Skip to main content
+7 702 947 5837 kabdesh.zhumadilov.kz@mail.ru

Мақалалар

2050 жыл дегенде, тасбақа туралы анекдот еске түседі...


Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына сегіз жыл толуына арналған жиналыста сөйленген сөз

Алтынбектің арамыздан кеткеніне сегіз жыл болды. Оның орны толмай үңірейіп тұр. Алтынбектің қазасынан соң, елдегі оппозиция, демократиялық күштер әлсіреп қалды.

Алтынбекті билік неге өлтірді? Қорыққанынан! Қазақта: «Қорқақ – кісі өлтіреді» деген сөз бар. Ісі шикі, арты, ары таза емес адам – қорқақ болар. Биліктің айналасындағылар: «Інімізге су құйылмаса неғылсын!» деп қорықты. Әсіресе Алтынбек көзі тірісінде билікке қатысты, саяси жүйеге қатысты жазған үш-төрт мықты-мықты мақаласы оларды қатты үркітті. Алтынбектің билікке қатысты айтқан темірдей логикасы зәрелерін алды.

Бірақ ақыл-ой түбінде жеңеді. Қазір қоғам бір адамның билігі, бір сот, бір үкім жағдайында өмір сүріп жатыр. Бүгінгі билікті барынша әшкерелеу керек, жаза беру керек. Жазғанда, қолқа-жүректен ұстап тұрып жазу керек!

Мен мынау «2050» бағдарламасы, «Мәңгілік ел» дегенді түсінбедім. Осындай кезде Алтынбек бізге керек-ақ еді! Ол бізге «2050» дегеннің, «Мәңгілік ел» дегеннің астарында, артында не тұрғанын түсіндіріп берген болар еді.

Мен өз басым қазақ елінің мәңгі болуына қарсы емеспін. Бірақ мұндай атау күмән тудырады. Қазақ бір қырдың астында бір ауыл болып түтін түтетіп отыратындарды да «ел» деп атайды. Ал біз кешегі Кеңес кезінің өзінде «Қазақ Республикасы» атандық емес пе?

Ал мәңгілік ел болу керек болса, билік неге шеттен келетін қандастарымыздың құқын шектеп отыр? Біз неге бір кезде отарлаушы болған елдің қолтығына Кедендік одақ арқылы қайтадан кіріп отырмыз? Ал Еуразиялық Одақ дегеніңіз де – сол кешегі Ресей сияқты империя, атауы басқа демесеңіз...

Егер қазақ шын мәнінде мәңгі болғысы келсе, кеше ғана өзін езген, қорлаған елден іргесін аулақ салуы керек. Күні кеше ғана біз оның қанды азуынан аман-есен шықтық емес пе?!

Шығыс дегенде, мына Қытай көсемдіктен, диктаторлықтан әбден ығыр болған мемлекет. Сол Қытай аштан қырылғалы тұрғанда, Қытай халқын бұл нәубаттан, 10 жылдың ішінде қиындықтан алып шыққан басшы Дин Саупин деген ұлы реформатор. Жалпы, көсемдіктен ел көгермейді. Бір кезде «Көсем бастаған ел көгермейді» деп мақала да жазған едім. Қазір Қытай да мұны түсінген: бүгін олардың билігінде 10 жылдан артық ешкім отырмайды. Данышпан екенің рас болса, 10 жылдың ішінде-ақ халықтың жағдайын жақсартуға болады.

Жоспар деген 40-50 жыл емес, атқарылатын қызметтің мүмкіндігіне қарай 5-10 жылға жасалуы керек! 2050 жылы Назарбаев 110 жасқа келеді екен! Жүзге келсін, жүзден ассын, қарсы емеспін. Бірақ мен жүзден асқан адамның халық алдында есеп беріп тұрған қалпын көз алдыма елестете алмаймын. Содан кейін, халықтың бүгінгі хал-ахуалы кезінде – елу жыл емес, жақын арадағы бір жылда жағдай қалай болады деген сұрақ аса маңызды.

Осы жерде тасбақа туралы анекдот еске түседі. Бір адам тасбақа көтеріп келе жатса, танысы алдынан шығып, «Мынауың не?» – деп сұрайды ғой. Сонда әлгі адам: «Тасбақа 300 жыл жасайды дейді, соны көрейінші деп әкетіп бара жатырмын», – депті...

«Дат» газеті 2014 ж. 13-ақпан.