Мақалалар

Аруақпен алыспа – Киесі атады

Газетіміздің өткен жылғы №47-48 санында (24.12.2008 ж.) тарих ғылымының кандидаттары Бейбіт Қойшыбаев пен Самат Өтениязовтың «Нағыз Аблайды білеміз бе?» деген мақаласы жарық көрген еді. Материал басылым бетінде жарияланысымен, редакцияға Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш аға Жұмаділов хабарласты. Мақала туралы айтар ақиқатым бар еді деген қаламгер: «Біз бүгін Абылайды жоққа шығарсақ, ертең Әл-Фараби мен Абайға да ауыз салатын шығармыз», - деп, қатты ашуға мінгендей көрінді. Төменде Б.Қойшыбаев пен С.Өтениязов жазған мақаланың бұрыстығын дәлелдеген Қабдеш ағаның әңгімесін оқыңыздар.

Басқа басылымдарға қарағанда, шындық пен ақиқаттың ауылына жақын «Тасжарған» газетінде Абы­лайды жоққа шығарған материалды оқығанымда жағамды ұстадым. Іштей болса да, өзім сүйіп оқитын газет ұжымына ренжідім. Себебі, қазақ тарихында бұрмалауға, дәлелдеп әуре болуға келмейтін үш тұлға бар. Олар - Әл-Фараби, Абылай хан және Абай.

Мақала – қасақана тарихты бұрмалаған сыңаржақ дүние. Олай дейтін себебім, мен 18 ғасырды, сол Абылай, Қабанбай заманын бір кісідей зерттеген, «Дарабоз» романын жазу үшін қытайдың, орыстың архивін ақтарған адаммын. Сондықтан Абылайға қатысты тарихты айна-қатесіз баяндай аламын. Енді мына мақала авторлары Қойшыбаев пен Өтениязовқа келер болсақ, Бейбіттің әдебиет тақырыбында жазатынынан хабарым бар, бірақ тарихи дүниеге араласқанын көргенім осы екен. Ал Самат тарихшы бола тұрып, өтірікке қалай қалам тартқанына таңғалдым. Екеуі де кемеліне келген нағыз тарихшы-ғалым емес, әлі кандидаттар екенін осы мақалалары дәлелдеп тұр. Олардың мақала жазар алдында көңілдері мен жүректері таза болмаған ба, әлде ойларында бір бөтен мақсат болған ба деп ойлаймын. Себебі, қазақ тарихындағы басы ашық, талқылауға жатпайтын, бағасы берілген тұлғалардың бірегейі осы Абылай хан емес пе. Мүмкін, олар Абылайды тұқырту арқылы 18 ғасырға басқа бір басты тұлға таппақ шығар?

Біз кеңестік кезеңде 70 жыл бойы Әбілхайыр ханды көкке көтеріп, соны ғана дәріптеп келдік. Өйткені ол – тұңғыш рет орысқа бодан болам деп қолынан хат берген адам. Ал тәуелсіздіктен кейін бодан болуға келісім бергендер емес, тәуелсіздікке ұмтылған батырлар мен хандар туралы зерттеулер, романдар жазыла бастады. Соның қатарында Абылайдың қасында жүрген Кабанбай батырды суреттеген менің қос томдық «Дарабоз» романым, тағы басқа да жазушылардың тарихи-танымдық дүниелері көптеп жарық көрді. Бұл – тәуелсіздіктің тарих ал­дындағы шынайы жемісінің бір парасы.

Енді негізгі жайға оралсақ, Абылайды жоққа шығару – тарихқа ғана емес, қазақ ұлтына қиянат жасағандық. Тарихшы-кандидаттардың мақаласынан рушылдық, жершілдіктің лебі еседі. Хандар мен батырларды «біздің ауылдың ханы» немесе «біздің әулеттің ханы» деп бөледі.

Алдымен хандардың кім екенін анықтап алайықшы. Тарихтағы хандардың бәрі – Шыңғыс ұрпақтары, яғни Төре тұқымдары. Бәрі де Әз Жәнібектен тарайды. Сол Абылай мен Әбілхайырдың өзі 5-6 атадан қосылады. Яғни біреуі – Жәнібектің ұлы Жәдіктен, біреуі тоқалдан туған Өсекеден. Сол 18 ғасырдың өзінде бүгінгі тілмен айтсақ, екі партия болды. Айталық, олар: Бостандық партиясы мен Бодандық партиясы. Бодандық партиясының басында Әбілхайыр хан тұрды. Оны қостағандар – маңайындағы ру басылары мен орта жүзден шыққан Шақшақ Жәнібек қатарлы біраз батырлар. Бұл жағдай 1731 жылғы Әбілхайыр хатынан кейін қалыптасты. Ал бостандық партиясының басында Абылай хан тұрды. Оның қасында Қаракерей Кабанбай, Барақ сұлтан және қанжығалы Бөгенбай, т.б батырлар жүрді.

Қос кандидат көзді бақырайтып қойып, Абылайдың хандық құрған жылдарын бұрмалаған. Олар дүйім қазаққа белгілі Абы­лай ханды 9 жыл (1771-1780) ғана ел биледі деп жазыпты. Шындыққа жүгінер болсақ, 1730 жылы Болат хан өлген соң, оның орнына үш жүзге ұлы хан сайлау рәсімі өтті. Оған кандидаттыққа Тәуке ханның ұлы Сәмеке (Болаттың інісі), Болаттың баласы Әбілмәмбет және кіші жүз ханы Әбілхайыр түседі. Билер кеңесінің нәтижесінде Әбілмәмбет хан сайланып, 1770 жылға дейін 40 жыл тақта отырды. Әбілмәмбет хан болып тұрған кезде, 1731 жылғы «Аңырақай-Алакөл» шайқасында Абылай батырлығымен көзге түседі. Сөйтіп Әбілмәмбетпен танысады. Ұлы хан оның ерлігін бағалап, оны 21 жасында-ақ Атығай-Қарауылға сұлтан етіп тағайындайды. 1735 жылы орта жүздің ханы Сәмеке қайтыс болып, оның тағына Абылай отырады. Ол кезде Абылай небары 25 жаста еді. Бұқар жыраудың:

«Жиырма беске келгенде,

Алтын тұғыр үстінде

Ақсұңқар құстай түледің», –

дейтін өлең жолдары – соның дәлелі. Сөйтіп, ол 1735 жылдан 1770 жылға дейін тура 35 жыл орта жүздің ханы болады. Бірақ орыстар оны қасақана хан ретінде танымай, үнемі Абылайды сұлтан деп атады. Себебі, орыстар Абылайдың хан атануы үшін, өздеріне келіп бекіттіруі керек деп білді. Оған Абылай барған да, құжатқа мөр бастырған да жоқ.

Бірақ бүкіл қазақ Абылайды орта жүздің ханы деп білді. 1770 жылы Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін, үш жүз Абылайды ақ киізге отырғызып, ұлы хан сайлады. Бұл – тарихта басы ашылған Абылайдың 1771-1780 жылдар аралығындағы үш жүзге ұлы хан болған мезгілі. Мақала авторлары осы мезгілді ұстанады да, Абылайдың одан бұрынғы орта жүзге хан болған жылдарын мүлде жоққа шығарады. Олар бар фактілерді бұрмалап, Абылайды кішірейтіп, елеусіз біреу етіп көрсеткілері келген сияқты.

Кандидат-тарихшылар мақалаларының тағы бір жерінде: «Абылай жоңғарларға қарсы күресіп үлгерген жоқ. Себебі, ол хан болған кезде, жоңғардың тұқымы құрып кеткен», - дейді. Бұдан өткен сорақылық бола ма? Олай дейтін себебіміз, 18 ғасыр тарихы, ұлы Абылай заманы «Дарабозда» толық жазылған. Сондай-ақ, жоңғарларға қарсы күресті мен онда қазақ тарихындағы «Ұлы отан соғысы» деп атағам. Жоңғарға қарсы соңғы аттаныс ең алдымен 1752 жылы оңтүстік өңірден басталып, одан Жетісу жеріне, одан Алакөл, Барқытбел, Тарбағатай, Алтай бағытына қарай ойысады. Абылай, Қабанбай, Бөгенбай бастаған қазақ әскерлері әр бағытта қатар ұрыс салу нәтижесінде 1754 жылы бүкіл қазақ жері жоңғарлардан біржола азат болады. Міне, осындай көзге көрініп тұрған, тайға таңба басқандай ақиқатты білмей бұрмаласа, оның қас надандығы, ал біліп тұрып жазса – харамдығы. Әйтеуір, екеуі де жақсылық емес.

Кандидат-тарихшылар Абылай ханның дипломаттығына шек келтіріп, біресе Ресейге, біресе Қытайға жалтақтады депті. Бір жағында айдаһардай ысқырған Кытайға, енді бір жағында аюдай ақырған орысқа жағып, тіл тауып өмір кешу оңай ма екен? Орыс үкіметімен қатынасы, Қытай империясымен шекаралық келісім-шарттарының бәрі сол Абылай заманында жасалды емес пе?! Абылайдың тағы бір саясаты – жоңғар хандығын біржола құрып кетуден сақтауға тырысқандығы. Өйткені Қытай сияқты алып елмен бетпе-бет келгісі келмеген қазақ ханы екі ел арасына жауынгер жоңғарларды қалқан етіп ұстағысы келген.

Абылайдың дипломанттығының тағы бір жемісі жоңғарлармен қатынасында көрінеді. 1741-1743 жылдары Абылай Қалдан-Сереннің қолында тұтқында болады. Тұтқыннан ешкімнің көмегінсіз өз еңбегімен босанады. Оның дипломанттығының кереметі сол, еліне қайтар кезінде Қалдан-Сереннің ұйғаруы бойынша Әмірсанамен анда (дос) болады. Тұтқын болып барған Абылай Қалдан-Сереннің жақын туысының Топыш атты қызын алып, еліне артынып-тартынып мол олжамен қайтады. Топыш – та­рихтағы Кенесарының әжесі, Қасым сұлтанның шешесі. Міне, осының бәрі – тарихи ақиқаттар. Мұны жоңғарға сатылды, Қытайға бағынды деуге бола ма? Тарихи дүниеге қалам тартқанда, жан-жақты талдау жасаған жөн. Олай болмаса, тарих алдында, ұлт алдында қиянатқа барамыз. Қытайлар 1756 жылы Әмірсананы қуып келгенде, Абылай Қытайдың төрт түмен әскерімен неге айқасты? Бұл, біреулер жазып жүргендей, Әмірсана Абылайдың ойнастан туған баласы болғандықтан емес (асылы, Абылай Әмірсанадан он-ақ жас үлкен), сол баяғы андалыққа, шығыс дәстүріне адалдығы. Соғыстағы жеңіс нәтижесінде 1757 жылы Қытай мен қазақ елі арасында «Мамыр-су келісімі» жасалады. Қысқасы, осы жағдайлардың бәрі – Абылайдың дипломатиялық қызметінің жемісі емей, немене? Қойшыбаев пен Өтениязов осы сияқты дәлелденген, жан-жақты зерттелген дүниелердің біреуімен санаспай, өздерінше соға берген. Көбіне олар орыс архивіне сүйеніпті. Орыстар өзіне бағынбаған Абылайды қай оңдырып жазды дейсің? Орыстан алған баға Абылай үшін де, қазақ ұлты үшін де бедел емес екенін екі автордың түсінбегеніне таңым бар!

Бұрын кеңестік кезеңде 18 ғасырдағы басты оқиға – Қазақстанның Ресейге қосылуы, басты тұлға – нұрлы болашаққа жол ашқан Әбілхайыр делінді. Ал шындыққа келер болсақ, басты оқиға – жоңғарға қарсы азаттық соғыс, басты тұлға – барлық соғысты бастан өткерген, жүргізген Абылай хан. Біз мұны тәуелсіздіктен кейін ғана айта алдық.

Абылайды жоққа шығаруға ұмтылған авторлар: «Абылайды арғындар қуып жіберген», - дейді шімірікпей. Тарихта сондай бір керістің болғаны рас, олар соның өңін айналдырып, өз мақсаттарына жаратпақ болады. 1750 жылдары Абылай орта жүзге хан болып отырған кезде, қаракесектер мен Абы­лай арасында кейбір қайшылықтар туады. Бекболат пен Қазыбек Омбыға Абылайдың үстінен донос-арыз жазып, жөнелтіп отырған. Бекболат пен Қазыбектің атынан жазылған сол арыздар өткенде Омбының мұрағатынан табылды. Хатта Абылайға Қытайдан қандай елшілер келді, жоңғарлар мен Абылай ара­сында қандай байланыс бар деген сияқты мәліметтер айтылған. Сол үшін әкелі-балалы билер қымбат бағалы аң терілері, пұл, шай, тағы басқа сыйлықтар алып отырған. Мұның бәрі – мұрағатта бар дүниелер. Бекболат пен Қазыбектің құпия хатын тасушы Ботақан және Жанай деген екі адам бір жолы Абылайға ұсталып қалады. Оларды Абылай зынданға салыпты. Үш-төрт күннен кейін зынданнан шығыңдар десе, Жанай қарсылықсыз шығады да, Ботақан долы жігіт екен: «Көрге түскен кісі тірі шықпайды», - деп, өз қарнын өзі есіп жіберіпті. Оның мақсаты дау тудыру, Абылайдың абыройын төмендету болса керек. Сонымен бес мыңдай қолмен арғындар Абылай ордасын шаппақ болады. Олардың келе жатқанынан хабар алған хан ел іші лаң болмасын деп, істі билерге аманаттап, ақыры, екі жақ мәмілеге келеді. Абы­лай Ботақанға құн төлейді. Абылайды тұқыртқысы келген авторлар соны әжептәуір сөз етіпті. Ал Абылайдың оңтүстікке қоныс аударуы арғындардың қудалағанынан емес, бұл – Ботақан дауынан ширек ғасыр кейін болған оқиға.

Абылайдың оңтүстікке барған себебі – шығыста жоңғарлармен алысып жүргенде, оңтүстік алаң ашық қалған. Бір жағында Қоқан қоқаңдап, енді бір жағында Бұхар бұқадай сүзгелі мүйізін тосып, бір қапталында қырғыздар қылқыңдап тұрған. Міне, осындай қысылтаяң кезде Абылай ордасын Көкшетаудан Түркістанға көшіреді. Қырғызды, құраманы (қырық рудан құралғандар), қарақалпақты өзіне бағындырып, Алты алаштың басын қоспақ болады.

Абылай елді дала демократиясы бойынша әділ басқарған. Қырғыздарға шабуыл кезінде әр манаптың үйінің артында тұрған дар ағаштарын бір жерге жиғызып, өртеп жіберіпті.

Бүгінгі басқару формасы – парламенттегі мәжіліс пен сенат Абылай заманында да болды десек, қателеспейміз. Ол хан кеңесі және билер кеңесі деп аталған. Хан кеңесіне барлық билер, батырлар қатысып, бүкіл сыртқы қарым-қатынасты, соғыс пен аттанысты шешетін болған. Ал билер кеңесінде ел ішіндегі жер дауы, жесір дауы, тағы бас­ка мәселелер біржақты етілген.

Әбілмәмбет хан көзі тірісінде Абылайға бірнеше рет өз тағына отыруды ұсынған. Бұл ұсыныс Абылай 1743 жылы жоңғардан тұтқыннан босап қайтқан кезінде тағы қайталанған. Бірақ оған Абылай көнбеген. Бұдан Абылайдың адамгершілігі, адалдығы көрінеді.

Менің ойымша, мақала авторларының мақсаты – жалғыз Абылайды ғана жығу емес, сол кезде хан төңірегінде жүрген басқа да батыр-билерді жоққа шығару, сол арқылы біраз зерттеуші, жазушылардың еңбегін зая кетіру сияқты. Олар бекер-ақ арамтер болған. Бұл күнде халықтың санасы оянды ғой. Қазақ ұлты, оның зиялы қауымы Абылайдай ардағын ешқашан қиянатқа бермейді. Біз оларға: «Аруақпен алыспа – киесі атады», - демекпіз.

Жазып алған Жұқамыр ШӨКЕ, «