген батырдың туысы Ақшора би бар. Бірақ бұл кезде Абылай мен Қалдан Сереннің арасы жақындасып қалған. Екеуі талай мәселе төңірегінде әңгімелеседі. Болашақта қазаққа ие болатын кісі Абылай екенін түсінеді Қалдан Серен. Содан Абылайға жақын туысының қызын (Кенесарының әжесі, Қасым төренің шешесі) беріп, жасау жабдығымен, көп олжаменен қайтарады. Демек, Абылай бұл жолы өзін өзі құтқарады. Өзінің білгірлігімен, данышпандығымен.

Тарихшылар арасында тағы бір қате пікір бар. Жоңғардың соңғы ханы Әмірсана Абылайдың некесіз туған баласы дейтіндер де бар. Абылай тұтқында жүргенде Ханшамен ойнап қойыпты-мыс. Біздің театрлардың бірі сол пьесаны ойнап та шықты. Бұл да бекер сөз. Өйткені Әмірсана мен Абылайдың арасы он-ақ жас. Абылай 1711-ші жылы туса, Әмірсана 1722-ші жылы туған. Анығы, Абылай тұтқында болғанда, Қалдан Сереннің жиені, тақ мұрагерлерінің бірі Әмірсана онымен достасады. Қалдан Серен ол екеуін бүкіл жамағаттың алдында «анда» етеді. Екеуінің білектерін қылышпенен тіліп, қанын араластырады. «Екеуің анда болыңдар, дос болыңдар. Кім біледі, алда қазақ пен қалмақты не күтіп тұрғанын. Не жағдай болса да, бір-біріңді тастамаңдар» деп, екеуіне серт байлатады. Кейін Әмірсана қазақ жеріне қашып келгенде, Абылайдың оған пана болатыны содан. Біз осы тектес теріс-қағыс мәліметтерден арылуымыз керек. Абылай қалмақтың тілін білді, дәстүрін білді. Қалмақтар бізді қалай жеңіп жүргенін зерттеді. Бар мәселе әскерде екенін ұқты. Үйбасы бір жауынгер шығаратын Жоңғар деген ел - көшіп жүрген әскер екен. Олар біз секілді жау келгенде ғана аттандап, ұран салмайды екен. Олар қажетті уақытта, белгіленген жерге бір мезетте, ту түбіне жиналуға дағдыланған. Осының барлығын Абылай тұтқында жүргенде үйреніп қайтады. Ал қытай жақтан шабуыл болғанда, Әмірсананың Абылайды паналайтыны – сол аңдалық сертке сенгендіктен. Ол уақытта Абылай тыңшылары арқылы қытайлардың алпыс мың әскермен жоңғарларды біржола жойып жіберуге дайындалып жатқанын біледі де, 1754-ші жылы, Қытай шабуылынан бір жыл бұрын, шешуші жорыққа шығып, қазақ жерін жоңғардан тазартып үлгереді. Ал егер жоңғарлар бұрынғы басып алған өлкеде тұра беретін болса, қытайдың қалың әскері қазақ жерін қоса жұтып жіберетіні анық еді. Қытайлар ұлы жорыққа 1755-ші жылы аттанған болатын. Ал, Абылай 1752-жылы Сыр бойын, 1753-ші жылы бүкіл Жетісуды, 1754-ші жылы Алтай мен Тарбағатайды жоңғардан тазартып үлгереді. Соңғысы – Қабанбай, Бөгенбай жорықтары. Азаттықтан кейін Абылай мынадай жарлық шығарған. Азат етілген жерлерге қолма-қол қоныстану керек. Өйткені ол жерлерде сенің қалаң жоқ, қамалың жоқ. Шекарадағы жерлерді бос қалдыруға болмайды.

Қытай жағы мәмілеге оңай келе салған жоқ. 1756-шы жылы, Әмірсананы ұстаймыз деген сылтаумен, қытайдың 40 мың әскері екі тараптан келіп, қазақ жеріне басып кірді. Дардана және Хадахи деген екі қолбасшының бірі Ілені жағалап, екіншісі Жоңғар қақпасыменен өтті. Отқарулы әскермен бетпе бет соғысу мүмкін болмағандықтан, қазақ әскері мындай айлаға көшеді. Қытайдың екі әскері Балқашта түйісіп, Арқаға қарай бет алғанда, Абылай Әмірсананы ертіп алып, оларды Бетпақ далаға бастайды. Ара тұра Әмірсананы бір көрсетіп қойып, қытай әскерін соңдарынан ертіп, әбден шаршатады. Шөлге ұрындырды, мініс аттарын қуып кетіп, жаяу қалдырды. Әбден әлсіреген, ашыққан қытай әскері бітім сұрауға мәжбүр болады. Ақырында мамыр айында келген әскер қыркүйектің аяғында қақ жарымынан айырылып, елдеріне қайтады. Қалған 20 мыңдай әскер бір-біріне міңгесіп-ұшқасып, қазан айында Құлжаға әрең жеткен екен. Келесі 1757-ші жылы басқа әскер келеді. Жаухой және Фуде деген генералдардың бастауында. Олар енді Абылаймен бітімге келуге тырысады. Келесі жылы Аягөз бойындағы «Мамырсу келісімі» осылай жасалды. Қытайдың қалың әскері Қаратал бойында қалған. Ал генералдар Мамырсуда келісімге келеді де, Абылайды қолбасы батырларымен бірге қонаққа шақырады. Абылай серіктестерімен Қаратал бойындағы қытай шатырларына барып, құрметті қонақ болады.
1757-ші жылы күзде Абылай Бейжіңге бірінші рет елші жіберді. Сол елшілік көп жұмыс атқарды. Келісім бойынша, қытай жағы Шәуешек, Құлжа және Үрімжі қаласында қазақ үшін базар ашатын болды. Оларға мал керек, жылқы керек, ал бізге жібек керек, дайын тауар керек дегендей... Сол уақытта

Абылай қытайға қонысы жақын қолбасы Қабанбайға (онда Қабанбай Барлық тауын жайлап отырған) алғашқылардың бірі болып Үрімжі базарында сауда жасауды тапсырады. Қытай жылнамасында «1758 жылы 19-шы қыркүйекте Үрімжіге келген қазақтың Қабанбай батыры өз атынан 300 жылқы өткізіп, сауда жасап қайтты» деп көрсетілген. Осыдан кейін екі ел арасында сауда-саттық қыза түседі.

Терең мағыналы әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен – Мақсат Әділханов.
«Жас Алаш». 3-қыркүйек, 2015 ж.